Түн жамыла тонаған

270
көрілім

Қыркүйектің 19-нан 20-на қараған күні түнде облыс орталығында 13 автокөлік тоналды. Дегенмен, Мыза және Протозанов көшелерінің бойында тұрақтаған көліктерді шетінен тонаған ұры ұзамай құрықталды, деп хабарлайды газет тілшісі Өскемен қалалық ІІБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түн жамыла қылмысқа барған ұрының әрекетін көлік иелері таңертең байқап "102" нөміріне хабарлаған. Жедел іздестіру шаралары барысында қылмыскер Абай даңғылының бойындағы автобекетте, қаладан тысқары кетпек болған уақытта құрықталды. Барлық ұрланған заттар алынды. Жымысқылыққа барған 19 жасар ұры жігіт бір түнде көліктерден ақша, алтын бұйымдарды, құжаттарды, қуаттағыштарды, қаптарды, 10 құты бал мен радарға қарсы құрылғыларды шетінен ала беріп, көлік иелерін 370 мың теңгеден астам шығынға батырған.

Аталмыш факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 188-бабы 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Ерлен ОСМАНОВ