Тарбағатайлық Сандуғаш Долданқызы алпыс жыл ғұмырын оқу-ағарту ісіне арнаған

5290
көрілім

Ұстаздар қауымына қарата айтылған қаншама қанатты сөздер бар. Өмір ағысы, оқиға желісіне қарап қайсыбірін айтсақ та орынды. Тіпті заманының заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов атамыздың «Мұғалімнің ұдайы жақсы оқитын балаларға ғана сүйсініп, ылғи соларды ғана оқытуы дұрыс емес» дегені бүгінгі мақала кейіпкерінің өмірлік ұстанымын ескере отырып айтылған ба дерсіз. Сөзбұйдаға салып неміз бар, ұстаздар күні қарсаңында 60 жылға жуық ғұмырын саналы ұрпақ тәрбиесі мен оқу-ағарту ісіне арнап, келешек ұрпақтың ұстасына айналған Сандуғаш Қадырбекова жайлы жазуды жөн санадық. Тарбағатай өңірінің тумасымен жолығып, өз уақытын аямай, өзгенің уақытын аялап өткен еңбек жолы жайлы суыртпақтап сыр тартып көрдік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қаршадай күнінен кірпіш құйып...

Сандуғаш Долданқызының үйіне барғанымызда алғаш жұмысқа кірген күнінен бастап өмірдің асау ағысымен жүзіп, қалтарыс-бұлтарысынан өткен қазіргі сәтіне дейін рет-ретімен жазылған бума-бума парақтарды көрдік. Әншейін жазылған есеп, күнделік емес, өзі құнды санайтын қайтып келмес сәттер мен еңбегі еленіп, ащы термен жеткен тәтті жеңістің көріністері көзге алыстан-ақ басылды. Сұхбатымыздың соңына қарай көзіміз жетті, Сандуғаш апамыз ұстаздар династиясын абыроймен жалғай білген бірегей маман екен. Сабақ беру тәсілі де сан қилы. Республика көлемінде есімі белгілі ұстаздың бәйгелі бабынан аламан шабуылға шыққан сәтіне дейінгі аралыққа тоқталайық. Кейіпкеріміздің кіндік қаны тамған жерін сөз басында айтып кеттік. Балалық шағы Ақжар ауылында өтті. Сол жерде жеті жылдық орта мектепті тәмамдап, Қызылордадағы педагогикалық училищеге жол тартады. Айтуынша, ол кезде тоғызжылдық мектеп болмаған. Небәрі 13 жастағы қаршадай қыздың алды тұман, арты күмән болғаны да рас. Арман қуып оңтүстік өңірге аяқ басты. Дегенмен Шығыстың мінезді де өжет қызы айтарлықтай артынып-тартынып барды. Бойында бар біліміне бек сенімді. Орыс тілінен бейхабар, жат өлкеде құшақ жайып күтіп отырған ешкімі жоқ жасөспірім қыз сынақтан сүрінбеді. Қайда барарын, қай тұста аялдарын бір бет параққа түртіп алып, қажет мекенжайларды жазып алған жерлесіміз Қызылордаға 40 сом ақшамен барған. Сол ақшаның өзін ауылда жер үйлер салына бастағанда апталдай азаматтармен қатарласа кірпіш құйып жүріп тапқан. Он үш жасында! «Талаптыға нұр жауар» деген тіркес те осы жерге сұранып тұрғандай. Осындай жанкешті қадамнан соң қаршадай болса да қайтпас мінезі оңтүстік өлкеде студент атануға мүмкіндік берді. Ақжарлық бұрымды үйге қайтуға оқталды. Қайта алмады. Жол-пұлын төлеуге мүмкіндік болмады. Ақыры училищедегі қызметкерлерге жағдайын айтып, «осы жерде қалсам рұқсат па, оқу басталғанша бір жұмыс тапсырсаңыздар орындауға әзірмін» деген. Қала ішінде жүріп-тұруы, күнделікті талғажау ететін ас-суын табуы өзінен басқа өзгенің бас қатыруына негіз болмаған.

– Сөйтіп олар маған жұмыс тауып берді. «Сен мына парталарды сырла» деп, жұмысыма қарай тиын-тебендерін төледі. Сол ақшаға көйлегімді, киім-кешегімді сатып алдым. Оқу жылы басталғанда жатақханадағы жататын жеріміз, тамағымыз тегін болды. Үш жылда өз бағытымнан таймай, білім ошағын қызыл дипломмен аяқтап, мектепке дейінгі білім беру мамандығын алып шықтым, – деді Сандуғаш апа.

17 жасында мектеп директоры

Білдей білім ордасын үздік бітірген Сандуғаш Долданқызына 1962 жылы 15 тамыз күні Ақжардағы аудандық оқу бөлімінен шақырту түседі. Қай күні бару керектігін де білмеген 17 жастағы бойжеткен аудандық оқу бөлімінің басшысы Алексей Кравцовпен жолығады. Төбеден төніп түскен ұсынысты естігенде өзі де абдырап қалады. Рас, «Андреев бастауыш мектебіне директор болып барасың» дегенді есту үш ұйықтаса да түсіне кірмеген. Еңбек жолын бастауыш мектебінің тізгінін ұстаудан бастаған Сандуғаш апамыз сол жылдары кейіннен республикаға танымал бірқатар жандарға білім беріп, дұрыс бағытын сілтей білгенін мақтанышпен айтып отырды. Айталық, қоғам белсендісі Түсіпхан Түсіпбеков, айтыскер ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Абаш Кәкенов және тағысын тағы. Өңір көлемінде етене таныс есімдерге білгенін үйретіп қана қоймай, 30 жыл жөндеу көрмеген бастауыш мектептің еденіне дейін қопартқызып, аудандық оқу бөлімінің қызметкерлеріне көмек беруге қолқа салады. Әлі 18-ге де толмаған жас маман өзінен едәуір ересек қызметкерлердің қыр-соңынан қалмай ақыры дегеніне жетеді. Өз ортасынан өжеттілігімен дараланған жерлесіміз жеті ай өткен соң бірден аудандық комсомол комитетіне қызметке шақыртылады. Ізгі ниетті бұрымдының іркілмей, ісінің ілгерілей түсуі осы кезден басталды. Араға жарты жыл, 11 айдай салып біліктілігі артып, лауазымы да жоғарылай түсті. Шаршы топ алдында қаймықпай сөйлей білген Сандуғаш апамыз Жоғарғы Кеңес өткізген жиындарға жиі қатысатын. 21 жасында сондай шараларға қатысу екінің бірінің маңдайына жазылмаған жауапты іс еді. Ахметбұлақ ауылындағы мектепке оқу ісінің меңгерушісі қызметінде жүріп те тағдыр талайы тапалағанда түрлі тосын сыйларға әзір жүрді. Шекара заставасы бастығының орынбасары болып, Кеңестер Одағы мен ҚХР арасындағы шиеленісті жағдайда ауыл іргесіне жатжұрттықтар еніп кетсе бүкіл ауылды ұйқыдан ояту жұмысы тапсырылған. Оған қоса Сандуғаш Долданқызына Әйелдер кеңесін басқару жүктелген-тұғын. Дегенмен әр нәрсеге тереңдей үңіле білетін маман тек оқытушылық қана емес, халық ағарту ісіне де белсене қатысқан.

– Ауылда бір қыз жүкті болып қалса аудандық комитет «сен қайда қарап жүрдің?» деп сұрайтын. Ол кезде біз басшылыққа қарсы уәж айту дегенді білмейміз. Сонда мен әлгі қыз бен жігітті шақырып алып, екеуімен оңаша сөйлесемін. Сөйтіп жүріп екеуін үйлендірдік-ау әйтеуір, – дейді ақжарлық ұстаз әңгімесін сабақтай түсіп.

Қазақтың Қанипасымен даң құрдас

Осы тақылеттес талай жағдай орын алған екен. Жоғары жақтан жүктелген міндет болмаса да апамыз халық ағарту ісіне өздігінен атсалысқан. Қарым-қабілетіне қарай аудандық комитет шешімімен аудандық оқу бөліміне қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімдеріне методикалық көмек беретін әдіскер етіп тағайындайды. Осы жерде табан аудармай тоғыз жыл қызметте болғанын басшылық, ел-жұрт еңбегін байқап келеді. Еңбек демалысы кезінде Покровка ауылында тәрбиеші болып жүргенінде облыстық, аудандық атқару комитетінің өкілдері аядай ауылға арнайы іздеп барған. Сөйтсе маман жетпей жатқанда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Александр Протозанов «кадрды шұғыл тауып келіңдер!» деп қарамағындағыларға дүрсе қоя берген. Айдың күні аманында пионер лагеріне суыт келіп жеткен үшеу жерлесімізді қоярда-қоймай көндіріп алып кетіп, облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының қазақ тілі мен әдебиет кабинетіне меңгеруші етіп бекітеді. Алда мұғалімдердің білімін көтеру үшін ұстаздар даярлау міндеті тұрды. Тізіп шыққан мамандар ішінде есім-сойы елге мәлім Қанипа Бітібаеваның аты аталғанда елең еткеніміз рас. Жиырманың бесеуін аралаған білікті маман аудандарды аралай бастады. Тарбағатай ауданына атбасын бұрғанында Семейде педагогикалық институтын қызыл дипломмен тәмамдаған Қанипа Омарғалиқызының сабақ беру әдісіне лайықты бағасын берді. Апамыздың сөзіне сенсек, екеуі даң құрдас. Тек кейіпкеріміздің еңбек өтілі артық. 17 жасында-ақ жауапты жұмыстарға білек сыбана кірісіп кеткені осындайда байқалса керек. Тіпті сол кезде Сағыр ауылындағы орыс мектебіне қазақ тілінен беретін ұстазды да жетеріне жеткізе дайындай білген.

Жауапты жұмыс кезіндегі жанкештілік

Шәкірт тәрбиелеу бағытында білікті мамандардың үлкен өміріне даңғыл жол ашқан мерейлі ұстаздың ғұмырында естелік қып айтар сәттер жетіп артылады. Осының бірі – бірегей педагог, «Қазақтың Маресвьеві» атанған, Марқа өңірінің айтулы азаматы Құмаш Нұрғалиев хақында. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, екі аяқ, бір қолынан айырылған өжет жанға «Халық мұғалімі» атағын берерде тиісті жұмыстарды реттеу облыстық партия комитетінен Сандуғаш Долданқызына жүктелді. Боран ауылындағы мектепке барарда «Сіз абай болыңыз, ол кісіге қарсы шығатын адамдар коллектив ішінен табылады. Сондықтан әр сөзіңізді аңдап айтқаныңыз жөн» деп кеңестер айтылған. Ал Құмаш Нұрғалиев атамызға сол атақты беруге бәз біреулер кедергі болып, үстінен арыз жазған. Негізі мұны Александр Протозанов тексеруге тиіс-тін. Алайда ол тапсырманы ақжарлық маманға тапсырған. Демек толықтай сенім артса керек. Оған қоса, барып келген сапарынан соң кейіпкеріміздің артынан ешқандай арыз жазылмауы тиіс. Сол кездегі Боран мектебінің директоры, яғни Құмаш Нұрғалиевке арыз жазғандар қандай да бір себептермен директорлық қызметтерінен алынып тасталған жандар болып шықты. Бір жақта Құмаш ата, бір жағынан облыстық партия комитеті… Сандуғаш Долданқызы екі оттың ортасына түспеу қамымен түні бойы бас қатырады. Ақыр соңында арыз жазған төртеу жайлы анық-қанығын біліп, жиып алып мектеп залында бас қосады. Қағаз жүзінде қазақ тілін тексеруге барған кейіпкеріміз іс жүзінде арыз мәселесіне үңілу үшін атізін салған. Біртіндеп сөз бастай келе мәселені төтесінен қойып қалады. Ешкім тырп ете алмады, себебі сүйеніш болар шындықтың ауылы алыстап кеткен еді. Әрбірінің олқылығын жіпке тізе отырып, берген қағазының сыртына «енді ешқайда қайталап хат жазбаймын» дегізіп, соңынан қолдарын қойдырады. Міне, осыдан кейін Құмаш Нұрғалиевке «Халық мұғалімі» атағы беріледі. Сайып келгенде соғыс мехнатын көріп келген арда азаматқа лайықты атақ-құрметтің табыс етілуі Сандуғаш Долданқызының әлі орда бұзар жасқа да жетпеген шағында жауапты жұмысты ың-шыңсыз орындауынан десек қапы айтпағанымыз.

Еселі еңбекпен өткен 58 жыл

Ұстаздың жүріп өткен жолынан айтылмаған ойлар, берілмеген мысалдар әлі қаншама. Сыры мен шынын бүкпесіз жеткізген тарбағатайлық тағылымды ұстаз 58 жыл ғұмырын ұстаздыққа арнаған екен. Ұстаздық дегеніміз жұпыны естілер, халық ағарту ісі дегеніміз орынды. Атқарған істеріне ой жүгірткеннен гөрі көкірекпен көз тастағанда аңғарғанымыз Сандуғаш апамыз сабақ барысын қорыта алмаған оқушыға ешқашан зекіп көрмеген. Айтуынша, ондай әрекет баланың меселін қайтарып, жігерін құм қылады екен. Сондай кішіпейілділігі, өзгелерден айрықшалап тұратын өжеттілігі, менмендік емес, мақсатына жету жолындағы асқақ кісілігі болар, бүгінде ардагер ұстаздың «Қазақстанның Құрметті азаматы» атағы бар. Ал мұндай марапатқа өңір көлемінде лайық шыққандар саусақпен санарлық қана. Одан бөлек, «Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы», «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» атақтары есімі облыс емес, республика көлеміне танымал екендігін аңғартады. Сандуғаш Долданқызы бірнеше ай бұрын ғана жетпістің алтауын толтырған. Кәріліктің ауылына жетсе де мойынсұнып отырған апамыз жоқ, сапалы кілемдер саудалап, кәсібін ұршықша иіріп отыр. Сөз арасында 33 жыл отасқан жары Мұрат Қадырбеков жайлы жылы естеліктерімен де бөлісті. Қазір қызы Гауһар апай, қылығы тәтті Мұрат, Руслан, Әминә есімді немерелерінің арасында Темірқазық іспетті бағдар беруде. Алладан амандығын тілейміз апамыздың. Бәлкім, газетіміздің алдағы сандарының бірінде Сандуғаш Қадырбековаға қатысты тағы бір мақала жарық көріп қалар. Алайда мақала желісінің мүлде басқа сипатта орын алуы әбден мүмкін.

Әділхан ЕСІМХАНОВ