Уақыт үнемдей аласыз…

372
көрілім

Өңірімізде мобильді қосымша арқылы дәрігердің қабылдауына жазылуға және еңбекке жарамсыздық парағын алуға болады. Тұрғындарға осындай мүмкіндік берген DamuMed қосымшасын бүгінгі таңда 10 мыңнан астам адам кәдеге жаратқан. Бұл жайлы «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесі бюросының отырысында ШҚО әкімінің аппарат басшысы Ринат Омаров мәлімдеді.

DamuMed мобильді қосымшасын қолдану арқылы пайдаланушылар дәрігердің қабылдауына жазылып немесе оны үйге шақыруға, еңбекке жарамсыздық парағын жүктеп алуға, дәрігер жазып берген дәрі-дәрмектердің тізімін оқуға және лабораториялық зерттеулердің қорытындыларымен танысуға мүмкіндік алды. 2018 жылдың сәуір айынан бастап өңір тұрғындарына скрининг жүргізу қажеттілігі туралы 1665 хабарлама жіберілген.

Сонымен қатар, науқастардың жекелеген санаттарына дәрігердің көмегіне шұғыл түрде жүгінуге арналған «Дабыл батырмасы» функциясы қарастырылған. DamuMed қосымшасы Apple және Android операциялық жүйелері үшін қолжетімді.

– Күн сайын Шығыс Қазақстанда бұл мобильді қосымшаны қолданушылардың саны артып келеді, – дейді ШҚО әкімінің аппарат басшысы Ринат Омаров, – DamuMed қосымшасы да уақыт өткен сайын жандануда. Алдағы уақытта оның медициналық қызметтер ауқымы одан сайын кеңейтілмек. Атап айтқанда, қосымшаға денсаулық төлқұжатының электрондық нұсқасы, аурудың алдын алу шаралары мен дәрілердің қолдану уақыттары жазылған «Ақылды рецепт» бағдарламасы енгізіледі.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ