Тот басып тозуда

852
көрілім

Катонқарағай ауданына қарасты Аққайнар ауылы жақын жылдары сандық телетаралыммен қамтыла ма?

Газет редакциясына Катонқарағай ауданының Аққайнар ауылынан хабарласқан оқырмандарымыз сандық форматта сигнал қабылдайтын теледидарлары болғанымен отандық арналарды көре алмай отырғандарын айтады. Бірнеше жыл бұрын сандық телетаралым құрылғылары орнатылып, отандық телеарналарды көреміз бе деген үміт оты жарқ еткен аққайнарлықтар аталмыш күнді әлі де сарыла күтуде. Ал жергілікті билік болса, бұл жұмыстарды жүргізу "Қазтелерадио" акционерлік қоғамына тиесілі екенін алға тартуда.

Үміт оты

- Екі жыл бұрын ауылымызда сандық форматта телетаралым жасайтын құрылғылар орнатыла бастағанда қуанып қалған едік, - дейді газет редакциясына хабарласқан оқырмандарымыздың бірі. - Көзіміз ашылып отандық телеарналарды тамашалаймыз ба деген үмітіміз аталған құрылғылар пайдаланусыз жатқанын көргенде сөне бастағандай. Әр үйде қазір заманауи теледидар бар. Бірақ оның пайдасы не, егер жер серіктік қабылдағыштармен ресейлік арналарды көріп отырсақ?

Басы басталып соңы сиыр құймышақтанып кеткен игі бастама әлі де қимылсыз жатқанын алға тартқан аққайнарлықтар орнатылған құрылғылар тот басып босқа шіріп кетпесе жақсы еді дейді.

- Не биліктің, не құрылғыларды орнатқан мекеме тарапынан хабар жоқ. Кейбір үй тұрғындары "Отау-ТВ" қабылдағышын орнатып, отандық жиырма бес арнаны көріп отырғаны рас. Бірақ теледидарлардың соңғы шыққан түрлеріне мұндай арнайы қабылдағыштар мен тюнер сатып алудың қажеті жоқ. Қарапайым қабылдағышты шатырға орнатса жетіп жатыр. Сандық форматтағы арналарды емін-еркін қабылдай береді. Егер оған арнайы жағдай жасалып, құрылғылары еркін істеп тұрса. Бізде ол жоқ. Арнайы қабылдағыш сатып алып артық ақша шығындап неміз бар?

Құзырымызға жатпайды!

Газет редакциясына ресми хатпен жауап берген Катонқарағай ауданының әкімі аппарат басшысының міндетін атқарушы Алтайбек Какоков сандық телетаралым мәселесі жергілікті әкімдіктің қарамағына жатпайтынын хабарлап отыр.

- Цифрлық телетаралым мәселесімен "Қазтелерадио" акционерлік қоғамы айналысады, - делінген аудан әкімдігінің берген ресми жауабында. - Бұдан бөлек, Катонқарағай ауданының бірқатар елді мекендері ғаламтор желісімен қамтылған. Жоғары жылдамдықты 4G ғаламтор желісімен қазіргі таңда Үлкен Нарын ауылы ғана қамтылған, ал басқа ауылдық жерлерге аудан өңірі таулы аймақ болғандықтан жоғары жылдамдықтағы ғаламтор желісін тарту қолжетімді болмай тұр.

Жергілікті билік өкілі алдағы жылдары "Қазақтелеком" акционерлік қоғамы өздерінің жоспарына сәйкес белгілі бір жұмыстар жүргізетінін тілге тиек етті. Егер шынымен де аталмыш жұмыстар ары қарай жалғасын табар болса, ауыл тұрғындары кейбір отандық арналарды заманауи теледидардан ғаламтор арқылы көре көре алатын болады. Мұндай уақытта арнайы қабылдағышты, я болмаса тюнерді теледидарға қосудың қажеті болмасы анық.

***

Аққайнар ауылындағы сандық телетаралым тарататын құрылғылардың осы уақытқа дейін іске қосылмауы өз жұмысын уақытылы орындап үлгермеген мердігер мекеменің кесірінен орын алған көрінеді. Бүгінгі таңда оны сотқа берген "Қазтелерадио" акционерлік қоғамы алдағы уақыттан үміт күтеді. Дегенмен, сот үрдісінің қай уақытта болмасын ұзаққа созылатын мәселе екені барлығымызға мәлім. Ұзын-сонар істің соңына жеткенше ауылға "Қазақтелекомның" жоғары жылдамдықтағы ғаламтор желісі де жетіп қоюы ықтимал. Қос компанияның қайсысы бірінші болып жететіні алдағы уақыттың еншісінде. Ендеше әліптің артын күтейік, ағайын!

Ерлен ОСМАНОВ

Қоса кетсек

Бүгінде ауданның 17 елді мекені арнайы желілердің тартылмауы салдарынан ғаламторға шығу мүмкіндігіне ие болмай отыр. Бұл бірінші кезекте аудан аумағының таулы жерде орналасуымен тікелей байланысты көрінеді.

Катонқарағай ауданында тасымалдау ортасының жоқтығына орай 17 ауылға ғаламтор желісі тартылмаған. Олар:

Елді мекен атауы

Телефон байланысы

Ғаламтор желісі

Ақмарал

Бар

жоқ

Ақсу

Бар

жоқ

Ақшарбақ

Бар

жоқ

Алыбай

Бар

жоқ

Аршаты

Бар

жоқ

Бекалқа

Бар

жоқ

Берел

Бар

жоқ

Бесүй

Бар

жоқ

Жазаба

Бар

жоқ

Жамбыл

Бар

жоқ

Коробиха

Бар

жоқ

Құндызды

Бар

жоқ

Новополяковка

Бар

жоқ

Свинчатка

Бар

жоқ

Сенное

Бар

жоқ

Ульяновка

Бар

жоқ

Өрел

Бар

жоқ