Тарбағатай ауданы Тұғыл ауылының тұрғындары әкімдікке не себепті наразы?

959
көрілім

Тұғыл ауылының тұрғындары Бұқара.кз сайтының редакциясына қоңырау шалып,  шақшадай бастарын шарадай қылған талай мәселені жіпке тізіп берді. Дүйім жұрт жергілікті аурухананың жабылып, орнына амбулатория ашылатындығын айтып, наразылықтарын білдірді. Сонымен қатар олар ауызсудың күніне 3 сағатқа ғана берілетіндігін, балаларға арналған спорттық кешендердің жоқтығын жеткізді. Ал мұқым ауылдың мұңына билік басындағылар не дейді? Мұны білу үшін аудан әкімдігіне ресми сұраухат жолдап көрген едік.   

«Сырқат жандар сенделу керек пе?»
– Ауыл халқының арасында әр-түрлі ауруға душар болғандар бар, – дейді Дүйсенбай Қадылбеков (аты-жөні өзгертілген), – Осы уақытқа дейін ауруханаға жатып, ем-дом қабылдайтынбыз. Енді бұл медициналық мекеме амбулаторияға айналмақшы. Яғни бұдан былай жатып емделу үшін Ақжарға баруымызға тура келеді. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», ертең жолортада біреудің сырқаты асқынып, ажал құшса не болады? Сондықтан аурухананың статусын төмендетуге тұғылдықтар түгелдей қарсымыз.
Оның айтуынша, ауылда ауызсу күніне тек 3 сағатқа беріледі. Соған қоса балаларға арналған спорттық кешендер салынбаған мұнда.  
– Бала-шаға бос уақыттарын қайда өткізерлерін білмейді. Оларға спортпен шұғылдануға мүмкіндік жасау керек. Биік белестерді бағындырып жатқан саңлақтардың бәрі ауылды жерден шығады емес пе? Сондықтан ауылымызға спорттық нысандар салынса екен дейміз, – дейді Дүйсенбай Қадылбеков.

Күндізгі стационарда емделу – қолайлы
Редакцияның ресми сұраухатына жауап жолдаған Тарбағатай аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әсель Жакиянова Тұғыл ауылының тұрғындарына алаңдауға еш негіз жоқтығын жеткізді.
– Тұғыл ауылдық ауруханасында Д есебінде 351 науқас тіркелген. Медициналық мекемеде 10 төсектік стационар, 5 терапия, 5 балалар палатасы бар. 2019 жылдың 6 айлық қорытындысы бойынша мұндағы 10 төсектік стационардың 3 терапиялық және балаларға арналған 1 төсек-орын пайдаланылмай тұр. Науқастарға күндізгі стационарда емделу әлдеқайда қолайлы. ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының 2019 жылғы 20 маусымдағы №301 бұйрығы негізінде Тұғыл ауылдық ауруханасындағы 10 тәуліктік стационардың орнына 5 терапиялық, 5 балалар және 7 төсек-орындық күндізгі стационар ашу жоспарланып отыр. Осыған орай 1 ай бұрын бұйрық шығарылды. Ақысыз медициналық көмек ешқандай өзгеріссіз көрсетіле береді.
Аталмыш аурухана 1981 жылы салынған. Қазіргі уақытта мұнда 2 дәрігер, 1 педиатр, 20 орта буын медицина қызметкері, 11 кіші қамту қызметкері еңбек етуде.
– Мамыр айынан бастап ауыл тұрғындарына ауызсу күніне 4 сағаттан берілуде. Қыркүйектен бастап 8 сағатқа көбейеді. Бұл елді мекендегі су ескі насос станциясы арқылы беріліп отыр. Жаңа су беру станциясына жаңғырту жұмыстары толық бітпеген, – дейді Әсель Мұратқызы   
Жауапты тұлғаның айтуынша, биылғы жылы Тұғылда балаларға арналған 1 мини футбол және 1 ойын алаңының құрылысы басталған. Бүгінде Т.Рысқұлов, Ш.Уәлиханов, Ғ.Мүсірепов атындағы орта мектептерде 945 бала білім алуда.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ  
Фотосуретті түсірген Назерке Қайролданова