Тарбағатай ауданында такси жүргізушісі мен жолаушыны пышақтап тастаған ер адам сотталды

821
көрілім

Тарбағатай ауданында ащы суға тойып алып, «батырлығы» ұстап кеткен ер адам бейтаныс такси жүргізушісі мен жолаушыны нақақтан нақақ пышақтап тастаған, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Көпқабатты тұрғын үйдің ауласында мас күйінде жүрген еркек жақын маңда тоқтап тұрған Ваз-21015 көлігін көреді. Жолаушы тасымалдап өз нәпақасын тауып жүрген такси жүргізушісінің қасына таянған ол бейтаныс жанға ешқандай себепсіз іздене жөнелген. Кенет қалтасына салып жүрген шаруашылық-тұрмыста қолданылатын асхана пышағын қолына алған ер адам суық қарумен жүргізушіні сол жақ кеуде тұсынан жаралайды. Бұнымен қоймай, көзі қанталап кеткен тарбағатайлық жүгін алып жатқан жолаушыны көріп, оның сол жақ арқа тұсына пышақ сілтеген.

Осыған байланысты сот Тарбағатай аудандық №2 сотында қаралды. Сот шешімімен екі адамды жаралаған айыпталушы 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.