«Томирис» фильмінің қазақ тіліндегі нұсқасы көрсетіле бастады

457
көрілім
Фотосурет ҚазАқпарат сайтынан.

Бұл туралы фильмнің режиссері Ақан Сатаев өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Достар, бүгіннен бастап, «Томирис» фильмінің толық қазақша нұсқасын біздің «Меломан» дистрибьютор компаниямыз кинотеатрларға тарата бастады. Киномыздың қазақша нұсқасын күтіп қалғандарыңыз үшін, шын жүрегімізден кешірім сұраймыз», - деп жазды режиссер.

Айта кетейік, әлеуметтік желі қолданушылары туындының тек қана орыс тілінде жүріп жатқанын айтып, қазақ киносының қазақ тілінде көрсетілмеуіне наразылық білдірген еді.

Режиссер фильмнің қазақ тілінде дыбысталған нұсқасы бар екенін, титрлерді латын әліпбиінде жазғанда грамматикалық қателер кеткенін түсіндірді .

«Топ мүшелері мен актерлердің аты-жөні құжатқа сәйкес келмеуіне байланысты кешіктіріліп жатыр. Құқықтық тұрғыдан біз картинаны мұндай қателерімен көрсетілімге жібере алмаймыз. Шұғыл түрде аталмыш мәселені шешіп жатырмыз», - деді А. Сатаев.

Тарихи драмада кішкентай Томиристің Сақ патшайымы лауазымына дейінгі өмір жолы көрсетіледі. Онда Сақ тайпаларының Парсы патшасы Кирге қарсы жорығы көрініс тапқан және кейіпкерлер ежелгі түркі, ежелгі парсы тілдерінде сөйлейді.

Оған еліміздің танымал киножұлдыздары Димаш Ахимов, Ерік Жолжақсынов, Байкенже Белбаев, Берік Айтжанов, Еркебұлан Дайыров, Мұрат Бисембин, Азамат Сатыбалды, Әділ Ахметов, Айжан Лайджи, Аян Өтепберген, Асылхан Төлепов, Асхат Үрпековтер түскен.

Фильм 27 қыркүйекте прокатқа шықты.