Талайды таңдай қақтырған – Тәшубай сиқыршы

576
көрілім

Екінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі жылдары бұрынғы Семей облысының аудандарын аралап жүріп, адам айтса нанғысыз таңғажайып сиқырлар көрсеткен ұландық Тәшмағамбет Ерғазыұлы жайлы естуіңіз бар ма? Жоқ болса, таңдай қағып таңырқауға дайындала беріңіз! Ел арасында Тәшубай сиқыршы аталып кеткен ол кішкене бұлақты үлкен өзенге айналдырып, бір қолымен салт аттыларды кері қайтарған. Спиритизм, семия, кемия, магнетизм, гипноз ғылымдарын бойына сіңірген Тәшмағамбет керемет көрсетерде арабтың «Иандилғари» (қазақша аталуы «Аспан кіндігі») кітабын пайдаланған екен. Зайсан қаласында фельдшер болып қызмет етіп, талай адамның дертіне дауа таба білген Тәшубай сиқыршы жайлы мағлұмат жинау үшін оның немере інісі Әнесқан Ыдырышұлын әңгімеге тартып көрдік.

Орысша сауат ашқан

Тәшмағамбет Ерғазыұлы 1900 жылы Өскемен уезі, қазіргі Ұлан ауданы, Айыртау болысына қарасты жетінші ауылда дүниеге келген. 16 жасында әке-шешесінен айырылып, нағашысы Мәкет Өнжейұлының қолында қалады. Жастайынан пысық-ширақ, зерек болып өскен Тәшмағанбет медресе бітіріп, орысша сауат ашқан.

– Әкем Ыдырыш Ерғазыұлы Тәшубайдың туған інісі, – дейді Әнесқан Ыдырышұлы, – Ұлы Отан соғысына қатысқан әкем 1959 жылы дүниеден өткен. Апайы Мағрипа әкемнің қырқына дейін құран оқып, біздің үйде болды. Сонда ағасы Тәшубай туралы, өздерінің өткен өмірлері жайында көп әңгіме айтатын. Сол кісінің айтуынша, нағашысы Мәкет қажы Меккеге барғанда арабтың дұғалық кітабын сатып әкеліпті. Мәкеттің Омар, Есен деген ұлдары болған. «Өскенде солардың біреуіне берермін» деп әлгі кітапты сандыққа салып қойыпты. Бірақ олардың оқуға құлықтары болмай, ылғи ат үстінде сауық-сайранда жүреді екен. Сондықтан кітапты оларға бермей, қабілетті жиені Тәшубайға берген екен. Сол кітапты оқығаннан кейін Тәшубайға әр түрлі сиқырлық өнер қона бастайды. Маңайындағы ауылдарда той-томалақ болса соған барып, жиылған халық алдында неше түрлі таңқаларлық сиқырлы ойындар көрсетіп жүреді. Сөйтіп ел арасына «Тәшубай сиқыршы» деген атағы шыға бастапты.

Бірде Айыртау болысымен көршілес Сұлусары болысының Алтыбай Шақанақ ауылында үлкен той болып, сол тойда Тәшубай өз өнерін көрсетеді. Түнге қарай жастардың тойында сол ауылдың өте өңді Сәрбижамал атты бойжеткеннен танысады. Тәшубай да, қыз да бір-бірін ұнатып қалса керек. Алайда қыздың айттырып, құда түсіп қойған жері бар болып шығады. Ол Терістаңбалы ішіндегі Айтқұл атасының жігіті екен. Бірақ қыз оған тұрмысқа шыққысы келмейтінін айтып, «мені алдағы бір-екі айдың ішінде ұзатпақшы» дейді. Сол түні қыздың келісімімен Тәшубай Сәрбижамалды ауылына алып қашады. Мұны естіген ауылдағылар өре түрегеліп, қарсы болған. Өйткені, қыздың айттырып қойған Айтқұл руының жігіттері тентектігімен аты шықса керек.

– Елдегілер «Енді олар келіп ауылды шауып алады» деп қорыққан, – дейді Әнесқан Ыдырышұлы, – Тәшубай ауылдастарына: «Саспаңдар, қорқатын ештеңе жоқ» деп ауылдың бала жігіттеріне «Кезектесіп қарауыл қойыңдар, бөтен салт аттылардың келе жатқанын көрсеңдер маған дереу хабар беріңдер» дейді де, өзі Сәрбижамалмен үйге кіріп жатып қалады. Бір-екі күн өткенде балалар үйге жүгіріп келіп, 15-20 салт аттының келе жатқанын жеткізген. Тәшубай да тез далаға шығып, есік алдындағы дөңеске көтерілсе, шынында да, бір топ салт аттылар шаңдатып келе жатыр екен. Тәшубай қалтасындағы кітабын оқып тұрады да, бір кезде оң қолын салт аттыларға қарай сермеп қалады. Сол кезде салт аттылар кілт тоқтап, абыр-сабыр болады. Жылқыларын тебініп, алдыға қарай ұмтылса, аттары әлденеден үркіп алға баспай қойыпты. Содан амалы таусылған қуғыншылар әрі-бері тұрып, бұрылып ап кері қайтып кетеді. Сонда Тәшубайдан «Аналарға не істедің?» дегенде: «Аттарының алдына бөшкелер домалатып қойдым» деген екен.

Екі ұлынан ұрпағы тараған

Сөйтіп Тәшмағамбет пен Сәрбижамал отбасын құрған. Алайда бір жылға жетпей әйелі сырқаттанып, қапияда қайтыс болып кетеді. Бірнеше жылдан кейін Зайсанға көшіп келген Тәшубай фельдшер болып жұмысқа орналасқан. Сол жерде Кәбира Медеубайқызына үйленіп, шекесі торсықтай екі ұлы дүниеге келеді. Бүгінде Тәшубайдың 10 немересі бар. Атап айтқанда, тұңғышы Базылағзамнан – 3 қыз, 5 ұл, екінші баласы Есімағзамнан – екі қыз туған. Алайда олардың ешбіреуіне сиқыршылық қабілет дарымапты.

– 1929 жылы Тәшубай сиқыршының Алайғырда көрсеткен бір өнері ел есінде ерекше сақталып қалған, – дейді немере інісі, – Бір күні ол сыртта жиылған адамдарға түрлі сиқыр ойындар көрсетіп жатады. Сол ауылдың іргесінен жаяу кісі аттап өтетіндей кішкентай ғана бұлақ ағатын. Осы бұлақтың арғы жағына орыстар бақша егетін-ді. Бір топ орыс әйелінің сол бақшаларынан қайтып келе жатқанын байқаған Тәшубай: «Мен сендерге қазір бір қызық көрсетемін» дейді. Мұны естіген жұрттың бәрі әйелдерге қарай қалады. Бір уақытта әлгі кішкентай бұлақ үлкен өзенге айналып кетеді де, әйелдер кілт тоқтайды. Содан өзара дабырласып, бір уақытта ішкі киімнен басқасын шешіп алып төбелеріне ұстап, әлгі өзеннен өте бастайды. Бергі жағаға өтіп киімдерін қайта кие бергенде жаңағы үлкен өзен жоқ болып, бұрынғы кішкентай бұлақ қалпына келе қалыпты. Мұны көрген әйелдер де, сол жерге жиналғандар да таң-тамаша болысқан.

«Түрмеге қамай алмайсың!»

Тәшмағамбет Ерғазыұлы Зайсан қаласында фельдшер болып қызмет еткенде ауырған адамдарды көбіне дәрімен емес, гипнозбен емдеген екен. Бірақ оның дәрігерлік оқуды қашан және қай жерде оқығаны жөнінде нақты дерек жоқ.

– 1937 жылы Зайсанға аудандық НКВД бастығы болып бір қазақ жігіті келеді, дейді сиқыршы жайлы деректі дастан жазған ақын Айтқали Садықов, – Ауданның бір топ қызметкері сол жігітті ішінде Тәшубай да бар, тағы да бірнеше адамды әйелдерімен қонаққа шақырады. Тәшубайды НКВД бастығына таныстырғанда олар бұл адамның ерекше қасиеті бар екенін, неше түрлі күлкілі сиқыр ойындар көрсететінін айтады. «Көп жігіттерді балдыз деп ойнап, оларға жұмыртқа тапқызып, ит қылып үргізіп қояды екен» дегенде, әлгі бастық: «Бұл сендерді алдап, надандықтарыңды пайдаланып жүр ғой. Мықты болса маған істесінші соны» дейді. Тәшубай оған: «Мен ондай ойындарды мына балдыздарыма істеймін. Сізге ондай ойын істеу ұят болады» дейді сыпайылық танытып. Сонда анау: «Міне, айттым ғой, ол мен сияқты көзі ашық адамға ондайды істей алмайды» деп тағы да намысқа тиетін біраз сөздер айтады. Сонда Тәшубай ашуланып кетіп, анаған қарай қолын сермеп қалады. Осыдан кейін НКВД бастығы тізерлеп отыра қалып, жағалай отырған кісілерге ит болып үріп шыға келеді. Бұдан соң қайтадан қолын сермегенде анау қоя қойып, бәз қалпына түскен. Отырғандардың қыран-топан күліп жатқанын көріп, бұлардың өзін мазақ қылғанын білгенде ол әйелін ертіп алып, тамаққа да қарамастан кетіп қалыпты.

Ертесінде өштескен НКВД басшысы Тәшубайды шақыртып алып, түрмеге жаптырған. Милиционер оны апарып абақтыға кіргізіп, сыртынан құлып салып жатса, Тәшубай жанында тұрады. Сонда Тәшубай оған: «Сен мені қамай алмайсың» дейді. Милиционер «неге?» деп абақтының есігін ашып қайта ішіне кіргізіп есігін жапса, Тәшубай тағы да жанынан шыға келеді. Содан кейін ол бастығына келіп болған жайды баяндаған. Қолынан келер басқа ишарасы қалмаған бастық оған «Жарайды, үйіне қайтар» дейді.

– Ақыры сол 1937 жылы НКВД басшылары Тәшубайға «Саған мынау ешкім тиіспесін деген қағаз жаздырып береді» деп алдап, бір милиционерге ертіп жібереді де, түрменің бір түкпір жағына барғанда білдірмей атып тастайды. Ал сүйегінің қай жерге көмілгені белгісіз қалды. Өйткені ол кезде «халық жауы» деп кісілерді жиі-жиі атып, апарып жалпы зиратқа көме салатын. Міне, осылайша дарынды да, қасиетті талай азаматтардың түбіне жеткен сұрқия саясаттың құрбаны болғандардың бірі осы – Тәшубай сиқыршы, – дейді Әнесқан Ыдырышұлы.

Ерекше дарынды жандар

Гипноздың қыр-сырын меңгеріп төрткіл дүниені таңдай қақтырған тұлғалар аз емес. Осы ретте сіздердің назарларыңызға бірнеше мысал келтіре кетуді жөн көріп отырмыз:

Вольф Мессинг – 1899 жылы 10 қыркүйекте дүние есігін ашып, 1974 жылы өмірден қайтқан. Ол 11 жасында үйінен қашып, Берлин қаласына барады. Онда невропатолог ғылымының профессоры Абель бойынан ерекше қабілет табады. Гипноздың қыр-сырын меңгерген ол әр түрлі сиқыр көрсеткен. Мысалы, қоғамдық көлікте газеттің бетін билетке айналдырып жібереді екен. 1937 жылы Вольф Мессинг Польша қаласында жұрт алдында тұрып, «Германия елі Польшаға шабуыл жасаса не болады?» деген сұраққа жауап береді. Оның берген жауабы: «Егер Гитлер бағытын шығыс жаққа бұрса, онда Германия тас талқан болады» деген. 1953 жылы Мессинг Сталиннің еврей мейрамдарының бірінде өлетінін айтқан. Мессинг жұрт алдында әртүрлі шоу бағдарлама арқылы үлкен танымалдылық пен көп ақшаға қол жеткізген.

Анатолий Кашпировский – 1939 жылы Украинада туған. 1962 жылы медициналық институтқа түскен ол, оқуын тәмәмдаған соң психиатриялық ауруханаға жұмысқа тұрған. Бойында ерек қабілеті бар ол 1989 жылдан бастап телебағдарламалар арқылы адамдарды емдейді. Тіпті оның сеанстарына қатысқан кейбір жандар ешқандай дәрі-дәрмексіз түрлі сырқаттарынан сауығып кеткен.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ