Түрі фотороботтағы суретке ұқсағаны үшін түрмеге қамалған өскемендікке қатысты сот үкімі шықты

467
көрілім

Өскемен қаласының тұрғыны Ақылбек Қаржыбаевқа тапа-тал түсте үйінің ауласында полиция қызметкерлері қырғидай тиіп, абақтыға қамап тастаған. Тәртіп сақшыларының сондағы қалқан еткен сөздері – «Фотороботтағы суретке ұқсайсыз» болды. Осының салдарынан 3 ай өмірін түрмеде өткізген Ақылбек ақылынан адаса жаздады. Енді қайтсін?! Жазықсыздан-жазықсыз темір торға қамалу оңай ма? Бүгінде бостандықта жүрсе да бұрынғыдай ақжарқын емес, айналасына үреймен қарайды…

Оқиға қалай болды?

Ұлан ауданы Донское ауылында дүниеге келген Ақылбек Қаржыбаев ел қатарлы өмірі қас-қағымда шытырманға ұласады деп еш ойламаған. «Казцинк» компаниясында электр жабдықтарының маманы болып жұмыс істейтін отағасы әйелі мен қызына сүйеніш бола білді. Жас жанұя екінші сәбилерінің дүниеге келуін күтіп жүрген. Ипотекаға пәтер алып, қоныс тойын тойлаған отбасының болашаққа жоспарлары көп еді. Бірақ шыр айналған қу жалған оларға мүлде басқадай сынақ дайындап қойыпты.

– Былтырғы жылдың желтоқсан айының ортасында нотариусқа сенімхат рәсімдеу үшін барған едім, – дейді Ақылбек, – Сол кезде өзімнің қазан айынан бері халықаралық іздеуде екенімді естідім. Бұл хабар маған төбемнен жай түскендей әсер етті. Анық-қанығын білу үшін туыстарым Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаментіне барып сұрағанда тәртіп сақшылары менің тергеуден жасырынып жүргенімді айтыпты.

Соңынан белгілі болғандай, оған Алматы қаласындағы аса ауыр қылмысқа қатысы бар деген айып тағылған екен.

– 24 желтоқсан күні түнгі ауысымнан шығып үйге келдім. Түс кезінде зайыбым Назгүл екеуіміз базарға барып, азық-түлік сатып алып қайтып келе жатқанбыз. Кенет дәл үйдің ауласында құқық қорғау органының екі қызметкері мені ұстап, мәжбүрлеп көлікке мінгізді. Жүктіліктің жетінші айында болған келіншегім «күйеуімді жіберіңдер!» деп зар еңіреді. Бірақ желке жүнін үрпиткен олар құлақтарын да түрмеді. Сөйтіп Өскемен қалалық Полиция басқармасына жеткізілдім. Мені Үлбі ауданында орналасқан полиция бөлімшесіндегі уақытша ұстау изоляторына қамап тастады, – дейді әңгімелесушіміз.

Бір аптадан соң Ақылбекті Лихарев көшесіндегі тергеу изоляторына ауыстырады. 16 қаңтарда ол қамауға алынған 20-дан астам адаммен бірге пойызбен оңтүстік астанаға жөнелтілген. Сол жақтағы түрмеге түсіп, тергеу басталады.

– Өткен жылдың мамыр айының 26-28 күндері Алматыда бір топ қарақшылар әйел адамды қамауда ұстап, 9 миллион теңге сұраған көрінеді. Жәбірленушінің айтуына қарағанда, қылмыскерлер оны жерге көміп тастап, қайтадан қазып шығарған. Ұрып-соғып азаптап, мылтық та кезеген. Ақыр аяғында, бар ақшасы мен автокөлігін алып тайып тұрыпты. Бүгінде бетперде кимеген 6 еркектің төртеуі ұсталған. Ең қызығы, құқық қорғаушылар сол әйелден «сізден ақша бопсалағандардың бірі осы ма?» деп сұрағанда, «иә» деп жауап берді. Тіпті «Өзін Саят деп таныстырған бұл жігіт қарақшыларды басқарып жүрді» дегенді айтты, – дейді Ақылбек Қадылбекұлы.

Оның айтуынша, кейіннен 26 жастағы жәбірленуші әйелдің өзі «Алаяқтық» бабы бойынша сотқа тартылып, 2017 жылы түрмеден босап шыққандығы анықталған.

– Наурыз айының ортасына дейін абақтыда отырдым. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған» туған-туыстарым үшінші қорғаушыға ақша жинастырып, кінәсіздігімді дәлелдеу үшін барын салды. Қылмыс жасалған күні менің жұмыста болғаным зауыттағы өткізу жүйесі арқылы анықталды. Әйтеуір түбінде ақталып шығып, 22 наурызда, дәл Ұлыстың ұлы күнінде Өскеменге келдім. Бірақ адам өлтіру, зорлау сынды ауыр қылмыс жасағандармен бірге түрмеде өткізген күндерім психологиялық жағынан әсер етпей қоймады, – дейді Ақылбек Қаржыбаев.

Қылмыскерді тез анықтап, істі жабуды мақсат еткен құқық қорғау органы қызметкерлерінің кесірінен Ақылбектің жанұясы 4 млн теңгеден астам шығынға батыпты.

«Сот шешімімен келіспейміз!»

Кейіпкеріміз олқылыққа жол берген Алматы облыстық Полиция департаментінен моральдық және материалдық залалды өндіру үшін сотқа талап арыз берген. Тергеушілердің әрекеттері мен жала жапқан алматылық азаматшаға қатысты Прокуратураға арыз жазыпты. Бүгінде сот тек моральдық шығын туралы шешім шығарған.

– Қанша шырылдасамда ешкімге шара қолданылмады, тіпті біреуі де маған келіп кешірім сұрамады. Моральдық шығын ретінде 10 млн теңге талап еткен болатынмын. Шынымды айтсам, жоқ дегенде 3 млн беретін шығар деп ойладым. Алайда ол да жоқ. Сот тек 500 мың теңге өндіру жайлы шешім шығарды. Бұл үкіммен мүлде келіспейміз! Адвокатым апелляцияға берді. Ал материалдық залал жайлы іс қылмыстық сотқа жіберілді, – дейді жәбірленуші.

Оқиғаның әрі қарайғы желісі газет тілшісінің назарында болады.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ