Төбе бидің есімі төрімізге орнықты

436
көрілім

Өскемен қаласындағы Карл Маркс даңғылы ресми түрде Қаз дауысты Қазыбек бидің есімімен қайта аталды

Естеріңізде болса, жарты жыл бұрын облыс орталығындағы Карл Маркс даңғылына Қаз дауысты Қазыбек бидің есімін беру жөнінде қоғамдық тыңдау өтіп, бірқатар пікірталастардан соң құжат соңғы шешім шығару үшін Астанаға жолданған болатын. Енді республикалық деңгейде құпталып, үкімет қаулысымен бекітілген шешім облыс орталығында салтанатты түрде атап өтіліп, төбе бидің бірі саналатын Қаз дауысты Қазыбектің есімі жазылған тақтайшалар ресми түрде үйлердің қасбеттеріне орнатылды.

Қазақ тарихындағы төбе билердің бірі саналатын Қаз дауысты Қазыбек бидің есімін мәңгілеуге облыстық сот ұжымы мен ақсақалдар алқасы мұрындық болды. Қазақ халқының рухани жаңғыруына үлесін қосатын игі іс құпталып, жұртшылық тілеуі орындалды. Алайда, тарихымызға жат, идеологиялық тұрғыдан ескірген атауды алып тастау барысындағы шара бірауыздан құптала салды деуге келмес. Кейбіреулер даңғылды қайта атау өткенге деген құрметтің жоқтығымен байланыстырса, енді бірі дағдарысты кезеңде қарапайым халықтың қалтасына салмақ түсіреді дегенді желеу етіп, даңғыл атауын ауыстыруға кедергі келтіруге тырысты.

Ол кезде көпшіліктің осы сауылына Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ольга Булавкина атауларды өзгертуге байланысты шығындардың жергілікті бюджет арқылы қаржыландырылатынын алға тартқан болатын.

– Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі Карл Маркс даңғылын қайта атауға байланысты жұмсалатын шығындарды есептеп шықты. Нәтижесінде әр үйдің мекен-жай тақтайшасын өзгертуге жеті мың теңгедей қаржы жұмсалатыны белгілі болды. Осы орайда аталмыш даңғылдың бойындағы 41 үйдің тақтайшаларын қайта жасатуға кететін 287 мың теңге көлеміндегі шығынды жергілікті бюджет өзі көтереді. Егер тұрғындарға басқа да құжаттарды ретке келтіру керек болса Халыққа қызмет көрсету орталықтарына, қалалық сәулет бөліміне жүгінулеріне болады. Біздің мамандар барлық құжаттарды тегін түрде ресімдеп береді, - деген еді ол.

Кеңестік кезеңде Қазақстанға еш қатысы жоқ кездейсоқ Карл Маркс есімімен аталып кеткен даңғыл енді міне, жылдар өткеннен кейін тарихи әділдік жеңіп жалғыз қазаққа ғана емес, сондай-ақ көрші елдерге де белгілі тарихи тұлғаның есімімен аталды. . Тәуке ханның тұсында ел бірлігін сақтауға атсалысқан ол "Жеті Жарғы" заңдар жинағын қалыптастыруға ұйтқы болған төбе билердің бірі. Кейін бұл заң жинағының кейбір тармақтары Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясына да негіз болды. Көрші Ресеймен тату көршілік жайын насихаттаған дипломат, сол кездегі ел бірлігі үшін өзекті даулардың шешімін дөп айтып отырған. Оның үстіне ол орта жүздің төбе биі. Ал Шығыс Қазақстан облысының аумағы түгелдей орта жүзге жатады.

- Қазақ тарихындағы елеулі тұлғалардың бірінің есімі Өскемен қаласындағы үлкен даңғылға берілуі облыстық сот жүйесінің ең ірі жетістіктерінің бірі деп білеміз, - деді шара барысында сөз алған ШҚО сотының төрағасы Нұрлан Қайырбеков. - Өткен жылы облыстық сот ұжымы мен облыстық ақсақалдар кеңесі бірлесіп осы ұсынысты берген болатынбыз. Енді міне жемісін көріп отырмыз.

- Өскемен қаласында бүгін міне үлкен жаңалық орын алып отыр, - деп қосты „Нұр Отан„ партиясы Өскемен қалалық филиалы төрағасының орынбасары Майраш Екібасова. - Бұл бастамаға облыстық соттың мұрындық болуы да тегін емес. Өйткені тарихта Қазыбек би сол заманның көрнекті заңгерлерінің бірі болған. Енді осы даңғылды ғана емес, бүкіл шаһарды күтіп ұстап, жанға жайлы ету біздің қолымызда. Осыны ешқашан ұмытпайық, ағайын!

Азамат ТЕМІРБЕКОВ