Тамыр теріп жазаға тартылды

341
көрілім

Шығыс Қазақстанда сирек кездесетін өсімдікті отаған оңтүстік өңір тұрғынының бір жылға бас еркіндігі шектелді. Қызғылт семізот жинауға келген Алматы облысының тұрғыны Зайсан ауданының аумағында анықталды, деп хабарлайды газет тілшісі YK-News.kz сайтына сүйене отырып.

Зайсанға қонақтап келген Алматы облысына қарасты Текелі қаласының тұрғыны 19 шілде күні Үшбұлақ учаскесіне барып қызғылт семізоттың тамырын жинауға кіріскен. Көпшілік қарапайым тілде алтынтамыр атап кеткен аталмыш өсімдікҚазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Зайсан аудандық сотының хабарлауынша, тұрғын 2000 түп тамыр жинап үлгерген. Осылайша мемлекетке келген шығын 2 626 149 теңгені құрады.

"Ж есімді азаматқа қатысты бір жыл бас еркіндігінен шектеу жазасы қолданылды", - делінген хабарламада. Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Ерлен ОСМАНОВ