Сұлбасы түсіп қалған

375
көрілім

Көлік жүргізушісі сыртқы тасжолдарының бірінен сілеусін байқап қалған, деп хабарлайды газет тілшісі инстаграмдағы osa_uka_vko парақшасына сілтеме жасап.

Қызықты жағдай 17 желтоқсан күні Өскемен-Самар бағытындағы тасжолдың бойында орын алған. Ымырт кезінде жолды кесіп өткен жыртқыш хайуанның сұлбасы сол жерден өтіп бара жатқан көліктердің бірінің бейнетіркегішіне түсіп қалған екен.

Куәгердің айтуынша, сілеусін көлік жарығынан сескенбей, жол үстін кесіп өтіп, қараңғыға сүңгіп кеткен.

Соңғы кездері аталмыш сілеусіннің тым көбейіп, дала қояндары мен құрға қырғидай тиіп жатқанын алға тартқан бірқатар әлеуметтік желі қолданушылары оның санын реттеу керектігін айтты.

Алтай сілеусіні - тұрқының ұзындығы 87 – 104 см, құйрығы 20 – 31 см, салмағы 13 – 23 келі. Сілеусін-былайша ұқсастығы онша болмағанымен кәдімгі үй мысығының бір туысы. Сонымен қатар сілеусіннің мысыққа қарағанда бітімі шомбал, сирақты келетіні тағы да бар.Сілеусіннің құлағында қылшықты шашағы, ал екі ұртында сәнді сақалы болады. Сілеусіннің Алтай түр тармағы – Оңтүстік Алтай тау сілемдерінде кеңінен таралған.

Ерлен ОСМАНОВ