Тағдырдың тауқіметін тартқан әйел Өскемендегі табысты кәсіпкерлердің біріне айналды

1006
көрілім

Талап, қайрат, сабыр, адалдық, жігер және төзім… Бәлкім, бойында осындай ізгі қасиеттер болмағанда Айгүл Түнқатарова тағдырдың тауқыметіне төтеп бере алмай, өмір сынағынан сынып кетер ме еді?.. Бірақ, серіппені қаншалықты пәрменді төмен басуға тырысқаныңмен, соншалықты алысқа лақтыратыны секілді, намысын жігеріне жаныған әйел күреспей берілген емес. Әр күннің, әрбір сағат пен әр сәттің құнын жан-жүрегімен түйсінген Айгүл Түнқатаровамен кездесіп, бір кездері өздігінен қозғалудан қалған әйелдің Елбасының қолынан марапатталған сәтіне дейін келелі әңгіме құрдық. Жүрегінің түбіне кір жасырмайтын кәсіпкер «адамның әрбір күні – күрес» дейді.

Мың күдікті бір үміт жеңді

Осыдан 20 жылдан астам уақыт бұрын Айгүл Түнқатарованың басына күрделі ота жасалған. Оған дейін бұрынғы Өскемен ГЭС-де мың жарым орыстың ішіндегі жалғыз қазақтың ерек еңбегі маңайындағыларды тамсандырмай қоймайтын. Жеті жылдық адал еңбектің өтеуі ретінде Айгүл жаңа пәтерге ие болады. Бұрынғы Ленин алаңындағы Құрмет тақтасында ерек еңбегі үшін бірнеше жыл бойы фотосуреті ілініп тұрған кездер де өтті. Қатерлі ісікке шалдыққан әйелдің миына ота жасалғаннан кейін-ақ дәрігерлер «үш ай өмірің қалды» деп бір-ақ кескен екен. Отадан кейін дене салдыққа ұшырап, Айгүлдің бір жақ қол-аяғы, көзі мүлде қимылсыз қалған. Бағдарлы қалпынан ауытқып, гармондық таблеткаларды көп қабылдағандықтан, денесі күп болып ісіп кетеді. Жолдасы ауруханадан шығарып алғасын, бір кездегі ірі кәсіпорынның ең үздік қызметкері өздігімен қозғала алмайтын, дәрменсіз күйге түседі.

2000 жылға дейін үйден шыға алмай, төсек тартып жаттым. Жолдасым үйден шығарарда арқасына көтеріп алып шығатын. Бармаған бақсы-балгерім, емделмеген емшім қалмады. Адам ауыр тауқымет тартқанда «кімге қандай қиянат жасап қойдым» деп ойлайды екен, – дейді Айгүл.

Ізгіліктен үміт үзбеген, тынбай тығырықтан жол іздеп, мың-миллион күдіктің арасындағы бір мүмкіндікті мүлт жібермеген адамға қиындық атаулының өзі қарсы тұра алмайтын сынды. Айгүл өз-өзіне баса маңыз беріп, жеті жылдан кейін аяғынан тік тұрады. Алғашқы кезде жұбайымен шағын шаруа қожалық ашып, Өскемендегі «Волна» сауда үйінің алдында сүт сатады. Кейін «Алтай» базарының алдында саудаға шығып, тиыннан теңге құралғасын отбасы көлік сатып алған.

Бірде облыс әкімдігінде мүгедек жандар бас қосып, қоғамдық бірлестіктің ашылатыны жөнінде бастама көтерген. Айгүлдің сол жиынға аяқ астынан жолы түсіпті. Жиын барысында Алматыдан келген қоғамдық бірлестіктің төрайымы тура Айгүлді нұсқап: «Жұмысты атқарса осы адам атқарады» деп, қоғамдық бірлестіктің басшылығына тағайындап кетеді.

Мына бөлме ол тұста иесіз, бос қалған еді. Коммуналдық төлем жөнінен 40 мың теңге қарызы бар еді. Осы бөлмеге кіріп, ішін жуып-тазалап, мүгедек адамдардың орталығын ашып, соған жетекшілік еттім. Жалға да бере отырып, коммуналдық қарызын толық өтедік. Бірақ, ақыры аядай бөлме тендерге түсіп кетті, – дейді Айгүл.

Күн мен түн секілді жамандықпен бірге жақсылық та қатар жүреді. Әкімдіктің бір өкілі Айгүлге хабарласып, «Мына бөлмені кір-қоқыстан тазартып, қалыпқа келтірген өзіңіз. Тендерге түссе, көшеде қаласыздар. Одан да тендерге қатысыңыздар» деп кеңес беріпті. Осыдан соң Айгүл іле-шала өтініш жазып, участокке өз бағасын ұсынып, іссапарға шығып кеткен. Сөйтсе, тендерге қатысқан 15 адамның ішінде бөлмеге ең жоғары бағаны ұсынған Айгүлдің өзі екен.

Аядай бөлмеде тігін цехы ашылды. Жоқ жерден Түнқатарованың бөлмені тендерден ұтып алып, кәсібін бастағалы жатқаны көре алмаушыларыма ас боп батпаса керек. Күрестім, – дейді Айгүл. – Облыс әкіміне барғанымда оның мен туралы шындыққа сай келмейтін жел сөзге қанық екенін сездім. Білгендей үйімнен барлық заңды құжаттарымды, түбіртекті ала келген екенмін. Ашу қысқан күйі облыс әкіміне соның барлығын ұсына беріп, өре түрегеліппін. Жұбайымның киімімнен тартып, «Айгүл» деп ескерткенінен кейін-ақ облыс әкімінің алдында отырғаным есіме түсті. Құжаттарды алдына тастадым да, өз жайыма кете бардым.

Ақыры, түсініспеушілік сейіліп, іске прокуратура араласқаннан кейін ғана Айгүлдің еркін еңбек етуіне жол ашылыпты. Осыдан кейін-ақ кәсіпкер әйелдің тасы өрге домалай бастайды. Шымыр бизнес-жоспардың арқасында Айгүл «Жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша несие алады. Айгүл Қазақстан бойынша жеке кәсібі үшін несие алған тұңғыш ІІ топ мүгедегі екен.

Тазалық + Талап = Табыс

Айгүл тігін цехын ашып, мемлекет қарызын уақтылы қайтарып отыр. Тауарын жарнамалап, кәсібін кеңейту үшін барлық көрмелерден қалмауға тырысады.

Жұмысқа бірыңғай мүгедек жандарды алып көруге бел байладым. Кейбірінің психологиясында «мүмкіндігім шектеулі болғандықтан, маған мемлекет үй, ақша беру керек» деген түсінік бар. Олай ойлау дұрыс емес, – деген ойда Айгүл. – Меніңше, кез келген саладағы көшбасшының жолы ауыр, себебі көп үшін жауапты болу жауапкершілігінің жүгі әсте жеңіл емес. Өзі істемейтін, істеген адамды көре алмайтындар жетерлік. Мен жеке кәсіпкер болып шыққан күннің өзінде көптеген қиындықтарға кездестім. Бәлкім, мені біреулер байып жатыр ойлауы мүмкін. Еңбекті бағалап жатқан кім бар? Иә, мен баймын! Біреу ақшаның артынан жүгіріп жүрген шығар. Ал мен жұмысты таза атқарсам, ақшаның өзі сені іздеп табатынына сенімдімін.

2012 жылы Дариға Назарбаева келіп, Айгүлдің кәсібімен танысып кеткен. Кәсіпкердің шағын цехы Ресей астанасы Мәскеуде екі жүз жылдық тарихы бар 100 пайыздық мата шығаратын зауытпен серіктес. Кәсіпорынды ашпай тұрып Түркияға, Қытайға барғанымен, кәсіпкер ең сапалы матаны Мәскеуден тауыпты. Қытайдың зауытына кіріп, оралған маталардың сыртына «Made in Turkey» деген жазуды жабыстырып жатқанын көргенде жағасын ұстағанын күле еске алады.

Біз сапаға жұмыс істейміз. Тұтынушылар маған не үшін тартыла бастады? Жеке кәсіпкер ретінде бәсекелестердің бәрін ысырып тастадым. 2015 жылы ел Президентінің қатысуымен өткен «Алтын сапа» байқауына 96 кәсіпорын қатысты. Бәсекелестерден гөрі менің өнімімнің сапасы жеңіп шығып, үшінші орын алдым, – дейді кәсіпкер.

Әсем Сүлейменова, Айгүл Түнқатарова мен Айнаш Айтжанова

Өскемендегі тігін цехының Астана, Алматы және Қарағанды қалаларында тауарын өткізіп отыратын үш жүзеге асырушысы бар. Жалпы кәсіпорында сатушы, жұмысшы, тасымалдаушы, тігінші бәрін қосқанда (үш қаладағы жүзеге асырушыларды қоспағанда) он төрт адам еңбек етеді.

Тәуелсізбін! Сондықтан, шүкірлік етемін. Мүгедектертің бір мықтылығы – олар жанталасады. Кемтар жандардың бір жақсы қасиеті – өзіне ғана сене алатындығы. Мен де отырғым келмеді. Жеті жылда көрмегенім жоқ. Сол кездің өзінде біз берілмедік. Адам өз-өзін бағаласа ғана биікке жетеді. Өмірге келген әрбір адамның өзінің үлесі бар. Бірақ, адам таза еңбек ету керек. Адамның жаны, сана-сезімі таза болуы керек, – деп түйді Айгүл.

Сұхбаттасқан Аян Өрібаев