Тәуелсіздік күні тойланды

358
көрілім

Еліміздің ең қастерлі, ең айтулы мерекесі – Тәуелсіздік күнінде өңірімізде талай игі шаралар өткізілді. Облыс әкімі Даниал Ахметов әр түрлі салада тер төгіп жүрген еңбегі ерен 50-ден астам қызметкерге мемлекеттік наградаларды табыс етті. Сонымен қатар дәстүрге айналған «Мәңгілік ел – болашаққа ұмтылған ел» белсенділер мен көшбасшылардың аймақтық байқауы өз мәресіне жетті.

«Құрмет» ордені берілді

Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігінің ғимаратында Тәуелсіздік күніне орай өткізілген жиында аймақ басшысы Даниал Ахметов жерлестерін мерекемен құттықтап, өңірдің даму жолында еңбегі сіңген шығысқазақстандықтарға мемлекеттік наградалар табыстады. Олардың ішінде мұғалімдер, дәрігерлер, өндірістік кәсіпорындар мен ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері, мемлекеттік және жекеменшік ұйымдардың басшылары болды. Жалпы саны 50-ден астам адам ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы», «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдары мен ҚР Президентінің грамоталарын иеленді. Айта кету керек, Зырян ауданы әкімінің орынбасары Жанна Асқарова көктемгі су тасқыны кезіндегі ерлігі үшін «Құрмет» орденін алды. Сонымен қатар марапатталғандардың ішінде «Фирма Азия» ЖШС директоры Сәуле Дускужанова мен екі дүркін «Әлем барысы» атанған Айбек Нұғымаров та бар.

– Тәуелсіздік күні қарсаңында біз сіздерді арнайы шақырдық. Талай жыл талмай еткен еңбектеріңіздің арқасында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан марапатталып отырсыздар. Сіздерді шын жүректен құттықтаймын! – деді Даниал Ахметов.

Байқаудың қорытындысы қандай?

Тәуелсіздік күнін тойлау аясында белсенділер мен көшбасшылардың «Мәңгілік ел - болашаққа ұмтылған ел» аймақтық байқауы мәресіне жетті. Жыл сайын өткізілетін бұл шара дәстүрге айналып бара жатқандай. Байқау тұрақтылықты, тәуелсіздікті, мемлекетіміздің қауіпсіздігін сақтау әрекетіне белсенді және батыл, басқа мәдениет өкілдерімен конструктивті диалог құра білетін жоғары деңгейдегі өзіндік ұлттық сана-сезімі, ұлттық, патриоттық рухы бар, тарихи жады және әлеуметтік жауапкершілігі мол өскелең ұрпақты, қоғамның әлеуетті белсенді мүшелерін тәрбиелеу мақсатында өткізіледі.

Облыстың әр ауданы қараша айы бойы балалар арасында «Туған өлке – біздің бастамаларымыздың негізі» әлеуметтік акциясын өткізді. Аталмыш акция өлкетану мәселелерін анықтауға бағытталған.

Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті мен Крупская атындағы негізгі орта мектеп-интернат базасында Шығыс Қазақстанның барлық қалалары мен аудандарынан келген 200-ден астам көшбасшы мен белсенді байқаудың келесі кезеңіне өткен. Викторина аясында қатысушылар тарих, география, әдебиет және Қазақстан мәдениеті пәндерінен өз білімдерін көрсетті. Ең байытылған және қызықты болып «Бәсекеге қабілетті, сындарлы, мықты, шығармашыл ХХІ ғасыр Тұлғасы» диалогтік алаңы өтті. Қатысушылар үшін талқыланып жатқан проблемаға өз көзқарасын білдіруге және кейін өздерінің тиімді шешу жолдарын ұсынуға мүмкіндік берілді.

3 айналымның нәтижесі бойынша қатысушы командалар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бас жүлдені Риддер қаласының командасы иеленді. І дәрежелі дипломды – Өскемен қаласы, дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты, облыстық математика, физика, информатика саласындағы дарынды балаларға арналған мектеп-лицейі және Зырян ауданы иеленді. ІІ дәрежелі дипломмен – Шәкәрім атындағы үш тілде оқытатын көпбейінді гимназиясы, химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі, Шемонаиха ауданы, облыстық мамандандырылған IT мектеп-лицейінің командалары марапатталды. ІІІ дәрежелі диплом – Семей қаласы, Катонқарағай, Глубокое және Жарма аудандарына бұйырды.

Мерекелік концерт өткізілді

16 желтоқсан күні облыс орталығында қала тұрғындары мен қонақтары үшін мерекелік концерт ұйымдастырылды. Республика алаңына жиылған дүйім жұрт шығармашылық ұжымдардың өнерін тамашалады. Сондай-ақ бұқара халық арнайы ұйымдастырылған спорттық шараларға да қатысты. Мысалы «Самал» саябағында алғаш рет мұзда сырғанаудан жарыс өтті. Бұдан бөлек, Достық үйі - қоғамдық келісім орталығында этномәдени бірлестіктердің концерті болды.

Ал кешкісін «Ертіс Концерт» залдарының бірінде елдің және елордамыздың қалыптасуы жолындағы тарихынан сыр шертетін «Көшбасшы жолы. Астана» фильмінің көрсетілімі болды. Сонымен қатар кешке қарай Республика алаңында жастарға арналған патриоттық бағдарлама басталды. Мерекелік шара барысында Қазақстан эстрадасының жарық жұлдызы Қайрат Нұртас және қаланың шығармашылық ұжымдарының қатысуымен концерт қойылды.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ