Тарбағатай ауданы Жаңалық ауылындағы көпір мәселесі шешілмек

414
көрілім

Аудан әкімі Серікқазы Садуақасов тұрғындарды қабылдау кезінде де, өзі арнайы барған елді мекендерде де түрлі мәселелерге мән берген еді. Соның ішінде, көпбалалы аналарға қолдау танытуға және Жаңалық ауылындағы көпір мәселесін шешуге көмек беруге әзір екендігін жеткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Серікқазы Құсайынұлы әлеуметтік желідегі парақшасында төрт баланың анасы Рабия Амангелдинаға «Бастау бизнеспен»жеке кәсібін ашып, қайтарымсыз несие алу жөнінде кеңес берген. Кеңес беріп қана қоймай, Қамысты ауылынан үй де сатып әперетінін жазған. Бір есептен Рабия апайдың күйеуі жұмыссыз және өздері бірнеше жылдан бері Ақжарда пәтер жалдап күн көріп отырған көрінеді. Ақжарлық Заила Ескендіроваға да тура осындай ұсыныс айтылған.

– Алайда ол кісі Ақжардан кетпеймін деп жақсы ұсыныстан бас тартты. Біржолғы материалдық көмек 150 мың теңгені де алмаймын деді. Жолдасына жұмыс табылатындығын айтқанымызбен, оған да көнбеді. Кейде тіршілік бар жерге бармай, өз мүмкіндігін өзі тұсаулайтын жағдайлар қынжылтады, – дейді жауапты тұлға.

Аудан әкімі өз кіндігінен тараған баладан безінген қоғамда қайтыс болған сіңлісінің төрт баласын бауырына басқан Бақытгүл Ығышеваға ризашылығын білдіріп, көппәтерлі үй салынғанда бірінші кезекте баспана берілетінін баса айтты.

– Жалпы, тек ауылдық округтерді ғана емес, шағын елді мекендердің де тыныс-тіршілігіне баса мән беріп отырмыз, – дейді Серікқазы Садуақасов. – Жаңалық елді мекенінде болдым. Тұрғындар жиі көтеріп жүрген мәселе болғандықтан, ауылдың қақ ортасынан ағып жатқан өзенге көпір салу жөнінде ақылдастық.

Мәлім болғандай, көпір мәселесі өзеннің арғы бетіндегі тұрғындармен қоса мектепке баратын оқушыларға біршама қиындық туғызуда. «Мәселе шешімін табады» деді аудан әкімі.