Тарихта тұңғыш рет!

381
көрілім

«Алтай» волейбол клубы алғаш рет клубтық командалар арасындағы Әлем чемпионатына қатыспақ

Шығысқазақстандық «Алтай» волейбол клубының спортшы қыздары әлемдік деңгейде ең беделді саналатын клубтық жарысқа қатысады. Айта кету керек, бұл ел волейболы тарихында тұңғыш рет орын алып отырған зор мүмкіндік. Жуықта ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов, «Алтай» волейбол клубының спорттық директоры Досжан Уалханов және команданың бас бапкері Юрий Панченко баспасөз брифингін өткізді. Шара барысында волейболшылардың Әлем Чемпионатына қалай дайындалатындығы жіті талқыланды.

«Алтай» волейбол клубы әйелдер арасындағы ел чемпионатында жыл сайын топ жарып келеді. Алайда спортшыларымыз Азия чемпионатында азу тісі балғадай Жапония, Қытай сынды елдерден келген волейбол клубтарын жеңе алмай, екінші жыл қатарынан төртінші орынды қанағат тұтты. Десе де, алтайлықтарға Әлем Чемпионатына қатысуға мүмкіндік туып отыр. ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұған волейболшыларымыздың wild card иеленуі септік етті. Жуықта осыған орай, баспасөз брифингі ұйымдастырылып, оған ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, Алтай» волейбол клубының спорттық директоры мен команданың бас бапкері қатысты.

– Өскеменде клубтық Азия чемпионаты алғаш рет 2017 жылы өткізіліп, бірден оң бағаға ие болды. Соны ескере отырып, Халықаралық волейбол конфедерациясы (AVC) биыл да дүбірлі доданы қабылдауға сенім білдірген болатын. Чемпионат барысында Халықаралық волейбол федерациясының (FIVB) атқарушы комитеті кеңесінің мүшесі Став Якоби қатысты. Құрлық додасы мәресіне жеткеннен кейін аймақ басшысы Даниал Ахметов аталмыш Федерацияға клубтық әйелдер командалары арасындағы Әлем Чемпионатына қатысуға ниет білдірді. Осы орайда, Халықаралық волейбол федерациясының басшылығы Азия чемпионатын ойдағыдай өткізген соң, облыс әкімінің ниетін құптап, беделді бәсекеде бақ сынауға wild card-ты табыстады. Айта кетейін, чемпионатқа құрлықтық конфедерациядан барлығы үздік он ұжым қатыса алады. Сонымен қатар, Халықаралық волейбол федерациясының шақыртуымен wild card-қа ие болған тағы екі команда бақ сынайды, – деді Асқар Можанов.

Әлем Чемпионатына команда жасақтау басталып кетті. Алайда «Алтай» волейбол клубының бас бапкері Юрий Панченконың айтуынша, аздаған қолайсыздықтар жоқ емес.

– Қазіргі жағдайымыз сәл қызық болып тұр, – дейді бас бапкер. – Клуб ойыншыларының басым бөлімі ел құрамасында өнер көрсетіп жүр. Сондықтан Әлем Чемпионатының іріктеу ойындарының аяқталуын күтуді жөн санап отырмыз. Осыдан барып, қай ойыншыларға иек арта алатынымыз белгілі болады. Ең алдымен Қазақстан Кубогіне қатысып, Ұлттық лиганың бірінші турында ойнауымыз керек. Осыдан кейін тыңғылықты дайындық жүргізетін боламыз. Одан бөлек, Түркияда жаттығу жұмыстарын жүргізу ойда бар. Құрамның нақты мүшелерін алдағы уақытта айтамыз.

Аймақ басшысының бастамасымен 2015 жылы құрылған «Алтай» волейбол клубы ел волейболы тарихында клубтық командалар арасындағы Әлем Чемпионатына тұңғыш рет қатысқалы отыр. Әйелдер клубтары арасындағы бәсеке 1991 жылдан бастап қолға алынып, 2010 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Мұның алдында ауқымды жарысты Бразилия (1991, 1994 ж), Италия (1992ж), Катар (2010, 2012 ж), Швейцария (2013, 2015 ж), Филиппины (2016) және Жапония (2017) елдері қабылдаған екен. Осы жарыста Бразилия (1991, 1994, 2012 ж), Италия (1992 ж), Әзірбайжан (2011 ж), Ресей (2014 ж) және Түркия (2010, 2015, 2017 ж) ала допшылары алтын медаль иемденген екен.

2018 жылғы клубтық әйелдер командалары арасындағы Әлем Чемпионаты желтоқсан айының 2-сі мен 10-ы аралығында Қытайдың Чжецзянь аймағында өтетін болады.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ