Ұлан ауданында әкім кубогі сарапқа салынған «Жайдарман» ойындары өтті

1273
көрілім

Қасым Қайсенов кентінде алғаш рет  аудан әкімінің Кубогы үшін «Жайдарман» ойындары өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

14 команда бақ сынаған күлкі мейрамына облыстың бірқатар аудандарының командалары жиылды. Сайыстың жүлде қоры 1-орынға – 100 мың теңге, 2-орынға – 70 мың теңге, 3-орынға – 50 мың теңгені құрады.

«Жайдарман» қорытындысы бойынша 1-орынды катонқарағайлық «Швейцария» командасы иеленіп, үздік атанса, 2-орын Абай ауданынан келген «Сәлем» командасына бұйырды. Ал 3-орынды Өскемен қаласының «Голд» әзілкештер командасы қанжығаларына байлады.

– Қатысушылардың барлығы жеңімпаз деп айтқым келеді. Жастардың әрқашан биікте болуларына тілектеспін. Алдағы уақытта Ұлан ауданында осындай шараларды жыл сайын өткізіп, жүлде қорын одан ары өсірмекпіз. Сонымен бірге жайдарманшылардың да деңгейлері өседі деген сенiмдемiн, – дейді аудан әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Айта кетейік, аталған командалардан басқа Семей, Аягөз, Риддер қалалары мен Ұлан, Көкпекті, Зайсан аудандарының әзілқойлары бақ сынап, Алғыс хаттармен марапатталды.
Данияр ЗАЙНЕЛОВ