Тарбағатай өңірінің тумасы Құралай Рахымбаева мүсін жасаумен айналысады

591
көрілім

Әйел затының цементтен құйма құйып, мүсін жасауы сирек кездесетін құбылыс. Шілденің шіліңгір ыстығы мен қаңтардың қақаған аязына қарамай тер төккен кейіпкеріміздің еңбекқорлығы бізді таң қалдырды. Жеті жасынан бастап өнердің өрісіне бет бұрған ол бүгінде 20-ға жуық мүсіннің авторы. Құйма өнерінің шебері тарбағатайлық Құралай Рахымбаева Зайсан ауданында тұрып жатқанына биыл 11 жылдан астам уақыт болды. Содан бері көк мүсінмен көсегесін көгертіп келеді.

«Көпшілік мұны ер адамның ісі деп санайды»

Кез келген адамның ырқына көне бермейтін құйма өнердің қызығы мен қиындығын Құралай Рахымбаева жақсы біледі. Себебі ол осы бір мүсіншілік өнеріне жан-тәнімен берілген еді.

– Бұл өнер маған нағашыларымнан дарыды десем болады. Олар сондай бір талантты кісілер болатын. Оқушы кезімнен сурет өнеріне бейім болдым. 7-сыныптан кейін Алматыдағы көркемсурет колледжіне оқуға түстім. Оқу орнын бітіргеннен кейін туған жерім Тарбағатай ауданы Ахметбұлақ ауылына келіп өнер мектебінде сурет пәнінен сабақ бердім. Кейіннен Зайсан ауданындағы әскери бөлімде мүсінші болып жұмыс істедім, – дейді Құралай Рахымбаева әңгімесін бастап.

Зайсанның әр көшесіндегі мүсіндердің көбісі кейіпкеріміздің өз қолынан шыққанын біреу білсе, біреу білмес. Естір құлаққа таңданыс тудырғанымен шебердің өнерге деген махаббаты барлық қиындықты қайырып тастаған еді. Біле білсек талант та талаптыға жолығады екен.

– Әр дүниенің өзіндік қиындығы болатыны рас. Десе де адам алдына мақсат қоя білсе, арманына жетеді екен. Көпшілік мұны ер адамның ісі деп санайды. Егер мен бұл маған лайықты емес екен деп мүсіншілікті тастап кетсем, онда өнерге қиянат жасаған болмаймын ба? Көп жағдайда адамдар қолынан келмейтін дүниені қиындық санап жатады. Меніңше, ол қате тұжырым. Пенденің қолынан бәрі келеді. Тек ниет пен ынта болсын деңіз, – дейді ол.

«Мүсінді көбінесе цементтен жасаймын»

Мүсінші өзінің арнайы шеберханасы болмаса да туындыларын қыста үйде, ал жазда сыртта,аулада жасайтынын айтты.

– Мүсінді көбінесе цементтен құямын. Басқалай металдардан жасағанға материалдық жағдайым жар бермейді. Сондықтан үй ауласында жасауға тура келеді. Демеушілер табылып, қолдау көрсетсе өз шеберханам болса деп армандаймын. Себебі қыстыкүні тапсырыс болған жағдайда үйде жұмыс істеуге тура келеді. Кей кездері көлемді құймалар жасауға тура келгенде шарасыз суықта істеуге тура келеді, – дейді Құралай Рахымбаева.

Кейіпкеріміздің арман-тілегін аудан әкімдігі елеусіз қалдыра қоймас. Себебі шебердің туындылары қаланың көркіне өзгеше сән қосып тұрғанын айта кеткеніміз жөн. Желтоқсан боздағы Қайрат Рысқұлбековтің, орталық көшедегі асау үйреткен бала, қалаға кіре берістегі домбырашы ата сынды бейнелер көңілге қуаныш сыилары анық.

Айта кетейік, кейіпкеріміз жақында ғана кейіпкеріміз бірге өскен құрбысы, Желтоқсан оқиғасының батыр қызы Сәбира Мұхамеджанованың тасмүсінін жасап, тарбағатайлық жерлестеріне сый жасады.

– Бір жұмысты ең ұзақ дегенде бір айда жасап бітіремін. Ең үлкен құйған мүсіннің бойы бес метрге таяу болды. Кей кездері құйма мүсін бірден сәтті шықса, кейде сәтсіздікке де тап болып жатамын. Сол үшін бейнені дұрыстап зерттеп алған жөн, – дейді кейіпкеріміз.

Иә, шынында да, өнер тек өзін қадірлей білген жанға ғана қонады екен. Жалғызбасты ананың қолынан шыққан мүсіндер кім-кімді болмасын таңқалдырары хақ. Әйел затына тән болмаса да цемент пен шаңның ортасында күн кешіп келеді. Себебі ол өз ісіне шынайы берілген жан.

Таунар ҚАЙРАТ