Тіркеуден қалыс қалмаңыз

536
көрілім

Ұялы телефондарды тіркеу науқаны аяқталып келеді

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ІМЕІ-тіркеуден өтпеген құрылғыларға Қазақстанның ұялы байланыс операторлары қызмет көрсетпейтін болады. Телефондарды тіркеу үрдісі түрлі ұялы байланыс операторларында қалай жүргізілетінін және оларды тіркеу кезінде қандай мәселелердің кедергі туғызуы мүмкін екенін газет тілшісі анықтап көрді.

Естеріңізге салсақ, ІМЕІ дегеніміз — бұл барлық ұялы байланыс құрылғыларына шығарушы зауытта енгізілетін жалпыға бірдей стандарт және әр ұялы телефонның халықаралық сәйкестендіру нөмірі. Абоненттік құрылғының ІМЕІ-коды телефонды авторизациялау кезінде операторға жолданады. Құрылғының жүйеде танылуы үшін қызмет ететін код бағдарламалық жасақтамаға енгізіледі. ІМЕІ-кодты келесідей төрт жерден көруге болады:

- құрылғының өзінен (ол үшін пернетақтадан *#06# командасын теру арқылы көруге болады);

- аккумуляторлық батареяның астынан;

- қаптама қағаздан;

- кепілдеме талонынан.

Сонымен қатар SIM-карта қолданылатын барлық құрылғылар тіркеуге жататынын ескере кеткен жөн. Мысалы, ұялы телефондар, планшеттер, модемдер мен басқа да байланыс құрылғылары. Егер ұялы телефон немесе планшет 14 жасқа толмаған балаға тиесілі болса, оны ата-анасы өздерінің ЖСН нөмірлеріне тіркейді.

Beeline

"Beeline" компаниясында құрылғыларды алты түрлі жолмен тіркеуге болады. Ең кең таралған жол — ол өзіңнің ЖСН нөміріңді өз телефоныңнан 6914 қысқа нөміріне SMS-хабарлама түрінде жіберу. Бұдан бөлек, телефонның пернетақтасында *691# командасын теруіңізге болады. Бұл команданы терген кезде телефоныңыздың экранында ЖСН нөміріңізді жазатын жол пайда болады. Сондай-ақ тілек білдірушілер "Менің Beeline" мобильді қосымшасы, QIWI төлем терминалдары арқылы және компанияның фронт-офистеріне барып тіркеле алады. Сонымен қатар 6914 нөміріне қоңырау шалып (қоңырауларды қабылдау уақыты — таңертеңгі сағат 9-дан бастап түнгі бірге дейін) операторға өзіңіздің ЖСН нөміріңізді айтуыңызға болады.

Ең бастысы, нөмірдің дұрыс тіркелгенін білген жөн. Тіркелудің дұрыс-бұрыстығын *835# командасын теру арқылы біле аласыз. Барлық жаңадан қосылған клиенттердің ЖСН нөмірлері базаға бірден енгізіледі. Заңды тұлғалардың құрылғыларын дербес менеджер немесе сату және қызмет көрсету офистері тіркейді.

- Бір ЖСН-ға қанша және қандай түрлі, мүмкін ол смартфон, сағат, модем, роутер және тағы басқа құрылғыны тіркеймін десеңіз өз еркіңіз. Шектеу жоқ. - дейді "Beeline" компаниясының қоғамммен байланыс бойынша жетекші маманы Кирилл Чорней. - Бірақ сіздің телефоныңыз бірнеше SIM-карталы болса әр ұяшықтың өзінің ІМЕІ-коды бар екенін ескергеніңіз жөн. Сондықтан әр ұяшықты жекелеп тіркегеніңіз дұрыс.

Ал телефонды басқа біреуден сатып алған кезде оның бұрынғы қожайынының тіркеуден шығарып-шығармағанын Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің онлайн-ресурсына жүгіну арқылы біле аласыз. Ол жердегі оператор сәйкестендіру нөміріне тексеру жүргізеді.

Tele2

Жеке тұлғаларға байланыс салонына келмей-ақ құрылғысын тіркетудің келесідей жолдары бар:

- Өзіңіздің ЖСН нөміріңізді Tele2 нөміріңізден 6914 қысқа нөміріне SMS-хабарлама арқылы жібере аласыз;

- *6914*1# USSD-командасын теріп, ашылған мәзірге ЖСН нөміріңізді енгізесіз.

Екі СИМ-калы құрылғыны тіркеуде Beeline компаниясындағы сияқты ЖСН нөміріңізді әр ұяшықтан жекелеп жібергеніңіз жөн.

Tele2 нөмірі арқылы ЖСН нөмір түскен соң автоматты жүйе құрылғының ІМЕІ-кодын және онда қосылған абоненттік нөмірді анықтап бірден ЖСН-ді, абоненттік нөмірді және құрылғының ІМЕІ-кодын тіркеу сияқты үш бағыттағы жұмысты тәмамдайды.

- Құрылғының нөмірге тіркелген ІМЕІ-кодтары туралы мәліметті *6914*2# USSD-командасын теру арқылы білуге болады, - деп қосты "Altel/Tele2 Kazakhstan" компаниясының аға PR-маманы Мадина Тұрлыбекова.

Kcell

Kcell және Activ абоненттері үшін ең қарапайым тіркелу жолы — ол SMS-хабарлама арқылы тіркелу болып табылады. Әр абонент 6006 қысқа нөмірінен тіркелу қажеттігі жайында хабарлама алады. Оған жауап ретінде өзіңіздің ЖСН нөміріңізді жолдайсыз. Сондай-ақ 6006 нөміріне өз еркіңізбен ЖСН нөміріңізді жолдауыңызға болады. ЖСН нөміріңізді жіберген соң сіздің телефоныңызға ақпараттың ары қарай өңдеуден өткізіліп жатқаны жөнінде хабарлама келеді.

Екінші амал — телефоныңыздың пернетақтасында *660# USSD-командасын теріп экранда пайда болған мәзірге ЖСН нөміріңізді енгізген соң жолдау командасын басасыз. Бұдан кейін сіздің тіркеу жөніндегі ақпаратыңыз назарға алынатын болады.

Егер абонент екі СИМ-калы құрылғыны қолданатын болса, әр SIM-картаның ұяшығын жекелеп 6006 нөміріне СМС-хабарлама жіберу арқылы тіркетуіңіз қажет.

- Біз өз абоненттерімізге тіркеу үрдісі қарапайым және қолжетімді болуы үшін оның екі әдісін қарастырдық. SMS-хабарлама және USSD-командасын теру арқылы тіркелу байланысы бар жердің барлығында қолжетімді. Абоненттерге тіркелу үшін біздің офистерімізді іздеп, кезекте тұрудың қажеті жоқ. Біз барлық Kcell және Activ абоненттеріне өздерінің абоненттік құрылғыларын тіркеуге жауапты қарауларын сұраймыз, - деді "Kcell" АҚ коммуникация бөлімінің басшысы Наталья Еськова компания сайтында.

https://activ.kz/ru/news/3660 сілтемесі арқылы қосымша ақпарат алып, жиі қойылатын сауалдар барысымен танысуға болады.

***

"Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін" түйсек, Жаңа жылды қарсы алу кешінің сәнін кетірмес үшін алдын ала қамданған дұрыс. Сондықтан 31 желтоқсаннан қаңтардың 1-не қараған күні түнде ұялы байланыссыз қалмас үшін ай соңына дейін телефоныңызды тіркетіп үлгеріңіз.

 

Ерлен ОСМАНОВ