Тұрғын үй долларға байланысты қымбаттауы мүмкін

341
көрілім

Бұл ретте алдағы уақытта бастапқы тұрғын үйге деген сұраныстың төмендеуі екіталай, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ ке сілтеме жасап. 

Соңғы күндердің ең көп талқыланатын тақырыптарының бірі (коронавирус індетімен қатар) доллар бағамының күрт өсуі болып отыр. Мұнай бағасының құлдырауы көптеген валюталардың құнсыздануына әкеліп соқты, соның ішінде біздің де төл теңгеміз бар. Өткен дүйсенбіде доллардың құны 440 теңгеге жетті. Сарапшылардың пікірінше, валюта нарығындағы ағымдағы жағдай сақталған жағдайда жақын арада тұрғын үй бағасының 15%-ға дейін көтерілуі мүмкін.

BI Development компаниясының бас директоры Максим Чернышовтың айтуынша, жылжымайтын мүлік құнындағы импортталатын компоненттердің үлесі айтарлықтай көп. Барлық дерлік техника, құрылыс пен әрлеу материалдарының едәуір бөлігі жақын және алыс шетелдерден жеткізіледі. Бұл, әсіресе, заманауи жайлы тұрғын үй кешендеріне қатысты.

-Егер доллар бағамы одан әрі жоғарылай берсе, онда жылжымайтын мүлік бағасы да өзіндік құн өсімі мен импорттық материалдардың баға өсіміне байланысты көтеріле бастайды, - деп атап өтті сұхбат беруші.  

Сонымен қатар, компаниялар құрылыс материалдарының бұрынғы ескі қорының таусылғанын күтпестен, бағаны көтеруге мәжбүр болады, өйткені оларды алдағы уақытта жаңа бағамен сатып алуға тура келеді.

Максим Чернышовтың айтуынша, BI Group холдингі Қазақстанның құрылыс саласының көшбасшысы ретінде өзінің бұрынғы бағаларын мүмкіндігінше ұстап тұруға тырысады. Алайда нарықтың құбылмалылығы болашақтағы жағдайдың қалай болатынын сенімді болжауға мүмкіндік бермейді, соған байланысты шаршы метрдің құны кез келген сәтте өзгеруі әбден мүмкін. Егер шетел валюталары бағамдары осылайша қарқынды түрде өсуді жалғастыра берсе, жылжымайтын мүлік бағасын да ұзақ уақыт бойы бұрынғы бағасымен ұстап тұру мүмкін болмай қалады.

Бұл тұжырымдармен Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының атқарушы директоры Владимир Борисов та келіседі.

-Сарапшылардың пікірінше, алдағы күндері тұрғын үй бағасының өсуі мүмкін. Импортқа тәуелді құрылыс салушылар тұрғын үй бағасын қайта қарауға мәжбүр және бұл туралы жақын арада хабарлайды, - деді ол өз сөзінде.

Бұл ретте көптеген сарапшылар бастапқы тұрғын үйді несиесіз сатып алуға да, тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорынан алған лицензиясы бар "7-20-25" бағдарламасы мен Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жобалары бойынша да несие алуға сұраныстың жоғары екендігін айтады.

Владимир Борисов бастапқы нарықтағы сатып алушылардың белсенділігі жақын арада құлдырауы екіталай екендігімен келіседі. Қаржы құралдарының шектеулі болуы мен бағаның өсу мүмкін екендігін ескере отырып, көптеген адамдар жылжымайтын мүлікке салынған инвестицияларды нарықтық тұрақсыздық кезеңінде сұранысқа ие болатын инвестициялардың ең қауіпсіз түрі деп есептейді. Турбуленттілік тұтынушылардың сұранысын арттырады әрі ол өз кезегінде тұрғын үй бағасының өсуіне де қолдау көрсетеді. Сонымен қатар, сатып алушыларға өз міндеттемелерін орындайтын және құрылыс нысандарын аяқтауға қаржысы жететін сенімді құрылыс салушыны таңдау өте маңызды болып табылады.