Тарбағатай ауданына қарасты Жаңаауыл ауылында интернет әлі нашар

831
көрілім
Шартты фотосурет

«Ешқандай өзгеріс жоқ. Үш ай өтті, енді қайда барып шағымдансақ болады?» деді тарбағатайлық азаматтар. Шынымен-ақ шарасыздық еді бұл. Алдымен орындалды деп саналған жұмыстың бас соңыра аяқсыз қалғанын айтты тұрғындар. Аудан әкімдігіндегілер мұның алдында интернетпен қамтылған біршам ауылдың тізімін ұсынған еді.

«Хабарласудың өзі мұң»

Ақпан айының соңында ұсынылған мәліметке сәйкес Тарбағатай бойынша 15 ауыл күнделікті қоғамдағы жаңалықпен сусындап, бәлендей кедергіге ұшырамаған. Ғаламтор машақаты республика көлемінде алдыңғы қатарлы мәселелердің бірі екендігі әлі сақталған. Өңір бойынша осыдан екі-үш жыл бұрын айтылған түйткіл қазір де сол күйінде. Сонда ауыл-аймақ тіршілігін тұралатпай, үйлерінің отын өшірмеулері үшін жасалып жатқан қадамдардың негізсіз болғаны ма? Осылай деген Жаңаауыл ауылының тұрғындары жергілікті басшылықтың жеме-жемге келгенде қауқарсыздық танытып отырғандарын жеткізді. Мұны осы ауданға атізін салған депутаттар да айтқан еді сан рет.

– Оларды қойыңыздаршы, айтты, айтты. Бір жылдан кейін де қайталанатын сол әңгіме. Тым құрығанда ұялы байланысты реттеп берсе ғой басшылық. Осы елдімекенде тұратындардың біршамасы Beeline операторына қосылған. Өзге аудандардың көбінде басқа желілер тартпағанның өзінде осы Beeline жерге қаратпай отырған. Бізде біреуге хабарласудың өзі мұң, – десті тұрғындар.

Үш ай өтті, үміт азайды

Естеріңізде болса, сол ақпан айында газет редакциясы жіберген сұраухатқа Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары Ерсін Ескендіров жауап беріп, байланыс операторлары мен ҚР цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі арасындағы меморандум жайын сөз еткен-тұғын. Яғни дәл осындай интернет мәселесіне қатысты «КарТел» ЖШС (Beeline), «Kcell» АҚ (Актив), «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС (Алтель, Теле2) арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған көрінеді. Облыс әкімі Алмасхан Сматлаевтың қатысуымен өткен онлайн жиында да бірнеше ауылдағы интернет жылдамдығын жақсарту қарастырылып жатқанын айтқан болатын.

– Жаңауылға – үш, Қызыл кесікке – екі, Үштөбе мен Кіндіктіде бір-бірден, жалпы жеті жер учаскесі таңдалып, қазір антенна-діңгек құрылыстарын бастауға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде, – деген еді аудан әкімінің орынбасары.

Алайда іс жүзінде ешнәрсе атқарылмаған болып отыр. Қыбыр еткен тіршілік жоқ дейді жаңаауылдықтар.

– Еш нәтиже болмады, сол беті. Үш ай өтті одан бері, енді қайда шағымдансақ болады? Естір құлақ барма бізді, – деді Дидар Тұрсынханов.

Кейде жұмыс орындалды мен орындаладының ара-жігі алыс емес сияқты. Егер Ерсін Ескендіров айтқандай антенна-діңгек құрылыстары басталса ендігіде тұрғындар жұмыс бөгеуін ағытты деп басқа мәлімет айтқан болар еді. Дидар Тұрсынханов еш өзгеріс жоқтығын қынжыла айтты.

Әділхан ЕСІМХАНОВ