Тарбағатай ауданындағы бірқатар ауылдарда абаттандыру жұмыстары қолға алынуда

1207
көрілім

Бір мезетте аудандағы барлық мәселенің басын шалып, нақты тапсырмалар беру құлазып жатқан өңірге қуаныш әкелері хақ. Қазіргі дүйім жұрттың дүрмегіне айналған дүрбелең де кім-кімге болсын ес жиғызуға мүмкіндік бермей тұр. Енді-енді көктем көркіне бойұсынып жасана бастағанда Тарбағатай ауданының әкімі түрлі сала төңірегінде нақты жоспарлар бекітілгенін жазды. Өзі жұмыс бабымен атізін салған ауылдарда бір өзгеріс боларын мәлімдеді. Қазірден бастап бірқатар елді мекендерде абаттандыру жұмыстарын жүргізу күн тәртібіне қойылған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Тасжолдар тегістелуде

Аудан басшысы Серікқазы Садуақасов аудандық маңызы бар жолдардың ғана емес, ауылдар арасындағы тасжолдар сапасының төмендемеуіне де мән беруде. Газет тілшісі осыған дейін жол сапасы жөнінде бірқатар аудан әкімдеріне сұраухат жіберген еді, олар шағын елді мекендерге апаратын және ауылдар арасын жалғайтын тасжолдар жөнінде тіс жармады. Белгілі болғандай, осы жылы тарбағатайлықтар өтініші ескеріліп, біршама жұмыстың шеті көрінгелі тұр.

– Ақсуат пен Тана мырза ауылы аралығындағы тасжолдың жай-күйін Ойшілік ауылдық округінің әкімімен талқыладық. Бұл жолмен тек Тана мырза ғана емес, Есім елді мекенінің, сол маңдағы бірнеше қыстақ тұрғындары аудан орталығына, басқа ауылдарға қатынайды, – дейді Серікқазы Құсайынұлы. – Қазірде «Ақсуат» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның тиісті техникалары топырақ, қиыршық құм төгу жұмыстарын аяқтауға жақын қалды.

Аудан әкімінің сөзінше, бұдан кейін жол бетіне су бүрку жұмыстары атқарылып, тегістейтін катокпен біркелкі етіліп тапталмақ. Ауылдың жарықтандырылуы да ауқымды жұмысты қажет етеді. Ақсуаттықтардың айтуынша, жалғыз трансформатордың күші әлсіздеу болғандықтан кешкісін үйдегі жарық «сығырайып» қалатын көрінеді. Бұл алдымен оқушыларға, ауылдың қарттарына оңайға түспейтіні айтпаса да мәлім. Бастысы, жауапты тұлғаларға тапсырма берілді, олардың қанша уақытта орындайтындығы алдағы күндер еншісінде.

Көпір мәселесіне көз жүгіртті

Ақжарлықтар атынан сөз алып, ауылға кіреберістегі көпір мәселесін жеткізген Мейрамбек Мамыровтың (аты-жөні өзгертілген) сөзі де ескерусіз қалмай, аудан басшылығының назарына іліккен. Ауыл тұрғынының сөзінше, көпірдің сол жағында жолға қарай ішкері еніп кеткен жеке үйдің қоршауы жолды көлегейлейді. Соның салдарынан қарама-қарсы бағыттан өтіп жатқан көліктер апатты жағдай туғызып, жаяу жүргіншілерге де қауіп төндіреді.

– Әрине, мәселе орынды. Біріншіден, бұл көпір облыстық жолда орналасқандықтан «ОблШығысЖол» мекемесімен келісіле шешімі қарастырылады. Алдымен тиісті комиссия құрып, соның қорытындысы негізінде жобалық-сметалық құжаттама жасалады. Содан кейін көпірді жүргіншілерге қолайлы болатындай жерге орналастыру жағын қарастырамыз, – деген аудан басшысы көпір маңының абаттандырылатынын да мәлімдеді.

Жоспарда 100 үй тұр

Талай ауылдарға барып, қазіргі тіршілігінен құлағдар болған аудан басшысы қозғалған мәселелер төңірегінде тиісті тапсырмалар беріп, өзі де жағдайды бақылауға алатындығына сенім мол. Оған қоса, қазіргі салынып жатқан баспана құрылысы да өз деңгейінде жүргізілуде. Мәлім болғандай, аймақ басшысы Даниал Ахметовтың қолдауымен Ақсуат пен Ақжар ауылдарынан мемлекеттік-жекешелік серіктестікпен баспаналар салу қолға алынған. Айталық, жергілікті кәсіпкер Қайрат Қожахметов Ақжардағы тұрғын үй құрылысына қызу кіріскен. Жалпы аумағы 100 шаршы метрлік үйлердің қабырғасы газоблоктан тұрғызылуда.

– Жарық бағандары, кәріз жүйесі, ауызсу іргесіне дейін келіп тұр. Әзірге 10 үйге келісімшарт жасалмақ. Яғни, кәсіпкер салған үйлер бюджет есебінен сатып алынады. Баспаналар кезекте тұрған көпбалалы отбасыларға беріледі. Жоспар бойынша Ақсуатта – 50, Ақжарда – 50 баспана салуды межелеп отырмыз, – деген аудан басшысы әлі де ауылдар келбеті кіре түсетінін мәлімдеді.