Төрт төлемді біріктірген

366
көрілім

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа төлемақы жүйесі енгізілуі мүмкін.

Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтыған және үй шаруасындағы азаматтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна аударуға міндеттелуі мүмкін. Дегенмен, бұл әзірге жоба ғана. Бірақ алдағы уақытта медициналық көмектің кейбір түрлерін тегін алу үшін әрбір адам айына белгілі мөлшерде қорға ақша аударып отыруы қажет болады. Бұл жөнінде облыс орталығында өткен міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін енгізу және өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты ел экономикасына тарту бойынша өткізілген баспасөз мәслихаты барысында айтылды.

Жұмыс жеңілдемек

- Қазіргі кездегі төлем жүйелерінің көп болуы және салық режимдерін анықтау күрделілігі көп жағдайда бейресми түрдегі жұмыспен қамтылғандарды салық органдарында тіркеу және тіркеуден шығару қиынға соғуда, - деді брифинг барысында сөз алған ШҚО бойынша Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті департаментінің басшысы Болат Сәтеков. - Бейресми түрдегі жұмыспен қамтылғандарды заңдастыру үшін және оларды салық органдарында тіркеу мәселелерін жеңілдету үшін бірыңғай тұтас төлемдерді енгізу ұсынылып отыр.

Қазіргі уақытта халық қалаулыларының қарауына ұсынуға әзірленіп жатқан заң жобасында бейресми түрдегі жұмыспен қамтылғандардың істерін заңдастырудың бірінші кезектегі мәселелерін қабылдау жоспарлануда. Осы мақсатта жаңа режим енгізу ұсынылмақ. Яғни бейресми түрде жұмыспен қамтылғандар өз қызметтері туралы мемлекетті хабардар етіп, зейнетақымен қамсыздандыру және әлеуметтік, медициналық сақтандыру жүйелерінің қатысушылары бола алады.

Бірнеше төлем біртұтас болмақ

- Бірыңғай тұтас төлем табыс салығы, міндетті зейнетақы жарнасы, міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорының аударымы және мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры жарнасы сияқты төрт төлемді біріктіреді, - деп қосты Болат Кәлімұлы. - Дегенмен мұндай төлемдер әдеттегі төлемдерден әлдеқайда төмен болып, барлығына бірдей бір деңгейде болады. Мысалы бірыңғай тұтас төлем қалалы жерлерде айына 1 АЕК (2018 жылы 2405 теңге) мөлшерінде болса, ауыл тұрғындары мұндай жарнаны 0,5 АЕК (2018 жылы 1202 теңге) көлемінде төлейтін болады.

Жауапты тұлғаның айтуынша, аталмыш төлемнің 10 пайызы жеке табыс салығына, 20 пайызы мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына, 30 пайызы бірыңғай зейнетақы жинақтау қорына, 40 пайызы міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорына жұмсалатын көрінеді.

- Бірыңғай тұтас төлемді жалдамалы жұмысшылардың еңбегін пайдаланбайтын, жеке тұлғаларға қызмет көрсететін, сондай-ақ жеке қосалқы шаруашылығында өндірілген ауылшаруашылық өнімдерін жеке тұлғалар пайдалану үшін жүзеге асырған азаматтар жасайды. Алайда олардың бір жылдық кірісі 100 ең төменгі еңбекақының мөлшерінен аспауы тиіс, - дейді департамент басшысы.

Артықшылығы бар

Оқырмандарымыз қорадағы төрт-бес қойы мен айналдырған екі-үш сиырының сүтін талғажау еткен ауыл тұрғыны үшін мұндай төлемнің қандай артықшылығы бар деген сауал қояры сөзсіз. Ендеше айтайық! Мұндай төлем алдағы уақытта кезкелген тұрғынға медициналық мекемені таңдауға құқық беріп, бағасы мен түріне қарамастан шектеусіз медициналық қызмет алуға мүмкіндік жасамақ.

- Мысалы, бір адамның бүйрегіне, бауырына, асқазанына я болмаса басқа ағзасына жоспарлы ота жасау керек болып қалды делік, - деп қосты ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Елена Старенкова. - Аталмыш талап енгізілгеннен кейін егер тұрғын мұндай төлемді жасамаған болса ол медициналық қызметті ақылы түрде ғана ала алатын болады.

Бүгін сау адамның ертең денсаулығы аяқ астынан сыр беруі де мүмкін. Бұл шара ертеңгі күннің қамына бола жасалып жатқанын алға тартқан Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ШҚО бойынша филиалының директоры Болат Алиев келер жылдары әлеуметтік маңызы бар 12 сырқаттың 4-ке қысқаратынын айтады.

- Мысалға алып қарасақ, буын сүйекті ауыстыру отасының бағасы бір миллион теңгеге жуық, - деп қосты ол. - Біз жылына 450 ота жасаймыз. Ал кезекте мыңнан астам пациент тұр. Жүрекке жасалатын ота 1,7-ден 2,5 миллион теңгеге дейін тұрады. Жұмыссыз адам бұл соманы қай уақытта жинайды? Егер ол бірыңғай тұтас төлем төлесе аталмыш ота түрлері оған тегін жасалады.

***

Жалпы, аталмыш төлемақыны аударушы бұдан бөлек зейнетақы жүйесіне қатысушы ретінде еңбек өтіліне байланысты базалық зейнетақы алуға, зейнетақы жинақтау жүйесіне қатысуға, еңбекке қабілеттілігінен немесе асыраушысынан айырылу, жүктілігі мен босануына, бала асырап алу және баланы бір жасқа толғанға дейінгі күтім жасауға байланысты әлеуметтік төлемдерді алуға мүмкіндік алады.

Бірыңғай тұтас төлемді

  • Сауда нысандарында жұмыс істейтіндер
  • Жылжымайтын мүлікті жалға берушілер
  • Жеке іс-тәжірибемен айналысатындар;
  • Оралмандарды қоспағанда, шетел азаматтары мен азаматтағы жоқ тұлғалар
  • Жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеуі бар тұлғалар төлемейді

Азамат ТЕМІРБЕКОВ