Угги етігіне қалай күтім жасайды?

389
көрілім

Суық қыста қалың, жылы угги етіктері үлкен танымалдыққа ие болуда. Жайлы, ыңғайлы, әрі аязға төзімді аяқ киімді неге кимеске?

 

Угги дөрекі көрінеді, көйлек пен белдемшемелермен жараспайды деп сынайды. Қалай болғанымен, қой жүнінен тігілген австралиялық етікті қазірде жұлдыздар да, қарапайым қыздар да киеді.

Аяз түскенде сүйікті етігімізге айналатын угги қыс бойына бастапқы келбетін сақтау үшін оны тазалап, күтім көрсету керек. Төзімді етік ерекше күтімді қажетсінбейді, тек бірнеше қарапайым кеңестерді біліп жүрсеңіз болғаны.

1. Әбден кірленіп қалған уггиді тазалаудың ең қарапайым жолы – оны химиялық тазалауға апару. Етігіңіздің кірленуіне байланысты бұл дауа 2000-10000 тг аралығында тұрады.

2. Етігіңізді үйде тазалауға бел бусаңыз, бірінші кезекте оны әбден кептіру керек. Ол үшін етіктің ішіне газет не қағаз салып, табиғи жолмен құрғатыңыз. Уггиді батареяның қасында кептіруге болмайды, бұл етіктің пішінін өзгертуі мүмкін.

3. Біріншіден, етікті құрғақ жұмсақ шүберекпен шаң мен кірден сүртіңіз, бұл мақсатта күдеріге арналған арнайы жұмсақ щетканы қолдануға да болады. Аяқ киіміңізде қатты байқалып тұрған дақтар болмаса, оны қарапайым сумен тазалаңыз. Етіктің ұшы мен өкшесін мұқиятпен сүртіңіз. Уггиді қарапайым губкамен сүртуге болады, губканы суға малып, артық суды сығып тастаңыз. Етікті қатты сулап жібермеңіз.

4. Уггидің өңін келтірудің тағы бір амалы – сірке суы ерітіндісін қолдану. 4 ас қасық 7%-дық сірке суына 5 ас қасық суды араластырып, губканы осы ерітіндіге малып, етікті сүртіп шығыңыз. Әрине етікті алдын ала құрғақ шүберекпен сүртіп шыққан жөн. 10-15 минуттан кейін етікті таза сумен сүртіңіз. Етік біраз тазарып, түсі жаңарады.

5. Күдері терідегі майлы дақтарды бензин кетіре алады. Тазартылған бензинді крахмалмен араластырып, майлы дақтың үстіне жағыңыз. Осылайша тазартқыш құрал толықтай кепкенін күтіңіз. Артынан кеуіп кеткен ұнтақты щеткамен тазалаңыз, оның астындағы майлы дақ кетуі керек.

6. Уггидің ішіндегі ақ жүн қара шалбар, колготки, шұлық әсерінен тез арада қарайып кетеді. Оны тазалау үшін ас содасы мен крахмал ұнтақтарын 1:2 қатынасында араластырыңыз. Осы ұнтақты тазалау керек жерлерге сеуіп, 20-30 минутқа қалдырыңыз. Ұнтақ қалдықтарын щеткамен тазалап, етікті жақсы желденетін жерге біраз уақытқа қойыңыз.