ТЖ кезіндегі жұмысшылар құқығы мен пәтер жалдап тұрып жатқан тұрғындар сауалдарына жауап

479
көрілім
Шартты фотосурет

Республика көлемінен тыс, жер-жиһанда болып жатқан күрделі кезеңге көз жүгірткен зейнеткерлер кейде өзара әзілдесіп жатады. Құлақ түрсек, былай: «Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезең, кеңестік қарбалас, алып империяның уығы шайқалғаннан кейін жер-жерде орын алған бей-берекетсіздік, тіпті дағдарыс дейсіздер ме, түрлі мерзімде ғұмыр кештік. Алайда Төтенше жағдай кезіндегі өмір мүлде басқаша екен» – дегенге саяды. Мұндай жағдай расымен де елімізде алғаш рет болып тұр. Осыған орай, әркімнің көкейінде бірқатар сауалдар легінің жиналары белгілі. Біреу іс-сапармен елордаға жіберіліп, қайта алмауда. Осы үшін жұмыстан шығарыла ма? Кейбіріне таңсық болуы мүмкін: жалға алған пәтеріне ақшасын қалай төлейді, әрі иесі жалдап тұрушыны қуып шығуға құқылы ма? Бірқатар сала жұмысшыларын нақты бір мерзімге ақысыз еңбек демалысына жіберді, кейбірі қауіпті індеттен сақтанып, өз еріктерімен жұмысқа шықпауда. Сайт тілшісі осы және өзге де жағдайларда не істеуге болатындығын анықтап көрген еді.

Мақаланы әзірлеу кезінде бір жағдай төңірегіндегі ұқсас жайттар бойынша да оқырмандар тарапынан келіп түскен сауалдарға жауап алуға тырыстық. Барлық мәселелер жөнінде заңгер, ШҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы мамандарының көмегіне жүгіндік. Ендеше анықтамалық материалымызды оқығанда қажет жерлерінде бір қорытынды шығарып, сараптама жасай отырыңыздар.

Жұмыс беруші жұмыс уақыты кезінде қызметкерлерін медициналық маскамен қамтамасыз етуге міндетті ме? Өзім азық-түлік дүкенінде сатушымын. Соған орай күнделікті келімді-кетімді адамдар көп. Шыны керек, қазір маска тақпай жұмыс істеу қауіпті болып тұр. Алайда дүкен иесі медициналық қолғаптар ғана берді. «Масканы еш жерде таба алмадым» деді. Біздің де еш дәріханалардан таба алмауымыз мүмкін. Ал онсыз жұмыста қауіпсіздік шараларын сақтау мүмкін емес. Сұрайын дегенім, жұмыс кезінде сатушылардың өздері медициналық маска киіп келулері керек пе, әлде ол жағын дүкен иесі шешуі тиіс пе?

Айзада Аманқызы

ШҚО еңбек инспекциясы басқармасындағылар бұл жөнінде ҚР Еңбек Кодексінің 182-бабын оқып берді. Аталған бапқа сәйкес жұмыс беруші қызметкерлеріне санитарлық-медициналық жағдай жасап, арнайы киім мен аяқ-киімдер алдырып, жұмыс орнына профилактикалық шаралар жүргізіп, жуғыш заттар, дезинфекциялық құралдар орнатып, еңбек бойынша мемлекеттік құзырлы органдар талаптарын сақтауы қажет. Былайша айтсақ, әу баста айтылған медициналық маска сынды жеке бастың қорғалуын қамтамасыз ететін заттарды жұмыс беруші табуы тиіс.

Пәтер жалдап тұрамын. Барлығы заң жүзінде. Пәтер ақысын уақтылы төлеп келдім, десе де қазіргі төтенше жағдай кезінде жұмысымнан шығып қалдым. Соның салдарынан төлейтін ақшам болмай тұр. Сонда қазіргі жағдайды екі жақты келісімнің қатысы жоқ алдын ала болжау мүмкін емес жайттар санатына қосуға бола ма? Осы ретте пәтер ақысын төлеуді шегере аламын ба? Пәтер иесінің мені қуып шығуына құқығы бар ма?

Ақтоты Манасова

Бұл сұрақ бойынша заңгер, «Витязь» журналистік зерттеу және құқықтық ақпарат Агенттігінің редакторы, заңгер Алексей Божков ойын ортаға салды:

Ең алдымен тосын жағдайлар жазылуы тиіс шартты негізге алу қажет. Егер тұрғылықты жері ретінде сол мекенжай жазылған болса, онда екінші тараппен төлем жағын шегеріп, немесе бағасын түсіру нұсқаларын қарастыруға еш кедергі жоқ. Барлық келісімдер құжат жүзінде жүзеге асырылады. Егер тосын жағдай жағы қарастырылмай, төлем міндеттері ғана көрсетілген болса, онда мәселе сотқа дейін жалғасуы мүмкін. Сөйтіп болған жайтты тосын жағдай кезінде болғандығын дәлелдеуіңіз керек. Сондықтан алдағы уақытқа айтар кеңесім: келісімшартқа қол қоймас бұрын, құжатта оқыс жағдай пункті көрсетілуі тиіс, себебі барлығымыз жағдайы тұрақсыз уақытта өмір сүрудеміз.

Екі жақ тараптың бірінің талабы бойынша жалға алған мүлік келісімшарты жалға алушы екі не одан көп рет мүлік қолданғаны үшін ақы төлемеген болса, онда аталған келісімшарт сот тәртібімен мезгілінен бұрын өзгеруі немесе бұзылуы (ҚР Азаматтық кодексінің 556-бабы) мүмкін. Дегенмен келісімшарт тек сот тәртібімен ғана бұзылатынын ескеріңіз. Келісімшарт бар кезде өз еркімен пәтер жалдап отырған адамды қуып шығуға құқығы жоқ.

Қалада жұмыс істегеніммен Герасимовкада тұрамын. Наурыз айының соңында кестеге сәйкес еңбек демалысына шықтым. Одан іле ел көлемінде карантин жарияланып, Өскеменге кіруге тыйым салынды. Жуырда еңбек демалысым аяқталады. Болып жатқан жағдайлар салдарынан блокбекеттен өте аламын ба, өйткені менде ешқандай арнайы рұқсаттама жоқ. Сұрайын дегенім, осы жайт бойынша басшылық тарапы жұмыстан қалды деп санап, шығарып жіберуі мүмкін бе?

Айдос

ШҚО мемлекеттік еңбек инспекция басқармасы: Жұмыстан қалу, яғни жұмысшының бір күнде үш не одан көп сағат себепсіз жұмыста болмауы, расымен де жұмыс беруші тарапынан жұмыстан қууға әкеліп соқтыруы мүмкін. Еңбек келісімшартын бұзудың мұндай негізі ҚР Еңбек кодексінің 52-бабымен қарастырылады.

Алайда жұмысшының ұзақ уақыт жұмыста төбе көрсетпеуінің салмақты себептері де болуы мүмкін. Заңнамада аталған себептердің тізімі берілмеген. Сол себепті жұмыс беруші мән-жайға үңіліп, өгіз де өлмей, арба да сынбайтындай етіп шешім шығаруы тиіс. Мұндайда әкімшілік жұмыскерден жазбаша түсініктеме алуына, өзге де шаралар қолдануына болады. Әдетте, салмақты себептерге өрт шығу, су басу жағдайы, жұмысшының немесе оның туған-туыстарының сырқаттануы сынды жағдайлар жатады.

Сондықтан жұмысшы белгіленген уақытта жұмыс орнынан табылмаса, бас салып, жұмыстан қууға еш негіз жоқ. Жұмысшының мекенжайын анықтап, өзімен немесе жақындарымен байланысқа шығып, келмей кету себебін анықтап көруі қажет.

Егер қала карантинге жабылып, қызметкер жұмыс орнынан табылмаса, онда жұмыс беруші мән-жайды анықтамайынша оны жұмыстан қалды деп белгілемеуі тиіс.

Қазір елімізде жарияланған ТЖ кезінде көптеген компаниялар жұмысын тоқтатып, қызметкерлерін еңбек демалысына жіберді. Жаз айларына орайласқанын жөн көрген едім, амалсыз ертерек кетуге тура келді. Сонда жаз айындағы демалыс күндерім үшін қосымша аванс жаздыра аламын ба? Жалпы келер жылдың есебінен және 2020 жылы қалған демалыс күндерін қосып, еңбек демалысына шығуға бола ма?

Гүлдана Сержанова

ШҚО мемлекеттік еңбек инспекция басқармасы: ҚР Еңбек Кодексінің 93-бабына сәйкес кезекті еңбек демалысын ұсыну еңбек демалысын кестесіне немесе айрықша қажеттілік туындауына орай екі жақ тараптың кестеден тыс әрекет етулеріне қарай қарастырылады. Сол себепті, қызметкерлердің келер жылдың есебінен және 2020 жылы қалған демалыс күндерін қосып, еңбек демалысына шығуға мүмкіндіктері бар.

Коронавирус жұқтырып аламын ба деп қатты қорқамын. Зейнет жасына жетуге де шақ қалдым. Науқастардың көбі демікпемен ауырады. Ешкімді де еңбек демалысына жіберген жоқ, ал ұйымда қашықтан жұмыс істеу нағыз қиямет. Ақысыз еңбек демалысын өзім сұрап, немесе кезекті еңбек демалысына шығуыма бола ма?

Мәулен Акрамханов

– Егер еңбек демалысының уақыты таяп қалса, онда қызметкер еңбек демалысына шығу мүмкіндігін пайдалануға құқылы, – дейді Алексей Божков. – Қызметкерге екі тараптың келісімі бойынша алғашқы және келер жылдары да жыл сайынғы еңбек демалысының ақысын төлеу кез келген жұмыс уақыты кезінде жүзеге асырылады. Еңбек ақысын сақтамай демалысқа жіберу жұмыс беруші мен қызметкердің екі жақты келісімі негізінде іске асырылады. Жұмыс беруші:

1) некеге отыру;

2) баланың өмірге келуі;

3) жақын туысының өмірден озуы;

4) еңбек, әріптестік келісімшарт негізінде қарастырылған өзге де жағдайлар бойынша 5 күнге дейін демалыс бере алады.

Яғни келісімшартта жұқпалы індетке қатысты жағдай (пандемия) қарастырылса, онда еңбек демалысын ұсыну міндетті. Десе де демалыстың мұндай түрінің мерзімі шектеулі. Еңбек ақысын сақтамай, бұдан ұзақ уақыт демалысқа шыққысы келгендер жұмыс берушісімен келісіп, бір ымыраға келулері тиіс.

Үй карантиніне жатқызылған едім. Енді мынадай сұрақ туындап тұр: жұмыс берушім қандай да бір жолмен үйге жатқызылғаным үшін ақы төлеуі тиіс пе?

Айнұр

ШҚО мемлекеттік еңбек инспекция басқармасындағылар егер компания қызметкері үй карантиніне жатқызылса, онда ҚР Мемлекеттік бас санитары дәрігерінің 2020 жыл 12 наурыз күнгі №19 Қаулысы негізінде қызметкерлерге медициналық ұйымдарға бармай-ақ уақытша еңбекке жарамсыздығы жайында парақша толтырылады. Уақытша еңбекке жарамсыздық жағдайына байланысты төлемақы тағайындау ҚР Үкіметінің 2015 жыл 28 желтоқсанындағы қаулысына сәйкес, бір айға төленетін жәрдемақы мөлшері тиісті жылға он бес еселенген айлық есептік көрсеткіштен аспауы тиіс.

Фитнес-орталығында жұмыс істеген едім. Әрине, қазір жабық тұр. Қызметкерлерді ақысыз еңбек демалысына жіберді. Сондай осы іспетті ақысы төленбейтін еңбек демалысы қанша уақытқа жалғаспақ?

Ұлбосын Азатқызы

– Ақысыз еңбек демалысының нақты мерзімі қызметкер мен жұмыс берушінің келісіміне қарай анықталады, – дейді ШҚО мемлекеттік еңбек инспекция басқармасындағылар. – Яғни, Заңнамада нақты уақыты қарастырылмаған.

Наурыз айының соңында жолдасымды іс-сапармен Алматыға жіберді. Сол уақытта өзі де, басшылығы да Алматыға кіріп-шығуға тыйым салу жағына мән бермеген болатын. Отағасының Алматыда атқаратын жұмыстары көп еді, бір жағынан өзі де шаһардан шығып үлгеремін деп ойлады. Амал нешік, үлгермеді. Бері шыға алмай, күні бүгінге дейін сол жақта жүр. Үйге қашан оралатыны беймәлім. Жолдасым екеуіміздің мынадай сауалымыз бар: іс-сапар мерзімінің созылуына байланысты жұмыс беруші кеткен шығынды өтеп беруі тиіс пе?

Шұғыла Жотабекова

ШҚО мемлекеттік еңбек инспекция басқармасы: Еңбек Кодексінің 127-бабына сәйкес іс-сапарда жүрген қызметкердің жұмыс орны мен жұмыс күндеріндегі еңбек ақысы сақталады. Іс-сапарға жіберілген қызметкерлерге тәуліктік ақы, межелі жерге жетуіне және қайтуына кеткен жол шығыны, сондай-ақ тұрғын үй жалдап тұруы – барлығы дерлік төленеді.

Сондықтан карантинге жабылған қалаға жұмыс бабымен жіберілген қызметкерге жұмыс берушісі сол жақтағы барлық күндері үшін іс-сапар ақысы ретінде төлейді.