Төртжылдықтың басты бәсекесі бір жылға шегерілді

332
көрілім
Шартты фотосурет

Жер-жаһанды жалмап келе жатқан жұқпалы дерт талай дүбірлі додалардың өтуіне кедергі болуымен қоймай, төртжылдықтың басты бәсекесінің бір жылға шегерілуіне себепкер болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Тосын ақпаратты күні кеше ХОК мен Олимпиада ойындарының ұйымдастыру комитеті ресми түрде мәлімдеді. Бұл дегеніміз, тарихта тұңғыш рет Олимпиадалық цикл бес жылды құрайды деген сөз. Бұған қоса, мұндай жаңалық аптаның алты күнінде жаттығуларын үзбей жасап келе жатқан спортшылардың көңілдеріне кірбің ұялатпай қоймады. Осыдан бірнеше күн бұрын Токио Олимпиадасының ұйымдастыру комитеті басты бәсекенің белгіленген уақытында өткізілетіндігіне еш күмән келтірмеген еді. Енді спортшылардың тұғыр сатысына жайғасуға деген асқақ армандары бір үміт, бір күдікке айналғандай. Өз кезегінде ХОК пен ұйымдастыру комитеті коронавирус пандемиясының беті қайтып, жағдай тұрақталса Олимпиада ойындарын келер жаздың  алғашқы айларында өткізуге келіскендей. Естеріңізде болса, жерлестерімізден әзірге Данияр Қайсанов (еркін күрес) пен Ольга Рыпакова (үш қарғып секіру) Токиодағы аламанға жолдама алған болатын.