Тарбағатай ауданына Нұр-Сұлтан, Алматы, Семей қалаларынан 20 студент келген

150
көрілім

Аудан әкімі Серікқазы Садуақасов елорда, Алматы және Семей қалаларынан келген студенттермен жүздесті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Аудан әкімінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазылған ақпарат. Мәлім болғандай, Серікқазы Құсайынұлы білімін еліміздің әр өңірінде жалғастырып жүрген студенттермен жолығып, онлайн-оқыту жүйесі бойынша пікірлерін тыңдады.

– 16 наурыздан бастап колледждер мен ЖОО-ларда студенттер сабақты қашықтан онлайн түрде оқуға көшті. Қалалық студенттер болмаса, жан-жақтан барып оқып жатқандары ауылдарына қайтып келді. Солардың қатарында Кіндікті ауылының студент-жастары да бар. Солармен кездестім. Нұр-Сұлтан, Алматы, Семей қалаларынан жиыны 20 студент келген екен. Олардың қойып отырған мәселесі біреу ғана ол – сабақтарын онлайн түрде оқу үшін интернет жылдамдығының төмендігі, – дейді аудан әкімі.

Анығы сол, мұндағы Wi-Fi - 2Gжылдамдығы төмен болғандықтан онлайн-лекциялар тыңдау қиынға соғуда. Ұялы байланыстағы WhatsApp желісі хат жазысуға ғана болмаса, аудиожазба мен бейнежазбаларды оқымайды. Десе де аудан басшысы қол қусырып отырмай, тығырықтан шығар жол іздеп, студенттермен пікір алмасқан. Оқуға ықыласы артып тұрған жастардың ойын білген Серікқазы Садуақасов ауыл әкіміне жоғары оқу орындарының оқу ісі жөніндегі проректорларына арнайы хат жолдап, жағдайдың шешімін екі жақтап қарастыруды тапсырды. Қазіргі уақытта студенттердің жазбаша тапсырмаларын ауыл әкімшілігіндегі және Ғ.Мұратбаев мектебіндегі интернет желісінің mail.ru электронды почтасы арқылы алып-жіберуге мүмкіндік бар.

– Бұл орайда «Қазақтелеком» АҚ филиалы – Шығыс өңірлік телекоммуникация дирекциясы басшылығымен де бір келісімге келеміз. Ең бастысы, студенттеріміздің аман-есен ауылға оралғандығы, дендерінің саулығы. Олардың қашықтықтан оқуына қалай мүмкіншілік жасаймыз, оның ендігі механизмі қандай болады? Осы мәселені жан-жақты қарастырып, шешуге тырысамыз. Сол үшін бүгін Кіндікті ауылының студент-жастарымен кездесіп, ой-пікірлерін тыңдадым, – дейді жауапты тұлға.