Топтаманың тұсаукесері өтті

305
көрілім

Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Шығыс Қазақстан облысында «Абай әлемі» кітаптар топтамасының тұсаукесер рәсімі болып өтті. Ұлы Абай есімін иеленген театр қабырғасында өткен іс-шараға академик Ғарифолла Есім, Қазақстан жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетов, археолог Зейнолла Самашев, жазушы Әлібек Асқаров пен Борис Щербаков және «Абай әлемінің» редакциялық топ жетекшісі, жазушы Медеу Сәрсекеев қатысты.

Қала жұртшылығы мен қонақтарға археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде мол тарихи мұрамызды қалыптастырған «Ұлы даланың алтын жәдігерлері» мен қазақ зергерлік өнерінің өткені мен бүгіні туралы мол мағлұмат беретін «Күміс сиқыры» зергерлік өнер көрмесі ұсынылды. «Арт Заман» жобасы аясында облыстың көркемсурет қорын байытқан Жантай Шарденов, Салихитдин Айтбаев, Мағауя Аманжолов, Бахтияр, Азат Тәбиевтер және тағы басқа суретшілердің қолынан шыққан туындылар семейліктердің туған өлкенің тұмса табиғаты, өткен тарихы, ұлттар достастығы мен жарқын болашағы туралы танымын кеңейтті.

Кітаптар топтамасының алғашқы басылымында ұлы Абай, кемеңгер Шәкәрім, дана Мұхтар, Федор Достоевскийдің бұрын-соңды жарияланбаған шығармалары жарық көрді. Бұдан басқа, жинаққа «Амре в Париже» естелік кітабы, Төлеу Көбдіковтың «Атандым өз тұсымда Ақын Төлеу», Марат Қабанбаевтың «Туған жердің төрт мезгілі», Анатолий Ивановтың «Тени исчезают в полдень», Медеу Сәрсекенің «Жарылыс» және «Көмбе», Борис Щербаковтың «Шығармалары» енді. Барлық кітаптар облыс кітапханаларының қорларына, ал оның электрондық нұсқасы қазақ ұлттық электрондық кітапханасының сайтында орналастырылатын болады.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ