Алдағы айдың басынан бастап өңірімізде маусымдық тұмауға қарсы тұрғындарға екпе егу жұмыстары басталады. Екпені кезкелген азамат ала алады. Екпенің қандай санаттағы адамдарға тегін беріліп, қай жерден алуға болатынын газет тілшісі анықтап көрді.
Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті ресми сайтының хабарлауынша 2018-2019 жылдары өткен эпидемиологиялық маусымдағы сияқты А типті тұмаудың H1N1 (Мичиган) және H3N2 (Сингапур) вирустары, сондай-ақ В (Колорадо) типті тұмау вирусының белсенділігі артатынын болжап отыр. Олардың ең қауіптісі Сингапур тұмауы. Ол үнемі мутацияланады, осының салдарынан түрлі асқынуларға әкеп соғуы мүмкін.
Денсаулық сақтау саласы мамандары азаматтарға өздерінің және жақындарының денсаулықтарын сақтау үшін алдын ала қамданып, иммунизациядан өтуді ұсынады.
Шығыс Қазақстанда екпе жасау шаралары 1 қазаннан басталады. Балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан, жетім, мүгедек және көпбалалы отбасылардың балаларына екпе тегін түрде жасалады. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатқа 33 873 вакцина дозасы сатып алынды.
Сонымен қатар тілек білдірген кез келген азамат тұмауға қарсы екпені ақылы түрде ала алады. Әзірге оның бағасы белгісіз.
Өскемен қаласында ақылы түрде екпе жасау пункттері "Амбулаториялық орталық" мекемесінде (Абай даңғылы, 18 үй), сондай-ақ №1 (Әуезов даңғылы, 18 үй) және №2 (Буров көшесі, 61 үй) емханаларда ұйымдастырылатын болады. Ал ауыл тұрғындары аталмыш мәселемен өздерінің тұрғылықты жерлеріндегі отбасылық-дәрігерлік амбулаторияларға жүгіне алады.
Азамат ТЕМІРБЕКОВ