Суға кеткендер саны аз емес...

299
көрілім

ШҚО-да 2018 жылғы шомылу маусымында 36 адам суға кеткен

Биылғы суға түсу маусымында Шығыс Қазақстан облысында 36 адам суға кеткен. Осындай қайғылы оқиғалардың негізгі себебі - жабдықталмаған жерлерде шомылу болып отыр. Таяуда ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары баспасөз брифингін өткізіп, 2018 жылғы шомылу маусымын қорытындылады.

Жайдары жаз кетіп, қоңыр салқын күрең күз де келіп жетті. Айнала сарғайып, күн райы суыта бастағанда өзен-көлдерді жағалайтын адамдар саны күрт азаяды. Биылғы суға түсу маусымы әдеттегідей маусым айында басталып, тамыздың аяғында аяқталды. Жуықта Шығыс Қазақстан облыстық Аймақтық коммуникация қызметінде ұйымдастырылған баспасөз конференциясында облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің, Шығыс өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағы мен Өскемен қаласы ТЖБ мамандары мен құтқарушылары бас қосты. Шара барысында сөз алған спикерлер 2018 жылғы суға түсу маусымындағы тұрғындардың мерт болу себептерін, шомылуға тыйым салынған орындар, жағажайларды жабдықтаудағы талаптар мен ережелер, демалушыларға жаз кезінде өткізілген акциялар туралы баяндады. Сонымен қатар «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексіне сәйкес әкімшілік жазаға тартылғандар мен су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі түйткілді мәселелер туралы да сөз қозғалды.

-Биылғы шомылу маусымында 36 адам суға кеткен. Оның жетеуі – бала. Адамдардың тілсіз жаудан мерт болуының бірнеше себептері бар. Атап айтқанда, жабдықталмаған жерлерде шомылу, ішімдік ішіп суға түсу, жүзе алмау - 23 адам (64%), балық аулау барысында жүзу құралдарын пайдалану ережелерін бұзу - 7 адам (19%), балаларды қараусыз қалдыру - 6 адам ( 17%). Бұл айтылған оқиғалардың барлығы заңға сәйкес жабдықталмаған су қоймаларында орын алған. Құтқарушылар суға кеткен 25 адамның мәйітін тапты (барлық батқандардың 69%-ы), - дейді Шығыс өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағының бас құтқарушысы Анатолий Рожков.

ШҚО ТЖД төтенше жағдайларды жою бөлімі бастығының міндетін атқарушы Жанарбек Токушевтың айтуынша, суға кеткендердің 44%-ы 19 жастан 45 жасқа дейінгі аралықтағы адамдар. 36 суға батқан шығысқазақстандықтың 4-і әйел, 32-і ер адам.

-Талдау жұмыстарының қорытындысына сәйкес осындай қайғылы жағдайлар көбінесе шілде айында орын алған (21 адам). Жаз айының сенбі және жексенбі күндерінде де 21 адам тілсіз жаудың құрбаны болды. Географиялық жағынан алғанда Ертіс өзенінде суға кеткендер жиі кездесті (5 адам). Сондай-ақ Бұқтырма су қоймасында - 4 адам, Сасықкөлде – 2 адам, Зайсан көлінде – 2 адам, Шар және Қара ертіс өзендерінде – 2 адам суға кеткен, - дейді Жанарбек Токушев.

Жалпы, Шығыс Қазақстан облысында 2 мыңнан астам су қоймасы бар. Олардың көбісі суға түсу үшін жабдықталмаған. Аймақ бойынша биыл 3 қалалық жағажай жұмыс істеді (Өскемен қаласында – 2, Ұлан ауданында – 1). Алайда олар да суға түсу маусымы кезінде қауіпсіздік ережелерінің талаптарына толық сәйкес келмеді (арнайы жаттықтырылған құтқарушылардың жоқтығы, қажетті жабдықтар мен бақылау пункттерінің болмауы). Сондықтан жергілікті атқарушы органдарға тиісті инфрақұрылымды құра отырып, судағы қоғамдық, орталықтандырылған демалыс аймақтарын дамыту бойынша жұмысты жалғастыру қажет.

-Айта кету керек, бекітілген жоспарға сәйкес ШҚО ТЖД мамандары адамдардың суда қаза болуын болдырмау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар алдын алу іс-шараларын жүргізді, - дейді Анатолий Рожков, - ШӨАЖҚЖ қызметкерлері 45 құтқарушы дайындады. Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығының тапсырмасымен Алакөл жағалауында 2000 метрлік шұңқырлар (буйки) орнатылды. «Судағы қауіпсіздік» тақырыбында 78 іс-шара өткізілді. Газеттер мен журналдарда 200 мақала жарияланып, әлеуметтік желілерде 110 бейнеролик таратылды.

Біздің анықтама

Суда шомылудың қауіпсіздік шаралары:

- Суға шомылатын жерді, жалпы жағдайды судың тазалығын, тереңдігін мұқият тексеріп алыңыз.

- Тамақ ішкеннен кейін бірден шомылмаңыз.

- Суға тек қана рұқсат етілген жерлер мен жағажайларда шомылыңыздар.

- Өте ұзақ шомылмаңыз, өзіңізді шаршауға және тоңып қалтырауға дейін жеткізбеңіз.

- Суға түскенде бір-біріңізді көзден таса қылмаңыз.

- Қоршау белгілерінен, буйлардан тысқары аумаққа шықпаңыз.

- Техникалык ескерту белгілерінің, буйлардың және басқалардың үстіне шығушы болмаңыздар.

Суық судың қауіптілігі:

Суық суға түскен адам 10-30 минутта көбінеки суық өтіп қайтыс болады (5-7С 2-ші дәрежелі гипотерамия). 5-15 минут қимылсыздық суықтан талуға (шок) және өлімге әкеліп соғады. Суық судан шығарылып, аман қалғанның өзінде жиі-жиі есінен танады. Организмнің жалпы салқындауы қатты шаршағанда, ашыққанда, мас күйінде тезірек болады. Физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты әйелдер суық суға төзімдірек болады, ерлер 4-5 минуттан соң-ақ жүректері тоқтап қалуы мүмкін. Суық суда клиникалық өлім 30-60 минутқа, жылы суда 5-6 минутқа созылады. Тұщы суға батқан адам 1-3 минутта, ал теңіз суында 7-8 минутта жан тәсілім етеді.. Сондықтан суық суда әрбір секунд қымбат екендігін әрқашан естен шығаруға болмайды.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ