Тұрғындар тілегі орындалды

893
көрілім
Алмасай ауылдық округінің әкімі Төлеген Оспанов.

Ұлан ауданына қарасты 17 шақырым елді мекеніне ауыл мәртебесі беріліп, атауы өзгертілді

Ұлан ауданына қарасты Алмасай ауылының бір бөлімшесі іспетті саналатын 17 шақырым елді мекеніне биыл жаңа атау берілді. Айыртауды айнала ағатын саялы Сарыөзек өзенінің киелі есімін иелену үшін жылдар бойы арпалысқан "17-ші шақырымдықтардың" армандары биыл орындалды. Бірнеше жыл қатарынан бірнеше басқосу өткізген жергілікті билік ауыл тұрғындарының көңілдерін алабұртқалы қашан? Десек те, биыл көңілді күпті қылған мәселенің соңғы нүктесі қойылып, ауылға Сарыөзек атауын ресми түрде беретін құжат Әділет органдарында тіркелді.

Елеусіз қалмайды

Көпшілік бар-жоғы 31 үйі 132 тұрғыны бар шағын ауыл үшін мұндай әбігердің қажеті қанша деуі де мүмкін. Әрине мұндай шағын ауылға мектеп пен Мәдениет үйінің салынуы екіталай. Десек те, бұрын өзі бір ауылдың құрамдас бөлігі саналған елді мекенде алдағы уақытта бірқатар өзгерістің орын алатыны белгілі болды. Бұл жөнінде газет тілшісіне сұхбат берген Алмасай ауылдық округінің әкімі Төлеген Оспанов ауыл ішіндегі аты жоқ үш көше алдағы уақытта атауға ие болып, көшелері жарықтандырылып, бос уақыт орталығы бой көтеруі мүмкін екенін алға тартты.

- Алмасай ауылдық округінің құрамында осыған дейін Алмасай және Баяш Өтепов ауылдары болған еді, - дейді Төлеген Камалдинұлы. - Биылдан бастап бұрындары 17 шақырым аталып келген кіші-гірім елді мекенге ауыл мәртебесі беріліп, атауы Сарыөзек болып өзгертілді. Оның Сарыөзек аталуы да тегін емес. Өйткені Айыртауды саялай ағатын Сарыөзек өзені осы ауылдың жанымен ағады. Осы себепті ауылға өзен атауын беруді жөн деп таптық. Былтыр қараша айында жергілікті тұрғындармен жиналыс өткізіп, ұсынысты тағы бір пысықтаған соң ономастикалық комиссияның қарауына жолдадық.

Ауыл атауымен қоса елді мекен ішіндегі көше атауларын да өзгертуді жөн көрген сарыөзектіктер үш көшенің бірін Ұлыс Отан соғысының ардагері, Қызыл Жұлдыз орденінің иегері Шағиев Қанапияның, екіншісін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған, колхоз председателі Түсіпбаев Қанапияның, ал үшіншісін Достық атауымен атауды дұрыс деп тапқан.

Жолы жөнделіп, көшелері жарықтандырылады

- 2019-2020 жылдарға қарай аталмыш ауылға Бос уақыт орталығын салуды жоспарлап отырмыз. Ол үшін ұсыныс та жасап қойдық, - деп сөзін жалғады ауыл әкімі. - Жалпы Алмасай ауылының өзінде де Мәдениет үйі қажет. Дегенмен, мемлекет мұндай нысан салу үшін рұқсатты тұрғындары мыңнан асатын елді мекендерге ғана береді. Жалпы жергілікті кәсіпкерлеріміздің бірі соңғы уақытта 90-шы жылдары қараусыз қалып, жартылай қираған бұрынғы Мәдениет үйін қайтадан жөндеуден өткізуді қолға алды. Бүгінде біраз бөлігін жөндеп, пластик терезелерін орнатып та қойды. Алдағы уақытта нысан жекеменшікте болса да жергілікті халықтың бір игілігіне жарар деген үмітіміз жоқ емес. Сондай-ақ биыл ауылдық округтегі елді мекендердің көшелерін жөндеуге 3 миллион теңге қаражат бөлінді. Енді Сарыөзек ауылының ішіндегі көшелерді жарықтандыруға республикалық бюджетке тапсырыс беріп отырмыз. Биыл болмаса да, келер жылдары ондағы тұрғындар жарық әрі жол жабыны жақсы көшелермен жүреді деп ойлаймын. Бүгінде ауылдағы мектеп жасындағы 15 бала Алмасай ауылындағы орта мектепке арнайы бөлінген "Газель" көлігімен тасымалданады. Күніне үш мәрте Сарыөзекке барып қайтатын шағын автобус оқушыларды сабағынан қалдырған емес.

Алдағы уақытта Сарыөзек ауылын жанай өтетін "Өскемен - Қалбатау" тас жолындағы күрделі өзгерістер аяқталса, ауылдың жаңа атауы жазылған тақтайша жаңадан орнатылатын болады. Жол мұратын мақсат еткен жолаушы үшін бір төбенің астында елеусіз қалатын шағын ауыл бұдан былай өзіндік мәртебесімен жұрт көзіне бірден шалынатын болады деген үміттеміз. Ендеше, іске сәт!

Біздің байқағанымыз.

"Өскемен - Қалбатау" тас жолынан Алмасай ауылына тартқан бес шақырымдық бұрылыс жолдың бойынан біз шашылып жатқан қоқысты байқамадық. Бұл ауылдық округ әкімдігі тарапынан арнайы орнатылған мына тақтайшаға байланысты болса керек.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ
Фотосуреттер автордыкі