Теңге неге құнсыздануда?

432
көрілім

Жыл өткен сайын ұлттық валютамыз құнсызданып барады. Қазір 1 доллар 388 теңгеге тең. Еліміздегі сарапшылар биылғы жылдың басында мұнай қымбаттап, ресейлік рубль нығая түскендіктен, артынша теңге де күшейеді деп болжаған еді. Алайда бұл болжам орындалған жоқ. Мұның себебі неде?

Ілияс, тұрақты оқырман

Бұл сауалға Ұлттық Банк Монеталық операциялар департаментінің директоры Әлия Молдабекова жауап берді:

– Теңгенің биылғы айырбас бағамы шетел валютасындағы барлық ағымдардың сұраныстары мен ұсыныстарының үйлесімін көрсетеді. Ұлттық Банк теңге бағамының құбылмалы сипатын қолдай береді. Осы бағыт теңгенің ішкі және сыртқы факторларға күн сайынғы реакциясын көрсетіп отырады. Жыл басында мұнай бағасы қымбаттап, ресейлік рубль де нығая түскен. Осыған орай, қаржы нарығының кейбір қатысушылары биыл теңге күшейетініне сенім білдіргені рас. Бірақ бұл ретте бір мәселені атап өткім келеді: теңге бағамына мұнай бағасының динамикасы ғана ықпал етпейді. Сол секілді, белгілі бір кезеңдегі мұнайдың орташа бағасы әсер етеді. 2019 жылы мұнайдың орташа бағасы барреліне 64 АҚШ долларын құрады. Ал 2018 жылы мұнай баррелі 72 АҚШ доллары болған еді.

Дамыған елдерде мемлекеттік құнды қағаздар бойынша кірістің жаһандық деңгейде төмендеуі аясында инвесторлар жоғары дифференциалды ставкаларды ескере отырып, рубльдік құнды қағаздарға қызыға түсті. Санкцияларға қарамастан, осынау қызығушылық Ресей нарығына шетелдік валюталардың тұрақты түрде келіп тұруына мұрындық болып отыр. Екіншіден, ішкі фундаменталды факторларды есепке алайық. Экономиканың импортқа тәуелділігін ескере отырып, біздің елде импорт тауарларын, құрылғыларды ары қарай ала беру үшін шетел валютасын сатып алу мәжбүрлігі туады.

Алдын ала мәлімет бойынша, осы жылдың 9 айында тауар импорты 12,2 пайызға – 25,1 млрд доллардан 28,2 млрд долларға өскен. Импорттың өсімі негізінен ірі шикізаттық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін құрылғыларды, техника мен материалдарды алу қажеттілігінен туындайды. Міне, осылайша экспортерлер тарапынан долларды сату көлемі азайып, мұнай бағасы өткен жылға қарағанда төмендегендіктен теңге нығаймады. Ал импорт өсіміне байланысты долларды сатып алғысы келетіндер саны арта түсті.