Ұлан ауданы Айыртау ауылында «Абай мұрасы - адамзат қазынасы» атты көркемсөз оқу мен жыр мүшәйрасы өтті

443
көрілім

Ұлан ауданы Айыртау ауылында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай орта мектеп оқушылары арасында «Абай мұрасы - адамзат қазынасы» атты көркемсөз оқу мен жыр мүшәйрасы өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Байқау аудандық Балалар шығармашылық үйі «Жас қаламгер» үйірмесінің ұйымдастыруымен өткізілді.

– Шараның мақсаты – мектеп қабырғасында білім алушылардың Абай шығармаларына деген сүйіспеншілігін арттыру. Жарыс екі кезеңнан тұрды. Байқаудың шарты бойынша қатысушылар Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романынан үзінді оқыса, екінші бөлімде жас ақындар ұлы ақынға өлең арнап, еркін тақырыптағы өлеңдерін оқыды. Аудан бойынша он мектептен жиырмадан аса оқушы қатысты. Абай шығармаларын ұрпақ санасына сіңіру әр перзенттің парызы, – дейді аталмыш үйірме жетекшісі Құмар Зиятханұлы.

Кеш қорытындысы бойынша көркемсөз бағытынан Бозанбай орта мектебінен келген Нұрқуаныш Ажар 1-орынды еншілесе, екі 2-орынға І. Айтықов мектебінің оқушысы Беймұрат Гүлнұр мен Қ. Қайсенов атындағы негізгі мектептің шәкірті Хуанышбай Айкүміс лайық деп танылды. Сонымен бірге үш 3-орынды Балалар шығармашылық үйінен Бекболат Қуантқан пен М. Әуезов атындағы орта мектептен Байболсынова Гульнафис, Абай атындағы орта мектебінен Әди Кеңесханов өзара бөліске салды. Ал өз шығармашылығында өрелі өнер көрсете білген Демократ Айгерім 1-орынды иеленді. Екі 2-орынды Бозанбай орта мектебінің оқушысы Әділов Айхат пен І. Айтықов орта мектебінің жас ақыны Нұрбақыт Ерболат қанжығалады, үш 3-орынды бозанбайлық Сабиолла Риза, Т. Тоқтаров орта мектебінен Қабдрахман Айдана, Қ. Қайсенов орта мектебінен Қанатұлы Абай сынды жас ақындар қанағат тұтты. Жалынды жас жеткіншектер сайсына облыстағы БАҚ саласында тынбай тер төгіп жүрген журналистер мен азулы ақындар және білікті актерлер қазылық етті. Сондай-ақ орын иеленген оқушыларға елге кеңінен танымал ақын-жазушылардың түрлі туындылары табысталды.

Кеш соңында қазылар алқасы тарапынан сыни байқауға қатысушы оқушылардың жетекшілеріне сыни пікірлер мен ұсыныстар айтылды.

– Байқау өз деңгейінде әділ өтті. Жарысқа қатысуға ұзақ дайындалдық. Осындай мәдени шаралар жалғасын таба берсе біздің шығармашылығымызды шыңдауға зор мүмкіндік болар еді, – дейді Бозанбай орта мектебінің оқушысы Айхат Әділов.

Кеш соңында жергілікті өнерпаздар Абай әндерінен шашу шашты.