Шығыс Қазақстанда туризмді дамыту басты мақсаттардың бірі. Жуықта облыстық Кәсіпкерлер палатасы өткізген жиын барысында туризм саласындағы мамандардың тапшылығы, нысандарға жету жолдары, жол бойындағы сервис мәселелері талқыға салынды.
Кездесуге ШҚО Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Игорь Шацкий, Шығыс Қазақстан Туристік қауымдастығының директоры Серік Жүнісов, туристік операторлар мен демалыс аймақтарының иелері қатысты.
Олардың айтуынша, өңіріміздегі туризмнің дамуына кедергі болып отырған бірінші кезектегі мәселелерді шешу керек. Атап айтқанда, туристік нысандарға апаратын жолдарды жөндеп, ешқандай сын көтермейтін жол бойындағы сервисті жетілдірген жөн. Бүгінде туризм саласындағы тағы бір өзекті мәселе – мамандардың жетіспеушілігі. Кәсіпкерлер демалыс аймақтарында жұмыс істейтін адам жоқ деп дабыл қағуда.
– Қазіргі таңда бұл олқылықтарды реттеуге мүмкіндік бар. Егер кәсіпкерлер өз демалыс аймақтарында мамандарды дайындау бойынша оқу орталықтарын ашса, барлық шығындар өтеледі. Бұған қоса қазіргі таңда «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына түзетулер жасалып жатыр. Осыған байланысты өңірлік туризм саласын дамыту бойынша өз ұсыныстарымызды беруді көздеп отырмыз, – деді Игорь Шацкий.
Сондай-ақ кездесу барысында туристік саланың жүйелі мәселелері мемлекеттік деңгейде шешіліп жатқанда5ы атап айтылды.
– Осы жыл туризм үшін ерекше жыл болып отыр. Өйткені негізгі екі құжат қабылдану үстінде. Біріншісі – елімізде туризмды дамыту бойынша мемлекеттік бағдарлама. Енді ұзақмерзімді несиелеу, субсидиялау, салықтан, баждан босату, табиғи грант ретінде жерді бөлу, туроператорларға арнап банк кепілдіктерін әртараптандыруға қатысты мәселелер шешіледі. Сонымен қатар қолөнершілерге қолдау көрсетіледі. Алдын ала мәліметтер бойынша қолөнершілерге арнап 3 млн теңгеден 1000 грант және қонақ қабылдау үйлерін ашуға 1000 грант бөлінген, – деді «ШҚО Туристік қауымдастығы» ЗТБ директоры Серік Жүнісов.
Талғатжан МҰХАМЕТБЕКҰЛЫ