Сотталғандарға көмек

287
көрілім

ШҚО Прокуратурасында пробация саласында заңдылықты сақтау мәселесі бойынша жұмыс тобының ведомствоаралық отырысы өтті.

Облыстың пробация қызметінің есебіндегі тұлғалардың саны жылдан жылға ұлғайып, соңғы екі жыл ішінде олардың саны екі есеге өскен. Мысалы 2016 жылы есепте 3 813 сотталған тұрса, 2018 жылы 6 мыңнан астам тұлға есепке алыныпты. Олардың барлығына заң тұрғысында, әлеуметтік, медициналық, психологиялық көмек көрсетіліп, құқық орнату құжаттарын алуына, жеңілдіктер мен жәрдемақыларды, білім алуына нақты жәрдем берілді.

– Әкімдіктер сотталғандарды жұмысқа орналастыруда белсенді көмек көрсетеді. Жылдың қорытындылары бойынша 103 тұлға облыстың кәсіпорындарында бөлінген квотаға сәйкес жұмысқа қабылданды. Тағы 72 тұлға «Еңбек-Өскемен» РМК кәсіпорнына орналастырылды, – деп хабарлады Қадағалау органының баспасөз қызметі.

Кәсіпкерлер палатасының көмегімен 20 сотталған «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздері бойынша білім алып, тиісті сертификаттарға ие болған. Риддер қаласында және Ұлан ауданында 3 сотталғанның әрбіреуі 200 мың теңгелік тегін грант иеленіп, өздерінің жеке кәсіптерін ашты.

Бірлескен күштермен пробация қызметінің есебіндегі тұлғалардың арасында қайталама қылмыс жасауының төмендеуіне қол жеткізілді. Атап айтқанда, бұл көрсеткіш 2017 жылы 195-тен өткен жылы 184-ке дейін азайған.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ