Туризмнің туын тіктейік!

377
көрілім

Шығыс Қазақстанда туризм саласында 13 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Бұл жайлы өңірлік кәсіпкерлер палатасы алаңында туризм саласына қатысты инвестициялық жобалардың таныстырылымы барысында айтылды.

Инвестициялық ірі жобалардың бірі Глубокое ауданында «Халықаралық тау шаңғысы курортының функцияларын орындауға қабілетті шаңғы спорты бойынша оқу орталығының құрылысы» болып отыр. «Алтай Альпісі» тау-шаңғы курортының директоры Александр Чиликиннің айтуынша, жобаны жүзеге асыру мемлекеттің қысқы спорт түрлері бойынша жетістіктерін арттыруға жол ашады. Қазақстандық спортшыларға бұл жерде толыққанды жаттығу жасау мүмкіндігі туады.

– Қазіргі таңда тау-шаңғы курортында 4 арқанжол бар. Біз ТМД-ның озық ондығына кіріп те үлгердік. Тағы екі арқанжол салып жатырмыз, сонымен қатар шатқалды жасанды қарландыруды жоспарлап отырмыз. Осылайша маусымды ұзартпақпыз. Спортшыларымыз елден шықпай-ақ жаттығу жасауға мүмкіндік алуын қалаймыз, – деді Александр Чиликин.

Оның айтуынша, қазіргі таңда жобаға 2 млрд теңгеден астам несиелік және жеке қаражат салынған. Тағы 1 млрд 200 млн теңге қаражат керек. Оның 20%-ы жеке қаражат, 80%-ы – несиелік қаражат болады деп болжануда.

Іс-шара барысында Үржарда концерттік-билеу алаңын және Бесқарай ауданында «Жаңа ауыл» киіз үй қалашығын салу жобалары да таныстырылды.

– Биыл туризм саласы бойынша ШҚО Кәсіпкерлер палатасында 52 инвестициялық жоба қарастырылған. Бүгін олардың 13-і таныстырылды. Оларды жүзеге асыру және қаржыландыруға дайын әзірлемелер, бизнес-жоспарлар кепілзаттары да бар, – деп қорытындылады ШҚО Кәсіпкерлер палатасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Қайрат Мамырбаев.

Асқар ТҰМАРБЕК