Тілді тегін меңгеруде

256
көрілім

Ауыл мектептерінде ағылшын тілін тегін оқыту курстары ашылуда

Соның бір көрінісі, жақын арада Үржар ауданында ашылуы жоспарланған «Interesting English Club» сабағы болмақ, деп хабарлайды газет тілшісі «Нұр Отан» партиясының ШҚОФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Үржар ауданына жақын күндері «Жас Отан» ЖҚ «English for jastar» жобасы аясында үш ай бойы тұрғындарға ағылшын тілін үйрету үшін бір топ еріктілер аттанады. Жалпы, қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысында 4 ауыл клубы қызмет етеді. Ал жыл соңына дейін осындай сыныптың тағы 12-сін ашу жоспары тұр. Мәселен, Риддер қаласына қарасты Бутаков ауылының мектебі тұрғындарды talk now-ға аптаның әр сәрсенбінде сағат 15.00-де шақырып отыр. Еріктілер қатарынан табылған ағылшын тілінің оқытушысы Анна Чернова бұл жоба әсіресе, балаларға кедергісіз тілді меңгеруге мүмкіндік беретіндігін айтады.

- Баршаңызды клубымызға шақырамыз! Қызмет тегін, сондықтан кез-келген жан, бала да, қарт адам да оқи алады. Әрине, әзірге тек жастар жағы көп белсенді. Онға жуық бала жазылып үлгерді. Күн санап ниеттілер қатары артады деген сенімдемін, - дейді іске білек сыбана кіріскен Анна Владимировна.

Зырян ауданында жаңа клуб тілдерді оқыту орталығы жанынан ашылды. Аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ирина Лыкованың айтуынша, бүгінде басым бағыты speaking болатын 4 топ ашылған. 11 жастан жоғары балалар мен ересектер қабылданатын тіл үйрену сыныбында оқыту аптасына бір рет жүргізіледі.

Ерлен ОСМАНОВ