Тарбағатай ауданының әкімдігі АИ 92 маркалы жанармай бағасының тұрақталғандығын мәлімдеді

595
көрілім
Шартты фотосурет

Тағаты таусылып, амалы қалмаған ақжарлықтар аудан әкімдігіне жүгінді. Кейін газет редакциясына қоңырау шалған Тұғыл, Ақсуат ауылының тұрғындары жанармай бағасының қалтадан қағатын мөлшерге жеткендігін хабарлады. Біріншіден, жуырда Президент берген тапсырмаға сәйкес жанар-жағармай, газ бағасын тұрақтандыру бойынша берген тапсырманы алға тартты. Жергілікті билік әлі орындауға асықпай жатқандарын жеткізді. Мәселенің мән-жайына үңілу үшін аудан әкімдігіне сұраухат жіберген едік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Бағаны реттеу бүгіннен басталсын!»

Жауап көп күттірмей жетті. Бірден жағымды жаңалықтан басталды. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, тұрақтандырылған екен. Осыған дейін әлеуметтік желілерде таралған бейнежазбаларда аудандағы өзге де мәселелер көтерілді. Тіпті Ақжарға көршілес ауылдардан ағылған жандар «Ақбұлақ» бағдарламасына сәйкес таза ауызсудың әлі тартылмағанын, көмірдің қымбат бағамен сатылғанын, кейбірі Ақсуат пен Ақжар көлемінде жұмыссыздық деңгейінің артып тұрғанын тізбелеп берді. Аудан әкімі Асхат Смаилов бірқатар жауапты тұлғалармен бірлесе, айтылған талап-өтініштердің әрбіріне құлақ асып, түйткіл кезең-кезеңімен шешімін табатындығын мәлімдеді. Дегенмен осылардың ішінде ең өзектісі деп көпшілік – АИ 92 маркалы жанармайдың литрі 215 теңгеден сатылып жатқандығын жарыса жеткізді.
– Ақжардан іргеміздегі Зайсан қаласына дейін 100 шақырымдай. Ол жақтағы «ҚазМұнайГаз» АҚ-ға тиесілі екі жанармай құю станциясы (ары қарай ЖҚС) бар, сонда бір литрі 183 теңгеден сатылып жатыр. Дәл сол бағаны біздің ауылдарға да әкеп бекітсе, тұрғындар иығынан бір жүк түскендей болар еді. Мейлі, тым құрығанда 190 теңгенің айналасы болсын. Жанармай мәселесін осы бастан шешуді қолға алған жөн, – десті ақжарлықтар.
Екі күнде енген өзгеріс
Естеріңізде болса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасына сәйкес жуырда ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов жанармай түрлерінің шекті бағасын атаған болатын. Сонда АИ 92 және АИ 93 маркалы бензині 182, ал АИ 95 жанармайының бір литрі 215 теңгеден саудалануы тиіс екендігі көрсетілген. Мәлім болғандай, АИ 92-ге қатысты өзгеріс Тарбағатай ауданын да қамтыған. Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Мауадиновтың сөзінше, жұмыс істеп тұрған 15 ЖҚС-тың біреуі Омбы-Майқапшағай тасжолы бойындағы Ақмектеп елдімекенінде орналасқан.
– Қаңтар айының 14-нен бастап Ақсуат ауылында, 15-ші қаңтардан Тұғыл мен Ақжар ауылдарында бекітілген бағаға сәйкес АИ-92-нің бір литрі 182 теңгеден саудалануда. Жанар-жағар май құю станцияларының қожайындары осы өнімді Жаңғызтөбе станциясынан, Өскемен мен Павлодар қалаларындағы топтап босататын ірі қоймалардан тасымалдайды. Аталған қалалардағы қоймаларда АИ 92 жанармайының топтап босатылу бағасы 170 теңге мен 176 теңге аралығында, – деді Қайрат Мұратқазыұлы.
Шығындар шын кедергі
Кәсіпкерлер неліктен қымбат бағаны төмендетуге асықпады? Тіпті әлеуметтік желідегі жазбаларда бір мезет 215 теңгеден жоғары болғандығы жазылып, мұны телефон арқылы да жеткізді. Алайда әкімдік өкілдері бұл мәліметті жоққа шығарып, жаңсақ ақпарат деді. Әсіре қымбат бағаның басты себептерінің бірі – өнімдерді саудалаушы ЖҚС қожайындарында жанармай мен дизель отындарын тасымалдайтын арнайы жүк көліктері жоқ. Ал 20-26 тонналық бензин тасымалдайтын жүк көліктеріне әр барып-келгендері үшін литріне Жаңғызтөбеден 8-9 теңгеден, Өскемен мен Павлодар қалаларындағы топтап босататын қоймаларда жол ақысына 13-14 теңгеден төленетіндіктен біршама қымбатқа шығатын көрінеді.
– Оның сыртында операторларға төленетін еңбекақы, электр қуаты, акциз және басқа шығындарға төленетіндігін ескерген жөн. Қазіргі уақытта аудан көлемінде аталған маркалы бензиннің бір литрі 182 теңге, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Компаниялар көмек көрсетпеді
Белгілі болғандай, осыған дейін аудан тұрғындарын арзан әрі сапалы жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мақсатында әкімдік тарапынан «Petro Retial», «ҚазМұнайГаз», «Royal Petrol», «Шығыс жанармай «сынды ЖШС-ларға қызметтік қатынастар жолданған. Алайда аудан топырағында аталған өнімдерді босататын компания филилалдарын ашуға көмек көрсету қолдау таппай, компания басшылары әзірге жоспарда жоғын жеткізіпті. Ал Ақжар, Ақсуат тұрғындары бұған дейін "ҚазМұнайГаз" бен "Royal Petrol" ЖШС тарапынан филиал ашылса деген талап-тілек білдірді.
– Бұл ретте қаңтар айының 10-ы күні Ақжар ауылында округтегі жанар-жағармай саудалайтын станция қожайындары мен бірқатар ауыл тұрғындары тізе қосып, жиын өтті. Әкімдік өкілдері, кәсіпкерлер палатасы аудандық филилалының директоры Т.Жақыпбаев қатысып, тұрғындар қойған сауалдарға толықтай жауап бе­рілді, – деді Қайрат Мауадинов.

Жауапты тұлғаның сөзіне сенсек, аудандағы дизель отынының орташа бағасы – 260 теңге.

Жылда көтерілетін мәселеден ығыры мен дығыры шыққан соң кейбірі бұны өз беттерінше шешіп көруге әрекеттеніп жатқан көрінеді. Әкімдік ұсынған жауапқа сәйкес Тұғыл ауылының тұрғыны С.Қайдаров қазіргі уақытта ЖҚС ашу үшін тиісті құжаттар жинақтауда.
Әділхан ЕСІМХАНОВ