Ұлан ауданында аю малға шапқан

8547
көрілім

Тайынты ауылының тұрғыны сиырын жарып кеткен аюға бір шара қолдану керектігін айтқан, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

– Бір ай бұрын бізге Жоғарғы Тайынты ауылының тұрғыны хабарласты. Ер адам аюдың сиырын жарып кеткенін айтты, - дейді ШҚО орман және аңшылық шаруашылығы бөлімшесі бастығының орынбасары Василий Ткаченко.

Оқиға орнына келген тексеріс өкілдері жануардың терісін, кемірілген сүйек қалдықтарын тапқан.

– Бірақ біз аю сиырды өлтірді деп нақты айта алмадық. Себебі ол өлексені қорек қылуы да әбден мүмкін еді, - деп түсіндірді Василий Ткаченко.

Алайда 9 тамыз күні сол тұрғын жыртқыштың үстінен тағы да шағым түсірген.

– Бұл жолы ер адам өлген жануардың суретін жіберді. Осы жолы малға аю шапқаны көрініп тұр .Өскеменнен Ұлан ауданына тағы да комиссия аттанады. Ірі қаралардың өлексесі демалыс орындарына қарасты Манат жолының жанынан табылған. Соңғы уақытта біздің өңірде аюлардың көбеюі байқалады, себебі бұл жануарды ешкім дерлік ауламайды, – деді Василий Ткаченко.