Тұрғындар Зайсан қаласындағы аудандық аурухана дәрігерлерінің біліктілігіне күмәнмен қарауда

12104
көрілім
Шартты фотосурет

Аурухана деген сөз кімнің ұртынан шықса да тұрғындар ойы сан-саққа кетеді. Бірі – сондағы ақ халаттылардың біліктіліктеріне шүбә келтірсе, өзгелері аурухананың талапқа сай жабдықталмай, саналуан кемшін тұстары үшін баруға асықпайды. Қалай десек те қос мәселенің қашан толыққанды шешімін табатындығы беймәлім. Бұл жолы Зайсан қаласынан хабарласқан тұрақты оқырмандарымыз аудандық ауруханада аталған мәселелер мүлде шешімін таппай жатқандығын жеткізді. Адам жанына араша түсуге асыққан дәрігерлердің ағаттығы ма, әлде оларға тиісті жағдай жасалмаған ба, бұл жөнінде аудан әкімдігінен біліп көрген едік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Көліктер ескірген

Осы мәселенің көтерілуіне себепші болған тұрғындар сөзінше, жедел жәрдем көлігінің жеделдігі сыналар тұста сыр беріп, уақытынан кешігіп жатады. Демек ескірген немесе саны аз. Осы ретте аудан басшылығынан жедел жәрдем көлігінің саны қанша екендігін сұрадық.

– Зайсан қаласында бес жедел жәрдем көлігі бар, тағы сегізі ауылдық амбулаторияларда. Бүгінде жеті жедел жәрдем көлігі 2002-2007 жылдар аралығында алынған. Техникалық жағынан ескірген, ауыстыруды қажет етеді, – деді бас дәрігердің міндетін атқарушы Дәурен Қыстаубаев.

Сұраухатты аудан әкімдігіне жіберген едік, жауап берген бас дәрігердің міндетін атқарушы. Әрине, аурухананың тыныс-тіршілігінен хабардар маманның мәлімет беруі құптарлық, әйтсе де тым құрығанда аудан басшысының көмекшілері сұраухатқа бір үңілсе көлікке қатысты өз жауаптарын ұсына кеткендері әлдеқайда орынды болар еді. 2009 жылы алынғанның өзінде, көліктердің ескіргендігінен Дәурен Жұпарқанұлы хабардар. Ескірген бес көлікті қолданғанша, аудан әкімдігіне өтінім жолдап, «тым құрығанда бір-екеуін жаңасына ауыстырып алуға қолқа салды ма екен?» деген сауал туындайды. Бәлкім, аудандық аурухана үшін бес жедел жәрдем көлігінің болуы жеткілікті шығар, дегенмен сын сағатта көлік істен шықса дәрігерлердің уақтылы көмек көрсетуінің маңызы қанша?

«Массаж жасатуға жиі жібереді»

Мәселе мұнымен шектелмейді. Науқастар тарапы ах халаттылардың біліктіліктеріне де күмән келтірілуде.

– Әпкем инсульт алған еді. Оған массаж жасаудың еш қажеті жоқ, керісінше, олай ету қауіпті. Ал аурухана дәрігерлері қоярда-қоймай массаж жасатуға жіберген. Әрине ол да ақылы түрде. Сонда келген науқасқа массаж жасату дәстүрге айналған ба? Оған қоса қарапайым УЗИ аппаратына түскенде, соны оқитын маман іске келгенде қиналып қалады. Амал жоқ, сол үшін облыс орталығына баратындар көбейді, – дейді Назгүл Манасова (аты-жөні өзгертілген).

Дәурен Қыстаубаевтың сөзінше, аудандық ауруханада 76 дәрігер жұмыс істейді. Аудандық аурухана тәулік бойғы 102 төсек-орын қорына, 74-і күндізгі стационарға жабдықталған. Дәрігер тапшылығы да бәлендей байқалмайтын көрінеді. Айталық, қазіргі уақытта ауруханаға үш жалпы тәжірибелік дәрігер мен бір эндоскопист маман қажет көрінеді.

Мамандық

Саны

1

Окулист

2

2

Отолоринголог

1

3

Кардиолог

1

4

Реаниматолог

4

5

Хирург

5

6

Эпидемиолог

1

7

Функционалист

2

8

Физиотерапевт

1

9

Акушер-гинеколог

4

10

Терапевт

1

11

Невропатолог

2

Ауруханадағы жалпы тәжірибелік дәрігерлер үлесі – 25%-ды құраған екен. Ал аудан бойынша орташа білімі бар дәрігерлер саны – 259 адам.

Мәселе әкімдікке де мәлім

Не десек те, нақты сандар сөйлеп тұрғанымен кемшін тұстардың тезірек түзелуі осы ауруханаға келіп түскен науқастардың негізгі өтініш-тілектерінің бірі. Ең сорақысы, тұрғындардың мекемедегі МРТ аппаратының күні бүгінге дейін жоқтығын айтып шағымдануы. Шынымен солай болғаны ма?

– Аудандық ауруханада УЗИ, ФГДС, рентгенаппарат, колоноскоп, маммограф, САД, спирограф, ЭХОКГ аппараттары тұрғындарға медициналық қызмет көрсетуге пайдаланылады. Ал дәрігерлер бес жылда бір рет, қажет болғанда қосымша семинарларға жіберіліп тұрады, – деді бас дәрігердің міндетін атқарушы.

Тұрғындар мекемедегі бірқатар мәселелер жөнінде аудан әкімдігі хабардар бола тұра көңіл бөлмей отырғандағын баса айтуда. Тым құрығанда УЗИ-ге түскен жандар жергілікті мамандар әлеуетіне еш күмән келтірмей, сенім білдірсе аурухана дәрігерлерінің деңгейін бағамдап көруге болады. Келген науқасты жөн-жосықсыз массаж жасатуға жіберу қаншалықты орынды екендігін аурухана басшылығы өзара талқылай жатар. Бастысы, аудандық ауруханаға үмітпен келген науқастар бірте-бірте күдігін үдетіп алмаса игі.

Әділхан ЕСІМХАНОВ