Трамвайдың жайымен танысты

302
көрілім

Өскеменнің жаңа әкімі Жақсылық Омар қаланың трамвай паркіне барып, кәсіпорындағы қиындықтармен танысты. Қалалық ішкі саясат бөлімінің мәліметіне сүйенсек, облыс орталығына сатып алынған 45 трамвайдың 15-і ғана жолға шыққан.

Өскемен трамвай паркінде 45 трамвай бар, соның 23-і жолаушы тасымалдауға жарамды. Ал бүгін 15-і ғана бағдарға шықты. Өскемен трамвай паркінде қиындықтар біршама: трамвайларды, жолдарды жөндеу қажет, тіпті кәсіпорынның өзін күрделі жөндеуден өткізу өзекті мәселе болып отыр.

Жақсылық Омардың айтуынша, бұл түйткілдерді шешу ішінара трамвай паркінің басшылығына байланысты.

– Проблемалар, сұрақтар жиналып қалған, ал жауап жоқ, – дейді ол, – Қазіргі басты мәселе – трамвайларды тезірек іске қосу. Олар мемлекет қаражатына сатып алынған. Сіздер оларды іске қоса алатын мамандарды іздемейсіздер, компанияны жаңғырту бойынша ұсыныстарыңыз жоқ. Амал іздейік, бұл проблемаларды бізден басқа ешкім келіп шешіп бермейді.

Әкім ТКШ, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Руфат Акрамовқа осы мәселелерді шешу бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырып, алдағы дүйсенбіге дейін уақыт берді.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ