Тіс қаптамасы енді Өскеменде өндіріледі

1454
көрілім

Әлеуеті арта түскен Израиль, Азия жолбарысына айналған Оңтүстік Корея сынды дамыған елдерде жасалатын абатмент деп аталатын тіс қаптамасының тетігі бұдан былай Өскеменде зерттеліп, шығаруға әзір. Мұндай жауапты да күрделі істі өңірдегі Д. Серікбаев атындағы техникалық университеттің ғылыми қызметкерлері ыждаһаттылықпен қолға алған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жоғары оқу орынның қабырғасында ашылған «Материалдарды прототиптеу және өңдеу» ғылыми-өндірістік кешенінің мамандары 3D баспа арқылы титан, кобальт-хром қорытпаларынан имплант өнімдерінің де түр-түрін жасап жүр. Жуықта олар тіс қаптамасын да модельдеп, сызып, 3D принтер арқылы жонып көрген. Алғашқы сынақ ретінде шығарылғанымен, бәрі сәтті аяқталған. Зерттеу жұмыстарын одан әрі жетілдіру үшін Өскемен, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларындағы стоматологиялық орталықтарымен де қоян-қолтық жұмыс істесе бастаған. Тіпті Өскеменде өндірілген тіс қаптамасын пациенттерге пайдаланып та үлгеріпті. Кешеннің ғылыми қызметкері Бағдат Азаматовтың айтуынша, тіс қаптамасы мен абатмент сүйекке бекімейтіндіктен клиникалық сынақтан өтпейді. Тек қана арнайы сертификат қажет.

Кешеннің ғылыми қызметкері Бағдат Азаматовтың айтуынша, осы уақытқа дейін 3D принтермен тіс қаптамасын жасап көрген. Әзірге бәрі сәтті жүзеге асуда.

- Мұнда біздің мамандар моделін жасап, басып шығарады. Қаптама кобальт-хромнан лазер күшімен басылып шығаратындықтан өнімде кернеу пайда болады. Пайда болған кернеу кері әсерін тигізеді. Сондықтан келесі технологиялық процесс термиялық өңдеу. Бұл процесс арнайы вакуумды пеште 11500С өтеді, - деді ол.

3D принтерде жасалған тіс қаптамасы, бұрынғы құйып жасаған әдістен анағұрлым сапалы. Ұсақ-түйек ақау да болмайды. Әдетте, қаптаманы қалыпқа құю әдісімен жасағанда жұқа жерлері сынып кететін көрінеді. Оны техник қайта өңдеп-жөндейді. Ал заманауи құрылғы бір демде 100 пайыз өлшемге сай етіп шығарады. Тіс қаптамасы әбден дайын болған соң абатмент арқылы сүйекте тұрған имплантқа бекиді. Атап өткендей, абатментті Бағдат Азаматов бастаған ғылыми қызметкерлер алдағы уақытта жасап көрмек. Тетік өте ұсақ болғандықтан, жасалу технологиясы күрделі. Сондықтан көп жерлерде жасала бермейді. Дейтұрғанмен, Д. Серікбаев университетінің қызметкерлері нар тәуекелге бел буып, бұл іске де кіріспек. Олардың алаңсыз жұмыс істеуіне оқу орынның ректоры Жасұлан Шаймарданов жан-жақты қолдау көрсетіп отыр.

– Шыны керек, қарыштап дамыған заманда техникалық ғылымға көңіл бөлу алдыңғы лекке шығуы тиіс. Заман көшіне ілесе білуіміз керек. Сол себепті де оқу орнымызда әралуан ғылыми сынақтар қолға алынып жатыр. Ол үшін білікті мамандарымыз жеткілікті, – дейді Д. Серікбаев атындағы университеттің ректоры Жасұлан Шаймарданов.

Өзі тілге тиек еткендей, «Материалдарды прототиптеу және өңдеу» ғылыми-өндірістік кешенінде инженер зерттеуші Сергей Руденко, Дмитрий Догаткин, Ақбота Кәсенова, Мұхаметбек Жақсылық сынды жастар бас көтермей жұмыс істеп келеді. Білікті де білімді жастардан құралған топқа бас-көз болып, білгенімен бөлісіп жүрген ғылыми қызметкер Бағдат Азаматтың еңбегін айта кеткен орынды. Бәлкім көпшілікке беймәлім болар, Қазақстан бойынша 3D модельдеу арқылы тіс қаптамасын жасау Өскеменде ғана.

Осы орайда ғылыми кешен мамандарымен етене еңбектеніп жүрген алдыңғы қатарлы стоматология зертханасына да бас сұғып көрдік. Мұнда да заманауи аппараттар тұрғанымен, университет қабырғасындағы құрылғылардың қауқары анағұрлым жоғары екен. Мамандардың айтуы солай.