«Таинты 24МВт» жел электр станциясының құрылғылары жазда Испанияның Билбао қаласынан әкелінеді

701
көрілім
Ұлан ауданының Жоғарғы Тайынты ауылында салынатын Жел электр станциясы Ұлан өңірін толықтай электр қуатымен қамтитын болады. Бұл туралы ШҚО Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы міндетін атқарушы Алмат Арсламбеков мәлімдеді.

2017 жылдың ақпанында Алматыда қуаттылығы 24 МВт-тық «Таинты» жел электр станциясының жобасын іске асыру мақсатында «Ecosustanaible Group LTD» фирмасы мен испандық «Spain Consаlting» ЖШС арасында инвестициялық-қаржылық келісімге қол қойылған болатын. Осылайша, 50 миллион АҚШ долларына пара-пар жоба жұмысының алғышарты жасалды. Жоспарға сәйкес, жеті бірдей жел электр станциясы Жоғарғы Тайынты ауылының оңтүстігінен 15,5 шақырым жерде салынатын болады.

Ұлан ауданы әкімдігінің хабарлауынша, «Таинты 24МВт» жел электр станциясының құрылғылары ағымдағы жылдың жаз айларында Испанияның Билбао қаласынан Алжир, Греция, Түркия арқылы Ресей елінің Ростов-на-Дону қаласына жеткізіледі. Ол жақтан құрылғыларды Астанаға Ресейдің Орынбор қаласы арқылы тасымалданбақ.

Жел электр станциясы мачтасының биіктігі 120 метр, қапалағы 60 метр болады. Логистика, жеткізу, жел-энергоқұбырларын монтаждау жұмыстарын испандықтар жүргізсе, жел электр станциясының құрылыс сапасын немістер бақыламақ.

18 сәуірдегі ШҚО Ақпараттық орталығында өткен баспасөз мәслихатында ШҚО Энекргетика және ТҮКШ басқармасының басшысы міндетін атқаруыш Алмат Арсламбеков Өмеш асуында салынатын ЖЭС Ұлан ауданын толықтай электр қуатымен қамтитынын айтып өтті.

Геологиялық барлау мен жел бағыты зерттелді. Инвестор анықталды. Өтініш беруші мен инвестордың арасындағы тариф бойынша шартта келіспеушіліктер болғанымен, қазіргі таңда бұл мәселе ретке келтірілді. 24 МВТ-тық жоба Ұлан ауданындағы электр қуатының жетіспеушілігі мәселесін шешеді. Егер жоба іске қосылса, Ұлан ауданын толық электр қуатымен қамтып, қалған электр қуатының қоры «KEGOC» АҚ-на тиесілі республикалық ортақ желіге жіберіледі, – дейді Алмат Арсламбеков.

Аян ӨРІБАЕВ