Теректібұлақтағы мешіттің айына оқ атқан кім?

2818
көрілім

Қазақтың әр ауылышежіре мен аңызға толып жатыр емес пе?

Соның бірі: Күршім ауданына қоныс теуіп, қоңырқай тірлік кешкен Теректібұлақ ауылы. Көнекөз қариялар мен жылнамашылардың айтуынша жоңғар шапқыншылығынан кейін, Көкжал Барақ батырдың аталмыш ауыл орнына ат қазығы қағылып, атаны шөккен осы маң дейді. Аруақты сардардың ақ отауынан тараған ұрпақтары ағайынның берекесін кетірмей, ауыл атын өшірмей сақтап келеді.

Алапасы артқан ауыл құрсағы сөз ұстаған ақын-жазушылар мен апайтөс батырларын әлі толғатып жатыр. Ауыл әңгімесіне құлақ түретін тұста ауыл ақсақалдары мен марқұм әңгімешіл әкейдің мына бір дерегін естігенде әдепкі әфсананың бірі ғой деп, елең етпедік. Ес біліп-етек жияр тұста өлкенің түп-тұқиян тарихын іздей келе алдымыздан осы дерек қылаң бере берді. Қош!

Басынан қаншама зұлматты өткеріп, мың өліп-мың тірілген қазақпыз ғой. Біздің ауылда 1908-1910жылдары салынған мешіт- медресе болыпты. Алағайлы шақта Сағидолда (халық тілінде Сүйген қажы) Өтей елінің атқамінер азаматтарының басын қосып, қызыл қарағайдан қидырып мешіт пен медресе салдырған. Ел ішіндегі әңгімеге сүйенсек, қазіргі Пугачев елді-мекенінен қарағайларды Күршім өзенінің арнасымен ағызып әкелген дейді.

Мирас Өтей

Ескертпе: Сағидолда Байқанұлы (Сүйген қажы Көкжал Барақтың інісі Басардан тарайтын ұрпақ) Жұмыла көтерілген жүк жеңіл дегендей 1910жылы мешіттің іргетасы бой көтерді. Медреседе шәкірттер Құран қаріптерін таныса, ауыл жұртшылығы намаз оқып иманға бет бұрады. Алла үйінің тұрғызылуы жайында тарихшы Танаш Қайырбаевтың "Көкжарлы Көкжал Барақ" атты кітабында былай делінеді. <Омбыдағы генерал-губернатор алдына барып, әртүрлі салалар бойынша дін жөнінде орысша сынақтан өтіп, Күршім бойына мешіт салуға рұқсат сұрап, Ақтүбек жерінің дәл ортасына қарағайдан мешіт салдырған> [1,328бет] Алайда бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Сол жылдары Кеңес үкіметі орнап, ауыл-ауылдарда үстемдігін жүргізді. Қызыл билікке сатылған заң орнында істейтін белсенділер Сүйген қажының ізіне шам алып түсіп, Қытай асуға мәжбүрлейді. Шәкірттерінің естелігі бойынша ақ айырық сақалы кеудесін жапқан, қызылшырайлы өңді кісі болыпты. Қажы қытайға кетерден күн бұрын медресеге шәкірттерін жинап, "Қызыл билік: Құдай жоқ!,-деп адамзатты адастырады. Бірақ сендер хақ жолынан адаспаңдар",-деп ақ сақалын жаспен жуып белгісіз сапарға шығады. Сол сәтте қажының бізбен мәңгіге қоштасқанын білмедік. Артында қалған Ақша деген бәйбішесімен Бибісары келінін Сыр өңіріне жер аударып жібереді. Ал ұлы Қабышты әкеңді тауып әкел, әйтпесе шешең мен жарыңды өлтіреміз деп, әкесін іздеуге арғы бетке жібереді. Ақша бәйбішесі екі жылдан соң, Сыр елінде дүние салғаннан кейін, Бибісары туған жерге оралады. Оны естіген қызыл жендеттер дереу арада Бибісарыны қамауға алады. Бірер уақыттан соң, Қабыш ұрланып кеп, Бибісарыны арғы бетке алып кетеді. Кейін осы мешітте қызмет еткен молдалар мен шәкірттерді жаппай қуғынға ұшыратады. Осы оқиғаға байланысты тарихи дерек жинаған Күршім ауданында "қазақ тілі қоғамын" басқарған Шекербану Жақыпова әжейдің Тойша ақсақалмен тілдескен сұхбатында мынадай тың дерек бар. Бұл жерде Тойша деген кім десеңіз, Сүйген қажыны ұстап әкелу милиция қатарындағы Тойшаға жүктелген екен. "-Иә, Сүйген қажының мешіт ашып, медресе ұстаған үлкен молда екенін жақсы білеміз. Бұл енді, 1929жылдары болған оқиға. Мен қызыл милиция қатарындамын. Бірде ауданнан хабар жетті. Сүйген қажы арғы бетке қашыпты, мешіттегі барлық қаражат пен алтынды алып кетіпті, дереу арада алтын мен ақшаны қайтаруды маған тапсырды.

Мен қашқынның соңына түстім. Таулы соқпақпен жүрер деп, Жылытаудан асып түстім. Дәл үстінен түсіппін. Атының тізгінін ұзынша етіп байлап, өзі бесін намазын оқып отыр екен. Ердің артқы қасында қос қоржын өңгерулі тұр. Қоржын толы алтынға жолықтым деп, іштей пендешілікке жол бердім. Қоржынды атбауырынан алып, жерге төңкеріп жібергенде, Құран кітаптары ақтарылып түсті. Бойымды үлкен үрей билеп алды. Бүкіл кітаптарды қайта қоржынға салып, қайта өңгердім. Бұл өрескел әрекетімді қажы үнсіз бақылап отыр екен. Жаңылыстықпен қоржыныңызды аштым, ғафу етіңіз, жолыңыздан қалмаңыз, менен басқа қуғыншы жоқ, мен сізді сіз мені көрген жоқсыз дедім. Тоқта балам тізеңді бүк деп, қойын қалтасынан қалта сағатын ұстатып, батасын берді. Бұрылып кері қайттым. Менің бар білерім осы. Аты-жөнімді жазбай-ақ қой, Тойша десең болады деп, сөзін аяқтады"

Қош!

Көздің қарашығындай болған мешітті 1933жылы бұзған. Мешіт пен медресені бұзып бұрынғы Кумашкино қазіргі Күршім аудан орталығына тасып, ағаштарынан контор Ақ-Ладия үйі т.б құрылыстарға пайдаланған. Осы оқиғаны көзімен көріп, тіпті құрылыста жұмыс жасаған Қойтас ауылының тумасы Саиқов Арғынбек атамыздың құнды дерек топтамасы қолымызда сақтаулы. Ауыл ақсақалдарынан тағы бір дерек: Мешіттің төбесінде жарқыраған 30-40келі тартатын, күншілік жерден көрінген күміс айы болған деседі. Қызыл билікшіл құдайсыз белсенді сол айға оқ атқанын көрген кәртаңдай ақсақалдар ауыл шетіне жасырыпты дейді. Жерлес ақын Кенжебай Қайырбаев Теректібұлақ атты толғауында:

"...Мешітте салған,

Айын да атқан құлатқан. Пенделер сенің,

Баурыңда бүгін бір жатыр",-деп жырлайды.

Мешіттің айына оқ атқан белсендінің ұрпағы түп-тұқиянымен жер бетінде ізі қалмапты. Ал, Сүйген қажы өз ажалымен қытайда Ласты өңірінде дүние салған. Қажының ұлы Қабыш (Қапсадық) Ластыда тұрыпты. Мешітті конфискацияға жатқызған құжаттар қазір Моңғолияда тұратын қажының немересі Қабдошта екен.

Немересінің 90-шы жылдардағы атажұртқа бір сапарында бабасынан қалған хатты қалың елімен қайта қауыштырды. Хаттың желісінде қазіргі Ақ-Ладия т.б құрылысына пайдаланған ағаштарды қайтарсын деп, аманат айтыпты.

Түйін!

Текті топырақта жермен-жексен болған мешітті араға ғасыр салып, ұрпақтары ата дәстүрді жалғап, 2010жылдың 10қазанында Теректібұлақ ауылында ақшаңқан мешіт қайта бой көтерді. Дініміз бен ділімізді сал-дәстүр санамызды құрбан етпек болған қызыл империялық адамдарды тарих кешіргенмен, адамзат баласы кешірмейді екен.

Мақала авторы: Мирас ӨТЕЙ