Тасада қалған талант

958
көрілім

Аягөздегі ардаға танылған суретші Қалибек Айнажаров облысымызда не себепті еленбей келеді?

Қит еткен қиындық келсе қайратынан қайтып, қайта тұрмастай құлайтын қоянжүректерге Қалибек Айнажаровтың өмірі қиял-ғажайып ертегі болып көрінер. Тағдыр тәлкегіне ұшыраса да сағы сынбаған қайсар мінезді суретші жайлы 1986 жылы «Диагноз» атты фильм түсірілген. Дәрігердің дұрыс диагноз қоймауының кесірінен жалындаған жас шағында мәңгі-бақи мүгедек арбасына танылған кейіпкеріміз ағашты ойып салған туындыларымен дүниежүзінің назарына ілікті. Мәскеуде өткен «Бітімгер» бүкіләлемдік Альянсында халықаралық үйлестіру кеңесінің шешімімен «Дарын және қабілет» күміс медалімен марапатталғаны бұған бірден бір дәлел бола алады. Алайда шығармашылығы шетелдік журналдарда жарық көріп жүрген қылқалам шебері республика тұрмақ, біздің облысымызда ескерілмей келеді. Бұл аздай, аягөздік суретшінің авторлық құқығын бұзып, айлап жасаған туындыларын рұқсатсыз пайдаланғандар тым көбейіп кетті.

Кеудесін кек кернеп…

12 жасында аяғында діріл пайда болған Қалибек Айнажаровқа Алматы қаласындағы дәрігер теріс диагноз қойған. Осының салдарынан оған бір емес бірнеше мәрте ота жасалып, 21 жасқа толған шағында мүгедек болып қалады. Енді толысып, жастық шақтың қызығын көретін кезде арбаға танылу деген қандай қасірет десеңізші!

– Өзіммен шамаластар қыдырып, киноға, би кешіне барып жүргенде, мен үйде төрт қабырғаға телміріп отыруға мәжбүр болдым, – дейді Қалибек Айнажаров, – Ата-анама бір шелек су тасып бере алмайтын мүсәпірге айналу жаныма қатты батты. Емделу үшін талай жерге барып көрдік. Бірақ одан еш нәтиже шықпады. Бәрі алғаш қараған дәрігердің дұрыс диагноз қоймай, ота жасауының кесірінен болған.

Сөйтсе, 4 жылдық санитарлық-гигиеналық маман даярлайтын оқу орнын тәмамдаған сол ақ халатты адам мүлде хирург болмай шығады. Мұны білген Қалибек 1983 жылы кек қайтару үшін шолақ мылтық сатып алып, әкесі сыйлаған көлікпен Алматыға аттанады. Дәрігерге хат жазған ол сөйлескісі келетіндігін жеткізіп, кездесетін жерді белгілеген.

– Маған қарай күлімдеп келе жатқан дәрігерді көргенімде, зығырданым қайнап кетті. Лезде қолыма атыс қаруын алып, оған оқ аттым. Мақсатым – өлтіру емес, өзім сияқты мүгедек қылу еді. Сондықтан оның омыртқа тұсын көздедім, – дейді Қалибек Ішпекбайұлы.

Дәрігер жеңіл жарақат алып құтылған. Ал Қалибектің ісі сотқа жөнелтіліп, 3 жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалады.

Ағашқа ойып салады

Мүмкіндігі шектелсе де тіршіліктен күдер үзбеген кейіпкеріміз Мәскеудегі өнер университетінің фотокинематография бөлімшесін сырттай бітіреді. Осыдан кейін фото өнері саласында еңбек етіп, нәпақасын тауып отырған.

– Менің өміріме шуақ сыйлаған жан жарым – Айгүл. Әрдайым мейірімін төгіп, қолдау білдіріп келеді. Екеуіміздің бір ұлымыз бар. Мен үшін жанұям – өмірдің ажары, бақыттың кәусәрі, – дейді ол.

1997 жылы Қалибек Айнажаров ағашқа бедерлеп ойып сурет салумен айналыса бастаған. Кейіннен осы өнері арқылы халықаралық дәрежедегі марапатқа ие болатындығын сол кезде еш сезбепті.

– Туындыларымды жұрттың талқысына шығарар алдында көп ойландым, – дейді әңгімелесушіміз, – Менің шығармашылығыма халықтың қандай баға беретіндігі жұмбақ болды. Фотосуретке түсіру үшін талай жерді кезуің керек, ал мен мүгедек арбасымен қалай саяхаттай аламын? Сондықтан ағашты қашап сурет салуға ден қойдым. Бір картинаны бітіруге орта есеппен 1 айға жуық уақыт кетеді. Кейде одан да көп уақыт жұмсау қажет. Суреттерді салуда қарағай ағашын қолданамын. Мықтылығымен және қаттылығымен ерекшеленетін бұл ағашты ойып кескіндеу оңай шаруа емес. Бұл үшін сабырлық пен ептілік керек.

Аягөздік суретшінің шығармашылығына арқау болатын тақырыптар да сан-алуан. Оның туындыларында көбінесе аңыз-ертегілер, әлемдік мәдениет мен тарих сәттері көрініс тапқан. Оның ғаламтордағы сайттарға жарияланған суреттерін көрген жандар таңданыстарын жасыра алмай, талант иесіне қошеметтерін білдіріп жатады.

2009 жылы Қалибек Айнажаров Мәскеуде өткен «Бітімгер» («Миротворец») бүкіләлемдік Альянсында халықаралық үйлестіру кеңесінің шешімімен бейбітшілік идеясы және әлемдік мәдениеттің дамуына қосқан үлесі үшін «Дарын және қабілет» күміс медалімен марапатталады. Осылайша, кейіпкеріміз тек дүниежүзіне әйгілі суретшілерге беріліп келген бұл медальды алған алғаш қазақ болды. Сол уақытта арбаға танылған қылқалам шебері жайлы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жарыса жазып жатты. Ал шенеуніктердің суретшіге «тұрғын үймен қамтамасыз етеміз, жеке шеберхана ашып береміз» деп ауыз толтырып айтқандары өтірік емес. Ал бүгін олардың сол уәделері еш орындаусыз қалған.

– Суреттерім басқа мемлекеттердің журналдарында жарияланып жатса да, өз елімде, туған жерімде ескерусіз, елеусіз қалып бара жатқаным өзегімді өртейді. Кейбір шетелдік сайттарда менің туындыларым басқа елдің туымен жарық көріп жүр. Жергілікті билік тарапынан қолдау болмағаннан кейін шығармашылығымды шыңдай алмай отырмын. Әлі күнге дейін жуынатын бөлмені шеберхана ретінде пайдалануға мәжбүрмін, – деп суретші мұң-наласын жасыра алмады.

Авторлық құқығы аяққа тапталуда

Оның үстіне қазір қылқалам шеберінің туындыларын рұқсатсыз пайдаланып, автордың аты-жөнін көрсетуді жөн санамайтын құқық бұзушылар қаптап кетті. Мысалы Қалибек Айнажаровтың «Батырлар айқасы» атты туындысы жазушы Әкім Ысқақтың құрастыруымен Астана қаласында жарық көрген «Ақсауытты Ақтамберді» атты кітабының мұқабасына берілгенімен, сурет авторының кім екендігі жазылмаған. 2011 жылы «Бірінші арна Еуразия» телеарнасынан Тұңғыш Президент қорының қолдауымен түсірілген «Зеркало времени» циклі аясында екі тілде шыққан «Байқоңыр» атты тарихи-деректі фильм суретшінің «Қобызшы» атты туындысын рұқсатсыз қолданыпты. Сондай-ақ оның «Үш жүз» деп аталатын суреті 2015 жылы 2 ақпанда «Nur.kz», «БИСС» (бесплатная информационно-справочная служба) сайттары мен «Караван» республикалық газетінің сайтындағы (caravan.kz) «Зачем казахам в современном обществе деление на жузы» деген материалға көркемдеуші сурет ретінде пайдаланыпты. Алайда үш басылым да авторға сілтеме жасамаған. 2018 жылы 4 наурызда Қалибек Айнажаровтың екі бірдей суретін жариялаған «Аltyn-orda.kz» автордың кім екендігін елемеген.

– Жерлестеріме қарағанда шетелдіктердің ары таза ма деп қаламын. 2010 жылы Аргентинадан менің электронды поштама: «Құрметті Қалибек Ішпекбайұлы, сіздің жұмысыңызды испан, ағылшын, француз тілдерінде жарық көретін кітапқа шығаруға рұқсат беруіңізді сұраймын» делінген хат келді. Ал біздің елдегілер рұқсат сұрамақ түгілі, аты-жөніңді де көрсетпейді. Тіпті суретімді қолданған сайттардың бірін сотқа беріп көріп едім, одан еш нәтиже шықпады. Сот барысында өз қолыммен жасаған туындымның өзімдікі екендігін дәлелдей алмадым. Бұл тіптен өкінішті, – дейді Қалибек Айнажаров.

Жеке көрмесі өткізіледі

Қылқалам шеберіне не себепті қолдау көрсетілмей жатқандығын анықтау мақсатында Шығыс Қазақстан облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мен Аягөз ауданының әкімдігіне ресми сұраухат жолдап көрдік. Редакциямызға жауап берген мемлекеттік мекемелер 2019 жылы суретшінің жеке көрмесі ұйымдастырылатындығын, әлеуметтік желілер арқылы кеңінен насихат жүргізілетіндігін хабарлады.

– Горельеф техникасы бойынша ағаштан ойып жасалған Қалибек Айнажаровтың туындылары Өскемен қаласында өткен жеке көрмесінде, сонымен қатар Семей қаласында өткен аралас көрмелерде қойылған болатын, – дейді ШҚО Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы Шығыс Қазақстан өнер музейінің директоры Бегайым Ұябаева, – Дегенмен әзірге облыс музейлерінің қорларында аталмыш автордың еңбектері жоқ. 2019 жылдың бірінші жартысында облыстық өнер музейінде Қалибек Айнажаровтың жеке көрмесі мен өнерсүйер қауыммен кездесуі жоспарлануда. Сондай-ақ аягөздік суретшінің шығармашылығына қолғабыс ретінде ағаштан істелген бірнеше қолөнері Шығыс Қазақстан өнер музейінің Арт-салонына сатылымға қойылатын болады.

Ал Аягөз ауданы әкімінің орынбасары Болат Сүлейменов суретшіге осы күнге дейін не себепті қолдау көрсетілмегендігін былайша түсіндірді:

– Қалибек Айнажаров әкімдік тарапынан өзіне қандай да бір көмек көрсету туралы өтініш білдірмеген, – дейді шенеунік, – Егер өтініш білдірген жағдайда заң талаптарына сай көмек көрсетілетін болады. Қылқалам шеберінің ағашқа ойып салған суреттері коммерциялық мақсатта болғандықтан туындыларды сатып алуға бюджеттен қаражат қарастырылмаған.

Оның айтуынша, суретшінің шығармашылығын насихаттау мақсатында осы күнге дейін басылымдарда талай мақалалар жарияланған. Сонымен қатар алдағы уақытта тиісті іс-шаралар жүргізіліп, әлеуметтік желілер арқылы кеңінен насихаттау жоспарланып отыр.

****

Бойында Құдай дарытқан дарыны бар суретші әлі күнге дейін жуынатын бөлмеде жұмыс істеуге мәжбүр. Туындылары халықаралық деңгейде жарияланып жатқан талант иесіне туған жерінде бір шеберхананың бұйыртпай тұрғандығы жүректі сыздатады. Осы ретте, билік өкілдерінің немесе қалталы кәсіпкерлердің тарапынан әлемдік деңгейде әспеттелген Қалибек Айнажаровқа тиісті көмек көрсетіліп, қолдау білдірілсе нұр үстіне нұр болар еді…

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ

Фотосуреттерді түсірген автор