Талап етілмейтін болады

385
көрілім

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қағаз сақтандыру полисі жоқ жүргізушілерге айыппұл салынбайтын болады. Ұлттық Банктің хабарлауынша, алдағы уақытта сақтандыру ұйымдарының клиенттері сақтандыру келісім-шарттарын электронды форматта жасап, электронды сақтандыру полисін ала алатын көрінеді. Сондай-ақ электронды келісім-шарттарды міндетті және ерікті сақтандырудың барлық түрлері бойынша жасауға мүмкіндік берілмек, деп хабарлайды газет тілшісі Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.

Автокөлік жүргізушісінің сақтандыру келісім-шартын жасасқанын бірыңғай база арқылы білуге болады.

Осылайша, міндетті сақтандыру келісім-шарты бойынша жасалатын қағаз полистерінің қажеті болмай қалады. Жүргізушілерге әкімшілік полициясы қызметкерлеріне сақтандыру полисін көрсетудің қажеті болмайды. "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексіндегі өзгерістерге орай, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап сақтандыру полисі өзінде болмаған жүргізушілерге бес айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі (2018 жылы ол 12 мың теңгені құрады) айыппұл салынбайды.

Ұлттық Банктің хабарлауынша, енгізілген өзгерістер сақтандыру бағасын тұрғындар мен бизнес өкілдері үшін арзандатып, сақтандыру төлемақыларын алуды жеделдете түсетін көрінеді.

Қазіргі уақытта Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 612-бабында жүргізушінің өзімен бірге жүргізуші куәлігін немесе көлік басқаруға берілген уақытша куәлікті, көлік құралы иесінің және тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігінің міндетті сақтандыратын полисін, сондай-ақ заңмен белгіленген басқа да құжаттарды өзімен бірге алып жүруі керектігі көрсетілген.

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап аталмыш кодекстің 612-бабындағы сақтандыру полисінің жүргізушінің әрдайым қолында болуы туралы абзац алынып тасталады.

Айсұлтан АЗАМАТ