Тарбағатай ауданының Жалаңаш ауылына апаратын жолға көпір қажет

814
көрілім
Шартты фотосурет.

Суырлы таудың баурайынан бастау алатын Орта Ласты мен Шет Ласты өзендері Құйған ауылының маңында тоғысып, Ласты өзеніне ұласатыны белгілі. Тіршілік тамырына айналған өзендердің бойын қуалай орналасқан елді мекендер үшін тау саясы таптырмайтын жер екені де белгілі. Алайда көктем-күзгі су тасқыны кезінде өзендердің өткел бермей, қысқы қырауда қырбақ мұзы қалыңдамай халықты әуре-сарсаңға салып қоятыны тағы бар. Мұның тауқыметін Жалаңаш ауылының тұрғындары ерекше тартуда, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Жолда жерленетін шығармыз!

Сан ұрпақтың басын ауыртып, балтырын сыздатқан мәселе биыл да бой көрсетіп, мамыр-маусым айларында елді мекеннің тұрғындары үлкен өмірден қол үзіп қалғандай күй кешті. Көпір салдыру мәселесі уайымдататын жалаңаштықтар газет редакциясына қоңырау шалып, жергілікті биліктің назарын аудартуға тырысты.

Өмірімнің 47 жылдан астам уақытын осы ауылда өткізіп келемін, – дейді Жалаңаш ауылының Ниғметолла Мамырбеков есімді тұрғыны. – Жол азабын тартып біттік. Жылда көпір салып, жолды жөндеп береміз деп уәдеге тойдырып қояды, бірақ қолға алғанын көргеніміз жоқ. Көктемгі су тасқыны кезінде ортадағы өзен өткел бермей, мал-жанымызды ары-бері өткізе алмай қаламыз. Бірде ауылдағы ақсақалдардың бірі қатты сырқаттанып, өтетін көпірдің жоқтығы кеселінен орталық ауруханаға жете алмай жолда қайтыс болған еді. Суға кетіп мерт болған азаматтар жайын айтпай-ақ қояйын. Болашағы жоқ ауыл деп мәселеге көз жұма қарағанды қашан қояр екен биліктегілер?

Әке көрген қиындықты ұрпағы көрмесін…

Осы жол мен өткелдің азабын әкем тартып еді, – дейді Қайролла Тыныбеков есімді ақсақал. – Одан кейін оның баласы мен де 60 жыл бойы осы мәселенің шешілмей келе жатқанына куә болып келем. Ендігі арманым, кейінгі ұрпағымыз біз көрген азапты көрмесе екен деймін. Осы жолдың кесірінен балаларымыз ауылдан көшіп кетіп жатыр. Кейін біз сияқты шекаралық аймақта кісі қалмай ма деп қорқамын. Қос көпірді емес, Құйғанның тұсындағы өзенге бір көпір салып берсе – соған да разы болар едік.

Кезінде ауылымызда 130-ға тарта отбасы болған еді, – дейді атын атамауды өтінген ауыл тұрғыны. – Бүгін соның 30 шақтысы ғана қалды. Мұның себебі осы жол азабынан деп ойлаймын. Ауданымыздың бірнеше әкімі мен депутаттар мәселені көздерімен көріп, Құйған ауылының жанына көпір салмақшы болған, бірақ барлығы аяқсыз қалды. Көктем, қыс мезгілдерінде балаларымызды сабақтан әкелу қиын. Белуардан су кешіп, үрейге батамыз. Жалаңашта төрт сыныптық негізгі мектеп қана бар. Үлкен сыныптардағы балаларым Ақжарда тұрып оқиды. Қыс мезгілінде олардың келуі тіптен мүмкін емес.

Қимыл – бар, қаражат – жоқ!

Ауыл арасындағы өзенге өткел салу жөніндегі өзекті мәселенің жоқ еместігін айтқан Тарбағатай ауданы әкімнің орынбасары Қайрат Маудинов бүгінгі таңда Жалаңаш ауылында 231 тұрғынның барын хабарлады. Жалпы ұзындығы 26 шақырымға созылатын «Құйған-Жалаңаш» автожолы жағдайының нашарлығын, Орта Ласты, Шет Ласты өзендері тасыған кезде ауыл тұрғындарының азап тартатынын да хабарлаған ол аталмыш мәселенің ауылдық округ тұрғындарының көпшілік жиынында ауызша ғана айтылатынын алға тартты.

Аталған өзендерге көпір салу үшін республикалық, облыстық бюджеттерден қаржы қарастырылмаған, – дейді Қайрат Мұратқазыұлы. – Бұл жол бөлігіне аудан әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Ақсуат» МКК тарапынан тексеру жұмыстары жүргізілген. Орта Ласты өзеніне ұзындығы 48 метрлік көпір салу үшін жиыны 520 миллион, ал Шет Ласты өзеніне ұзындығы 16 метрлік көпір салу үшін 177 миллион теңге қаржы қажет. Жалпы жиыны 670 миллион теңге қаржы республикалық, облыстық бюджеттен бөлінбесе, аудан бюджетінің ондай қауқары жоқ.

Шенеунік осы уақытқа дейін көпір салу жөнінде жазбаша ұсыныстардың болмағанын айтады. Көпір салу мәселесімен ауыл тұрғындары аудан әкіміне, аудан әкімінің салалық орынбасарына немесе құрылыс, сәулет, ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне Ақсуат ауылы, Аманкелді көшесі, 1 үй мекенжайына немесе 21-886, 21-404 телефондары бойынша жүгінулері қажет.

***

Алты ай қыстың қыспағы мен көктем-күзгі су тасқыны тығырыққа тіреген жалаңаштықтар үшін көпір қажет-ақ. Десек те, қаражаттың жоқтығын сылтау еткен биліктің уәжі өрісте малы мыңғырған өңір үшін өзекті мәселенің бірі болып қала беретіні рас. Ең бастысы, өткел мәселесінің әкімдік тарапынан сараланып, көпірге қажетті қаражаттың мөлшері анықталғаны. Енді тек, жалаңаштықтар жазбаша өтініш түсірсе әкім-қаралардың мәселеге қарайласуы мүмкін көрінеді. Қалай десек те, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығара білсек берілмейтін белес болмайтыны анық. Біз бұл мәселенің қандай дәрежеде тұрғанына уақыт өткізе келе тағы бір қайырылатын боламыз. Ендеше әліптің артын күтелік…