Тағдыр тәлкегіне ұшыраған ұландық азамат өмір үшін күресуде

6397
көрілім
Фотосуреттер автордікі

Сәл тілге келсе екі жылдан бері төсек тартып жатқан Ерсайын қысыла демалып, жаны мұрнының ұшына келгенде осылай ышқына айтатындай… Қазір оның қылшылдап, дүние-керуеннің кез келген қиындығына төтеп берер қауқары қалыптасқан шақ. Алайда екі жыл бұрынғы қайғылы оқиға төсекке таңып, қол-аяғын жіпсіз байлап тастаған. Бұ қалайша, тіпті күнделікті ас-суын да өз бетінше іше алмай, заманның ойлап тапқан түтікшесіне кіріптар болып қалды. Кеберсіген еріндері жыбыр-жыбыр етіп, демін ішіне тарта жұтына береді. Осыдан бірнеше апта бұрын редакцияға қоңырау шалған оқырманымыз Жазира Садықова ұлының облыс орталығындағы дәрігелер қабыладуына жүгіну мүмкіндігі жайлы сұраған болатын. Ми ісігі деген диагнозды естігенде өздерімен арнайы жолығуды жөн көрдік. Жағдаймен танысайық деп Ұлан ауданының Алмасай ауылына жол тарттық, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Көкпектінің тұсында көлік аударылды

Мұндағы қарапайым еңбек адамдарының әдепкі тірлігімен таныса жүріп, тағдыры тәлкекке түскен науқас жігіттің мекенжайын іздедік. Ауыл екіге бөлінгендей екен, қос тараптың тыныс-тіршілігі мен тұрғындардың көзқарасы, тіпті күнделікті аяқалыстары да әралуан көрінді. Қош, алғаш атізін салған бізге барлығы таңсық көрінді. Елдімекеннің екінші басына жеткенде сұрастырып, діттеген жерімізге де жеттік. Жүзі солыңқы болса да жанары әлдебір үмітке толы Жазира Камалханқызы ұлының көрпесін қымтап, жай-күйіне бір көз жүгірткен соң айтып келмеген апатты баяндай бастады.

– 2019 жылы ұлым үйленетін болып құдалыққа баруға Тарбағатайды бетке алдық. Көлік тізгінінде өзі отырған еді, кенет Көкпектіге таяй бергенімізде мәшинесі басып озып, көз алдымызда жол жиегіне аударылып түсті. Жанында болашақ жары мен әкесі отырды. Екінші көлікпен ілесіп келе жатқан біз өң мен түстің арасында не болғанын аңдамай да қалдық. Темір тұлпардың тежегіші істен шықты ма екен, әйтеуір сол құлағаннан есін жимады, – деді қамкөңіл ана.

Бауыр еті балаңның жарақаттан жан қиналысын өз көзіңмен көргеннен артық сұмдық бар ма бұл жалғанда!? Жол апатынан соң Ерсайын бес күн бойы Көкпекті ауылындағы аудандық ауруханада жатты. Анасы бір сәт те жанынан жырақтамай, сәт сайын тек оң өзгерістің боларын тілеумен болды. Ауыртпалық пен азапқа толы бес күннен соң Ерсайынды Өскеменге жеткізді. Екі ай ем-дом алып, үйге шығарады. Шығарғанда да әй-шайға қарамай, шұғыл шешім қабылдаған. Өлім мен өмірдің арасында жатқан жігіт жөпелдемеде ақ халаттылардың назарынан тыс қалған соң Жазира Камалханқызы пәтер іздеудің қамына кірісті. Сонда дәрігерлер «Сіздерге қажеті жоқ, одан да ауылға апарыңыздар» деп тыйып тастаған. 50 мың теңге бір жеті облыстық ауруханада емделуге жұмсалды. Тым құрығанда 10 күн жатып, ұлының жағдайын бақылауда ұстауға өтініш білдірген екен, ананың жанайқайына құлақ асқан ешкім болмапты.

Сауығып кеткендер саны аз емес

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасындағылар да «сіздерге жатақхана да керек емес, ұлыңызға тек уақтылы күтім жасау ғана жәрдемдеседі» деумен шектелген.

– Орталық жүйке жүйесі зақымдалған. Не істерімді білмедім, тамағы мұрын арқылы тек түтікшемен беріледі, – дейді науқастың анасы. – Медициналық сорып алу аппаратын сатып алдық, 100 мың теңгедей тұрады. Ал Ерсайынның мына төсегін ауыл азаматтары сатып алып берді. Жол апаты кезінде басынан қатты соққы алып, дәрігерлер «ми ісігі» деген диагноз қойды.

Жергілікті ақ халаттылар жылт еткен үміт жайлы жақ ашпаса, шетелде мұндай мүмкіндік қарастырылған екен. Алайда ол туралы айтудың өзі артық, тағы бір мәселе Ерсайынды МРТ-ға түсіру хақында. Бұл да мүмкін емес көрінеді. Дәрігерлер Өскеменге жеткенше жол көтере алмайды дегенді алға тартқан.

– Дәл осындай себеппен Көкпектіден де жібермеп еді. Сол жақта көз жұмды не, қалада жатып бақилық болды ма, ажалы келсе қайда жүрсе алып кетеді ғой?! – деген Жазира Камалханқызы уайымның желкеніне мініп, егіліп жылап жіберді. – Өскеменнен Алмасайға келгенде жөн сілтер дәрігер де болмады, бір Аллаға сыйынып, «Газельге» жатқызып алып келдік.

Содан бері тағдыр талайы бір терінің қауызына сыйғызған ана ми ісігінен сауығып кеткендер бар ма деп ғаламтор тереңіне де сүңгіген. Аяққа тұрып кеткендер бар екен. Амал нешік, олардың өзі кемі 10-19 жыл төсекке таңылып барып, аяқ-қолдары икемге келген көрінеді.

Түтікше арқылы тамақтанады

Көршілес Ресейде трахеостома мен түтікше арқылы көмек беру мүмкіндігі бар. Солардың оңалту орталығы көпшілік арасында оң бағасын алған соң атбасын бұруға оқталып еді, карантин шараларына байланысты жете алмады. Әйтеуір Тавриядағы невропатолог маман арагідік онлайн қарап тұрады. Бір өкініштісі, Ерсайын Айдарбекұлының хәлі уақыт өткен сайын мүшкілденіп барады. Соңғы уақыттары аяқ-қолы жиі тартыла береді. Төсегінде қимылсыз, ентіге демалады. Жағы суалып, ішке қарай сұғына түскен шүңірек көздері көлкіген көлшіктей көлегейленіп, болымсыз жылтырайды. Баласының жағдайын айта отырып, жанары жасқа толған мейірбан жанға «анашым, жыламаңызшы!» дейтіндей қан-сөлсіз жүзінен қайғы жұтып құсаланып жатқаны сезіледі. Апыр-ай, қинап жіберді-ау жанын… Әлбетте, біреудің мәселесі екінші тарапқа аса қызық емес. Дей тұрғанмен қызметіне адал болуға ант берген дәрігерлер тарапының жеме-жемге келгенде кежегелері кейін тартып тұрғандығын ескерсек, Ерсайынның күтімі де мәз емес деуге болады. Жанұясы мен ауылдастары жан-жақтан мейірімін төккендерімен, жағдайды бақылауға ұстауға қауқарлы ақ халаттылардың көмегінсіз кейбір қиындықтарға шыдас беру мүмкін емес. Айталық, отанасы мұның алдында ақысын төлеп Өскеменнен невропатолог шақыртқан. Бір білсе, сол біліп қалуы кәдік деп. Алайда маман «Сіз неге трахеостома мен түтікшені былай қойдыңыз? Алып тастау керек. Өздігінен демалуы керек» деп сеніммен айтқан. Басқа дәрігерлердің мүлде жолағылары жоқ. Тамағындағы құрылғы кейде шығып кетсе, қайта қою үшін хирург көмегі қажет. Ол жоқта қайтпек керек? «Қорқа, қорқа батыр боладық» демекші, ақыр соңында амалын тауып өзі орнатып дағдыланды. «Ас – адамның арқауы» десек, Ерсайын екі жылдан бері мұрын арқылы ас-суын ішіп келеді. Мана айтқанымыздай, тағам мұрын арқылы асқазанға барып, тамағындағы құрылғымен жөтеліп-қақырған сәтте сұйықтықты шығарып тұрады.

Ауылдастардың ауызбіршілігі

Анасы ұзақ уақытқа тысқа шығып кетсе-ақ болғаны, маңдай тері бұрқ етіп, мазасыздана бастайды. Отағасы Айдарбек Советұлы таңсәріден құс фабрикасына асығып, адал еңбегінің желкенін биік көтерумен келеді. Отбасының тұңғышы әрі жалғыз қызы Алматыда тұрады. Жырақта жүрсе де бауырының бас амандығын тілеумен жүр, тағы бір перзенті Азамат та ата-анасының айтқанын екі етпей тәлкекке түскен тағдырдың түбі бір жеңілдігін беретіндігіне үмітті. Тәубә, Ерсайынның қамқоршылары жетерлік. Тұтас алмасайлықтар ауызбіршілік танытып, мүгедек арбасын сатып алып берген. Жастарының басы қосылса «Апай, ешнәрсе қажет емес пе, барлығы дұрыс па?» деп шыр-пыр болатын көрінеді. Ал наурыз айында Жанұзақ ауылының мешіт имамы Нұрлан қажы бастаған еріктілер мүгедек арбасын сыйға тартқан. Ана ретіндегі мейірімі бір төбе, алайда қамқоршылық жасауына қарай мемлекеттік жәрдемақыға өтініш берген екен, қабылданбады. Мұның себебін біз де біліп көрдік.

– ҚР «Балалы отбасыға берілетін жәрдемақы туралы» 2005 жылғы 28 маусымдағы №63 заңына сәйкес 2018 жылдың 1-шілдесінен бастап 18 жастан асқан, бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасайтын адамдарға жәрдемақы тағайындау қарастырылған. Ерсайын Садықов бала кезінен бірінші топтағы мүгедек санатына жатпағандықтан, қазіргі уақытта мүгедектікке күтім жасайтын адам ретінде жәрдемақыны қамқоршысына тағайындауға мүмкіндік жоқ, – деді еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің ШҚО бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Марина Шаронова.

Біртүрлі қатқыл, қорқынышты естілетін жауап. Бейне бір тумысыңнан төсекке таңылмауыңның салдарынан жәрдемақыға иек артудың қажеті жоқ дегенді меңзегендей. Жауапты тұлғалардың бұл ақпаратын жаңсақ қабылдаудан аулақпыз әрине, тек ұсынылған мәліметтің көңілімізді күпті еткені рас.

Баспана жағы белгісіз

Қазір Ерсайынға ең маңыздысы, Өскемендегі емханалардың бірінде кемі бір жеті жатып, осы уақытқа дейінгі жасалған ем-домның қаншалықты дұрыс-бұрыстығын анықтау. Я бүк, я шік. Бәрі оңынан болғай. Өкініштісі сол, басы ауырып, балтыры сыздаған өңір тұрғындарының денсаулығын бақылап, зердедеп, тиісті бағыт-бағдар беретін облыстық Денсаулық сақтау басқармасының жіберген сұраухатымызға күні бүгінге дейін жауап қатпағаны. Жұмысқа деген немкеттіліктің шыңы осы болар. Бұдан бөлек, кетеуі кеткен баспананың да сұрқы қашып, онсыз да хәлі мүшкіл науқастың мысын басып тұрғандай. Ауданның жаңадан тағайындалған әкіміне кірудің сәті түспеген екен, есесіне аудандық ТҮКШ, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміне барып, бұйымтайын айтқан. Ол жақтағылар да тұщымды жауап бере алмапты.

– I және II топ мүгедегі бойынша Ерсайын Садықов баспана кезегінде 284-ші болып тұр. Қазіргі уақытта ауданның мемлекеттік коммуналдық тұрғын үй қорында бос тұрған пәтерлер жоқ. Баспана кезегінің жылжу қарқыны көпқабатты үйлердің салынуына байланысты болып тұрады, – депті бөлім басшысы Санат Бустакбаев.

Аудан басшылығы қолдан келгенше жәрдем беруге ниетті сыңайлы. Алайда өмір ағысы Ерсайынға қарсы ағып жатқандай, жағдайы оңалатын емес. Қол-аяғының жиі тартылуы система қою кезінде айтарлықтай кедергі. Ол ол ма, беті бері қарағанның өзінде оны қойып беретін медбике бірде бар, бірде жоқ.

Ара-тұра жол апатындағы жайтқа бір тоқталған анасының иегі кемсең қағып, жанары жасқа шыланған сәтте Ерсайынның Отан алдындағы борышын өтеп келіп түскен суретіне көзіміз түсті. Әскер қатарынан тепсе темір үзетідей шымыр жігіт болып оралыпты.

Жиырманың жетеуін толтырған жігіттің ендігі менмұндалаған үміт Түркияда. Ең алдымен жол-пұлы мен ем-дом шарасына жұмсалар қаржы мен науқас жігіттің ит арқасы қияндағы елге жету үшін жол көтере алуы маңызды. Тәңірі медет бергей. Тым құрығанда үздіксіз ем-домын жасап, көлеңкелі үміт, болымсыз тілекпен ғұмыр кешіп келе жатқан ата-анасы мен аға-әпкесіне Алла денсаулық бергей деп тіледік ішімізден. «Үмітсіз – шайтан» деген. Кім білсін, Құдайдың құдіреті күшті ғой қашан да…

Әділхан ЕСІМХАНОВ