Тарбағатай ауданының Көкжыра ауылында «Елбасы аллеясы» ашылды

1179
көрілім

Тарбағатай ауданы Көкжыра ауылының кіреберіс тұсында «Елбасы аллеясы» ашылды. Бұл 2010 жылы ауданда болған су тасқынынан зардап шеккендерге көмек қолын созған Нұрсұлтан Назарбаевқа деген халықтың алғысы, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

2010 жылы Тарбағатайда болған су тасқыны аудан жұртшылығының есінен кеткен жоқ. Сол бір төтенше жағдайдың кеселінен қаншама отбасының қорадағы малы қырылып, үйлеріндегі дүние-мүліктері қолданысқа жарамсыз болып қалды. Сол кезде ауданға келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қысылтаяң шақта халықпен бірге болып, мемлекеттік органдардың жедел іс-әрекет етуін тікелей қадағалады. Нәтижесінде, Көкжырада – 210, Жәнтікейде – 191, Көктүбекте – 24, Ойшілікте – 8, Шорғада – 7, барлығы – 443 үй жаңадан салынып, ел игілігіне берілді. Сондай-ақ, 2 мектеп, 2 байланыс торабы, 2 дәрігерлік амбулатория мен көпірлер салынды.

Елбасының еңбегіне көрсеткен халықтың құрметі ретінде Президенттің тікұшақтан түсіп, табаны алғаш тиген жерге, яғни, Көкжыра ауылының кіреберіс тұсына «Елбасы аллеясы» салынды. Аллеяның салтанатты ашылу шарасына қатысқан аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев бұл «Елбасы аллеясының» Көкжыра ауылының мақтанышына айналатынын, жастардың, жаңадан шаңырақ көтергендердің сүйікті орны болатынын жеткізді.

Ерлан БАПАНОВ