Сот шешпейді!

345
көрілім

Алдағы уақытта жол ережесін бұзу бойынша салынған айыппұлдар әкімшілік сотқа жетпей шешілуі мүмкін. Бұл жөнінде Өскемен қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында өткен баспасөз мәслихаты барысында айтылды.

- Әкімшілік соттан бірқатар қаралатын істерді алып тастау жөніндегі мәселе 2010 жылдан бері айтылып келеді, - дейді сот төрағасы Сайран Ибраев. - Жақында өткен Жоғарғы соттың бейнеконференциясында да осы мәселе қаралды. Сәтін салса, келесі жылдан бастап сот құзырында қамауға алу, ел аумағында заңсыз жүрген шетелдіктерді ел аумағынан шығару, дүние-мүлікті тәркілеу, мемлекеттік органдар мен жеке тұлғалар арасындағы дауға қатысты істерді қарау ғана қалады. Ал басқа салалар бойынша хаттама толтырылған істер кері қайтарылып беріледі. Жол-патрульдік полициясы, санитарлық эпидемиологиялық қызмет, салық комитеті хаттамаларын өздері қарап, шешімді дербес қабылдайтын болады.

Дегенмен, заң жобасы әзірге дайындалу үстінде. Сот төрағасының айтуынша, құжат әлі халық қалаулыларының қарауына жетпесе де алған беті жаман емес көрінеді. Алайда кейбір даулы мәселелер сот назарынан тыс қалмайтын көрінеді. Мысалы, салынған айыппұлмен келіспеген азаматтардың заң бойынша сотқа шағымдануға деген құқықтары алынбайды.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ